Жалға беремін...
– Нені дейсіз?
– Жатырымды.
– Мен ұзақ мерзімге пәтер іздегенмін, сізді түсінбей отырмын?
– Түсінбейтін несі бар, құрсағымды жалға беремін деймін, – деді бойжеткен қатқыл дауыспен.
Апыр-ау, ондай да болады екен ғой?! Ұсынған бағасына бір үй сатып алуға болады. Әлгі жарнаманы қайта қарайыншы. Мен қателескен шығармын, бәлки?! Жоқ, үлкен әріппен «Жатырымды жалға беремін, бағасы пәленбай доллар» деп жазып қойыпты. Сәлден соң әлгі қыз қайта хабарласты.
– Не істейтін болдыңыз? Әйтпегенде сізден де басқа адамдардан сұраныс көп, – деп дүрсе қоя берді.
– Сіңілім-ау, тоқташы. Маған керегі пәтер. Сенің құрсағыңда отбасыммен қалай тұрамын? – дедім сасқан күйі.
Байланыс үзілді...
– Жатырымды.
– Мен ұзақ мерзімге пәтер іздегенмін, сізді түсінбей отырмын?
– Түсінбейтін несі бар, құрсағымды жалға беремін деймін, – деді бойжеткен қатқыл дауыспен.
Апыр-ау, ондай да болады екен ғой?! Ұсынған бағасына бір үй сатып алуға болады. Әлгі жарнаманы қайта қарайыншы. Мен қателескен шығармын, бәлки?! Жоқ, үлкен әріппен «Жатырымды жалға беремін, бағасы пәленбай доллар» деп жазып қойыпты. Сәлден соң әлгі қыз қайта хабарласты.
– Не істейтін болдыңыз? Әйтпегенде сізден де басқа адамдардан сұраныс көп, – деп дүрсе қоя берді.
– Сіңілім-ау, тоқташы. Маған керегі пәтер. Сенің құрсағыңда отбасыммен қалай тұрамын? – дедім сасқан күйі.
Байланыс үзілді...
Бұл әңгіме осыдан бірер ай бұрын орын алды. Қызылорданың "инстаграмдағы" сауда-саттық парақшасында мұндай жарнамалар өріп жүр. Әрі қарадым, бері қарадым. Ақыр соңы ұқпадым. Содан «Гугл» апайдың қызметіне жүгіндім. Беттерді парақтай-парақтай әлденені түсінгендеймін. Әлгі қыздың айта алмай отырғаны – суррогат ана болу екен ғой, тәйірі. О заманда бұ заман өзгеге бала туып беру... Содан бері пәтерді жалға аламын деп басым «дауға» қалған секілді. Енді ойымнан кетер емес. Қалтасы томпайғандар ЭКО-мен амалын тауып «құтыдағы бақытқа» кенеледі. Бірақ экстракорпоралды ұрықтандыру əдісінің өзі бұл мәселені толық шешеді деу қиын. Себебі денсаулығында кінәраты бардың маңдайына мұндай бақыт жазылмаған. Бір перзентке зар болғандар осы тұста суррогат ананың көмегіне жүгінеді. Дегенмен бұл әдіс бүгінде тиімді бизнес көзіне айналып үлгерді. Біздегі «жалдамалы құрсақ» қызметінің дамығаны сонша, тіпті шетелдіктер осында келіп тапсырыспен балалы болуда. Оны қойшы, Қазақстандағы суррогат ана қызметіне деген сұраныс қанша?
Әрине, көңілдің тоқтығынан емес амалдың жоқтығынан осы іске барады дейміз. Әр әйел ана бақытын сезінуі керек дейміз. Қанша жыл сәби иісін аңсаған отбасы балалы болсын дейміз. Осы тұста нені ескермейміз? Өкініштісі сол бедеуліктің белең алғаны. Әрбір жетінші отбасы бала сүюге қауқарсыз. Сондықтан суррогат ананың қызметіне сұраныс өте жоғары. Егер ерлі-зайыптылар денсаулығындағы кінәратына байланысты сәби сүйе алмаса, әйелдің жұмыртқа жасушасы ЭКО процедурасы арқылы күйеуінің биологиялық материалдарымен ұрықтандырылады. Эмбрион дайын болғанда оны үшінші әйелдің, яғни суррогат ананың жатырына салады. «Құрсақ ана» өзгенің перзентін 9 ай бойы көтеріп, дүниеге әкеледі. Әлбетте, бұл қызметі үшін ақы алады. Ал суррогат аналардың 70 проценті мұндай қадамға қаржыдан қысылғандықтан барады екен. Бұл мәселені шешудің оңай жолы болғаны ма? Қаражаттан қысылса неге қызмет етпеске? Адал еңбекпен, маңдай термен келген нан тәтті емес пе? Бір сәтке ойланып көрейікші. Жарайды қарызы бар, пәтері жоқ. Бірақ қаржы ауадай қажет. Амалсыздан осы әдіске жүгінді делік. Тоғыз ай тар құрсағын кеңейтіп, өзінің жанымен, тәнімен көтерген сәбиді табиғаттың құбылысы – толғатып өмірге әкеледі. «Өзгенің баласы» деген принципті ұстанғанымен осынша уақыт аралығында екеуі бірге болды ғой. Өзге білмеген сырды іштегі сәби сезді. Мұңайғанды сырласы болды. Бір тамақты «бөліп» жеді. Ұрық басқаныкі болса да әйелдің гені жатырындағы сәбиге берілетіні тағы бар. Суррогат ана мен «баланың» арасында жақындық болмауы мүмкін емес. Тіпті мұндай аналар босанған соң баланы бергісі келмейді-мыс.
Мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 300 мыңға тарта бала осындай жолмен дүниеге келген. Ал өркениетті елдердің халқы бұл аналардың қызметіне барынша жүгінбеуге тырысады. Себебі олардың пайымында суррогат анаға деген сенім аз. Тіпті біршама елдер баланы жат әйелдің жатырына салып өмірге әкелуге заңмен де тыйым салған. Мәселен Австрия, Норвегия, Швеция, Франция, Италия, Швейцария, Германия және АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» жол жоқ. Ең қызығы Австралия, Ұлыбритания, Дания, Канада, Нидерланды және Американың бірқатар штаттарында суррогат ана қызметіне жүгінуге рұқсат етілгенмен, оларға ешқандай ақы төленбейді. Аталмыш елдерде суррогат ана болатын жан тегін қызмет көрсетуге келісім беруі тиіс. «Бұл артынан бала өмірге келгенде түсініспеушілік пен келіспеушіліктердің орын алуына жол бермейді» деседі мамандар. Ал Малайзия, Израиль тәрізді елдерде суррогат ананың қызметін қолдану үшін әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер мен дін өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылып, мәселе әбден зерттеліп барып келісім беріледі.
Сондықтан сәбилі болуға қауқарсыз шетелдіктер біздің елге ағылады екен. Мұндай көмекке жүгіну үшін әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және іргелес Ресейдің азаматтары көптеп келеді. Алайда «құрсақ ана» қызметінің 85 процентін өзіміздің отандастарымыз пайдаланады.
«Құрсақ ана» қызметі алғаш рет 1980 жылы Америкада тәжірибе жүзінде іске асырылған. АҚШ-тың Иллинойс штатының 37 жасар тұрғыны Элизабет Кейн есімді әйел бір перзентке зар болып жүрген отбасыға бала тауып беруге өз еркімен келіседі. Сынақ алдында екі тарап шартқа отырады. Аталған құжат негізінде Элизабетті табиғи ұрықтандыру процесі жүргізіледі. Айта кетейік, бұл тәсіл кезінде бедеу жұптың өздерінің аналық клеткалары мен ұрығы қолданылған. Алынған эмбриондар дені сау әйелдің, яғни суррогат ананың жатырына салынады. Ол тоғыз ай бойы көтеріп, шарананы дүниеге әкелуге міндетті. Алғашқы сынақ сәтті аяқталады. Он екі мүшесі сау баланы дүниеге-әкелген Кейнге ақшалай сыйақы төленеді. Міне осыдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінде суррогат ананың қызметіне деген сұраныс көбейе бастады.
Кейбір деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде суррогат аналардың арқасында жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болады екен. Ғаламтордағы жарнамаларға қарағанда, тапсырыспен құрсақ көтеру құны 10-40 мың долларға дейін барады. Әрине бұл тәсіл бізде заңмен реттелгенімен, қоғамда қазір екі жақты пікір айтылып жүр.
Тектілікті ту еткен ұлттың ұрпақ сүйем деп тексіздікке жол беруі жөн бе? Ана – қасиетті ұғым. Отан – ана, жер – ана, әйел – ана. Алтын құрсақ – сынақ өткізетін алаң емес. Мұндай жеңіл жолға желікпей ұтымды жолын қарастыру қажет. Дертті емдегенше, оның алдын алған әлде қайда тиімді. Бедеулікке себеп болатын ең көп кездесетін жайттар тікелей қыз-келіншектердің өзіне қатысты.
Соңғы онжылдықта Қазақстанда суррогат ана атану, яғни басқа адамдардың тапсырысымен дүниеге бала әкелу үрдісі қарқын ала бастады. Кім болса да шаңырақ құрып, артына ұрпақ қалдыруды мұрат тұтады. Бақыттың ең үлкені – бала сүю десек, өкінішке қарай нәрестенің үнін есту барлық отбасына бірдей бұйыра бермейді. Дегенмен қазақ мәселені «онсыз» да шешкен.
Көшпелі қазақ қоғамында полигамиялық некеге негіз болған басты себептердің бірі – бала сүю. Бәйбішесі мүлдем бала көтермесе не ұл тумаса, не аурушаң болған жағдайда ері сондай қадамға барған. Кейде өзінің кіндігінен өрбіген баласын етжақын туысының бауырына салып, содан кейін перзентті болып кетуін тілейтін. Тіпті өзінің балалары бола тұра, жетімді бауырына басатындар кездесетін. Алайда қазір мұның бәрі ұмыт болып барады.
Ерлі-зайыпты жетім баланы бауырына баса оның сауабы мол. Дінде бауырының баласын асырап алу деген де бар. Ол жерде тегі ауысып кетпеуіне мән беру керек. Баланың өз әкесінің аты сақталу қажет.
Қазақта жетімдер үйі деген болып па еді? Бұл дінімізге, дәстүрімізге жат нәрсе. Қазақ ешуақытта жетімін жылатпаған. Әке-шешесіз қалғандарды ағайын-туысы қамқорына алатын. Қазір ондай жоқ. Жетім баланы шын ниетпен, өз баласындай көріп өсірсе, туысыңнан да артық болып кетеді. Ерекше мейіріммен, махаббатпен өскен бала жаман болмайды. Тегіне тартады деген шариғатта жоқ, ол тек ырым ғана. Біреу балаға зар, енді бірі баладан безінеді, біреулер жасанды түсікпен алдыртып тастайды. Сорақысы көкектер баласын қоқысқа тастайды. Бұл – қоғамда шешімін тапған өзекті мәселе.
«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді қазақ. Бұл да сондай жағдай. Танып-білмейтін айдаладағы ерлі-зайыптының ұрығын тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің түбінде көтеріп, туып беруге келісудің көксегені – ақша. Басқа не дейсіз? Мұның кәдімгі кәсіпкерліктің бір түріне айналып бара жатқаны туралы талай жазылып та, айтылып та жүр. Естір құлақ, көрер көз, ойланар сана жоқ. Батысқа қарап бой түзейміз деп, ойымызды күзеп алған жоқпыз ба? Мәселе сонда.
Түйін
«Бақыттың» иісін аңсаған әйел, бейкүнә сәби және құрсақ ана. Ұрпақ үшін шашылған ақша мен тоғыз ай өзгенің жатырын күзеткен күндер. Бұл тұйық үшбұрыштан шығу жолы жоқ-ау сірә?! Жарайды, суррогаттық жолмен бала табу демография мәселесін шешеді делік. Сонда шыққан тегінен бейхабар ұлттың болашағы не болмақ?
Айнұр ӘЛИ