Қайырсыз қыз немесе анаға қиянат
Айнаш апаны бала күннен танимын. Таңертеңгілік сабаққа шыққанымда ол үнемі қарсы ұшырасатын. Ол уақытта оның атын да білмейтін едім. Тек көшенің арғы бетінде тұратын өзіммен бір мектепте қатар оқитын Сандуғаштың анасы деп қана танитынмын.
Апаның жүзі сондай жылы. Жанымнан үнемі күлімсіреп өтетін. Бастапқыда тек сәлемімді алып жанымнан ұзап кетуші еді. Кейін әңгімеге тартып, менімен жол қысқартып, жұмысына жетіп қалатын. Бағытымыз бір жақта болған соң, өзім үйден шыққанда "Айнаш апа көрінбеді ғой, деп жан-жағыма жалтақтайтынмын. Тіпті кейде үйден ерте шығып, ол кісі жолықпай қалса, әдейілеп жолын тосып, айналсоқтап жүретінмін. Сонымды көрген Айнаш апа "Мені күтіп тұрсың ба?" деген сыңай танытып, маған мейірлене қарап, қолын бұлғайтын. Мен оқу бітіріп, сырт қалада жұмыс жасап жүргенімде Айнаш апа біздің көшедегі үйін сатып, көшіп кетті дегенді анам айтқан еді. Сонда ішім бір түрлі болғаны бар. Әдетте демалыстан келгенде туыстарымнан бұрын құрақ ұшып, үйге қуана жүгіре келетіннің бірі өзі еді. Сонысына үйреніп қалсам керек.
Қызымен мектепте қатар оқыған соң, мені өз қызындай жақсы көрді. Мен де оны қатты құрметтейтінмін. Айлар өтіп, жылдар жылжыды. Ауылдан алыстағаныма 10 жылға жуықтаған екен. Жуырда тағы ауылға демалысқа келдім. Көптен елде болмаған соң, ата-анам ағайын-туыс, көрші-қолаңды үйге шақырды. Бәрімен бұрынғыша қауқылдасып, әңгіме айтып отырмыз. Барлығының жүзі сондай ыстық. Бәрін сағынып қалыппын. Дастарқан басында жиылғандар өткен-кеткен қызықтарды айтып арқа-жарқа боп отыр. Кенет бізбен жапсарлас тұратын көрші Несібелі апай: "Арамызда Айнаш апа болған да ғой" деді. Дәл осы сөзден соң дастарқан басында емен-жарқын отырғандар аяқ-асты жиырыла қалғандай сезілді. Бірақ бұған аса мән бермедім. Біздің көшеден көшіп кеткенін меңзеген болу керек деп түсіндім.
– "Неге өткен шақпен сөйлеп отырсыңдар, жиналып қалған екенбіз, Айнаш апаны арамызға алдырайық та" дедім мен де тосылмай.
– Қызым-ау, сен естімеген екенсің ғой. Айнаш апаның ана ауылға кеткеніне жылға жуықтады, – деді Несібелі апа. Бөлме іші тынып, біраз уақытқа үнсіздік орнады. Артынан бәрі оның қандай жақсы адам болғанын жарыса айтып жатты. Бірақ сол айтылғандардың ішінде тек "Қызының қиянаты өтті ғой оған" деген сөз ғана құлағымда қалып қойды.
Айнаш апаның қызы Сандуғашпен мектеп кезінде ғана араластық. Онда да анасының ықпалымен. Бірақ ата-анам соны онша жақтыртпайтын. Өйткені Сандуғаш Айнаш апаға мүлдем ұқсамайтын. Тіпті екеуі екі бөлек әлемнің адамдары сияқты еді. Айнаш апаның мінезі жұмсақ, жайдары. Ал қызы дөрекі, сүйкімсіз еді. Тіпті қызға лайық бір ұнамды қылығы жоқ. Мектеп кезінен жеңілтек болатын. Айнаш апа да қызының әр ісінен хабардар. Әйтсе де жалғызы болған соң, жұмсақтық танытатын. Сандуғаштың аузынан боқтық сөз арылмайтын. Сабақ уақытында мектеп дәлізінде ұлдармен жұлысып ойнап, жарбаң-жырбаң етіп жүретін. Мұғалімдердің Сандуғаш десе аза бойлары қаза тұрушы еді. 9 сыныпта мектептің артқы жағында ұлдармен жағаласып темекі тартты. Онысын мұғалімдер байқап, біраз жиналысқа салды да. Бірақ оған Сандуғаштың беті бүлк еткен жоқ. Өйткені оған араша түсетін Айнаш апа бар болатын. Қайтсін, ана байғұс жалғызы болған соң, жұрттың айқайына да, сыпсың сөзіне де амалсыз шыдады. Бірақ қызын қанша тура жолға салуға тырысқанымен одан түк нәтиже шығара алмады. Өйткені Сандуғаш ақыры өзі таңдаған жолдың жетегінде кете барды. "Қызым" деп барын аямаған анасына да алаңдамады.
Бар тапқан-таянғанын жалғызының алдына тосып, бар ғұмырын соның жолына сарп еткен Айнаш апа бейшара халде көз жұмыпты. Ең өкініштісі, анасының ана өмірге аттанды деген хабары қызын қайғыртпаған. "Анаңнан айырылып қалдық" деп барған ағайынға қайырылмаған қыз әлдебір есерсоқтың етегінен ұстап, кете барған.
Осы әңгіменің шет жағасын білсем де, кейінгісінен хабарым болмапты. Дастарқан басында айтылған мына жайттың бәрін естіп, жағамды ұстадым. Адам осынша қайырсыз болар ма еді?! Өз анасынан жерініп, көз көрмес жаққа кеткенде не табады? "Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді" деген сөздің қадірін білмейді-ау, сірә. Болашақта балалары болса, өзін де солай жалғыз қалдырып кетсе, не етер екен?! Осы ойлар үйдегілердің бәрінің көкейінде тұр. Бірақ бірдеңе деп дауыстап айтуға барлығы жүрексінеді. Өйткені кімді қандай тағдыр күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Жоқтан бар жасап, дегенін орындап, мейірімге бөлесе де, түзу жолдан тайқып отырған Сандуғаштың жағдайы кім-кімді де толғандыратындай жай.
Оның осындай болғанына біреуді кінәлі етіп көрсету орынсыз. Әйтсе де бұның бәрі Айнаш апаның "жалғызын шекесінен шертпей, өбектеп өсіргенін де емес пе екен?" деген дүние де сені дүлдәмәл ойда қалдырады екен. Бәлкім біз қателесерміз, алайда даналардан қалған "Қайырылмаған бала қайырсыз болады" деген сөзді бұрысқа еш балай алмайсың.
Айнаш апа дәм-тұзы таусылғанша қызым қайырсыз демепті. Онысына өзгелер өкпе арта алмайды. Өйткені ана үшін баланың орны өзгеше. Анасының етегіне оралып, еркелеп өскен Сандуғашты осы дүние ойландырмағаны өзекті өртейді екен. Өз қолы өз аузына жеткен соң, жақын жанын тағдыр талайына тастап кеткен бала күнгі құрбымның бұл ісі анаға жасалған қиянат емей немене?!
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ