Депутаттар Әйтеке би кентінің сайлаушыларымен кездесуде
Бүгін аудандық мәслихат төрағасы, аудандық партия филиалының төрағасы Әліш Ғазиз, партия филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депуттары Арғын Орымбаев, Ерболат Мұқаш және Есет Табынбаев өз сайлау окургтеріне сәйкес Әйтеке би кентінің сайлаушыларымен кездесті.
Жергілікті тұрғындармен кездесу ең алдымен №249 мектеп-лицейінде басталып, әр депутаттың сайланған аумағына сәйкес №226 мектеп-гимназиясы, №234 орта мектебі, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжі және аудандық Оқушылар үйінде жалғасты.
Әр кездесуге халық қалаулыларымен бірге Әйтеке би кентінің әкімі Мұрат Әбсұлтанов, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары мен бірқатар мекеме басшылары қатысты.
Мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш депутаттар атынан сайлаушыларға мәслихаттың жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасап, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданымыздың білім саласына байланысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Ата-аналарды бала тәрбиесіне мән беруге шақырып, ұстаздарға оқушылардың тәртібі, біліміне назар аударып, олардың құқық бұзушылық әрекеттерге бармауын, қоғамдық тәртіпті сақтауын ескертті.
Ал сайлаушылар тарапынан депутаттарға көшелерді жөндеу, түнгі жарықтандыру, жол белгілерін орнату, жабайы, иесіз ит-мысықтарды аулау, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқсу мәселелері айтылды. Көтерілген ұсыныс-пікірлерге байланысты депутаттар мен тиісті мекеме басшылары тиісті жауаптар беріп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатынын жеткізді.