Тәттінің де уыты болады
Тәттіні жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Әсіресе балалардың арасындағысы ең танымалы біз білетін жұмыртқа тәріздес тәтті, яғни "Kinder" шоколад. Кішкентайлар мұны сүйіп жейді. Дүкеннен көре қалса, сатып алып бермейінше мазаңды алады. Жылаған соң, амалсыз алып бересің. Бала үшін ата-ана бәрін істейді. Үйдегі тоңазытқыштың бір бөлігін осы тәттімен толтырып қоятындары бар. Бірақ бұл тәттінің балаға қандай зиян екендігін ешкім ойланып жатқан жоқ. Білсеңіз, "Kinder" шоколады АҚШ-та балаларға зиянды өнім ретінде ресми түрде тыйым салынған. Әйтсе де оны сатып алу, сатып алмауды, жалпы айтқанда олар таңдауды халық таразысына қалдырып отыр. Бірақ сарапшы мамандар бүкіл әлемге танымал тәттілердің уақыт бомбасы болып табылуы екендігі туралы жиі айтып жүр. Тіпті шоколодтың қауіптілігі туралы жазбалар ресейлік және шетелідік бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын Германиялық Foodwatch компаниясы осы өнімге сынама жасап, нәтижесінде оның құрамында канцерогендер бар екендігін анықтаған. Аты айтып тұрғандай "Kinder surprise"-дың тосынсыйы көпті таңқалдырды. Бұл жайт жай ғана танданысты тудырып қойған жоқ. Жұртшылықты алаңдаушылыққа апарды. Неге дейсіз ғой. Жауап біреу ғана. Біз жақсы көретін тәтті қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін. Сонда қалай? "Kinder surprise" несімен қауіпті? Өнімдердің қауіпсіздігіне жауап беретін бөлім бұл заттың құрамында қауіпті минералды хош иісті майлар бар екендігін айтады. Олар мұнай өңдеу нәтижесінде пайда болатын өнім. Бұл майлар жағымды иіс беру үшін шоколадқа қосылады.
Foodwatch тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының сарапшылары шектен тыс артық қосылған мұндай майлар сынақтан өткізілген 20 өнімнің арасында 3 шоколадтан табылғанын байқаған. Айтуларынша, бұл қауіпті заттар онкологиялық аурулар тудырады екен. Олар өнімнің орамасына да пайдаланылған. Foodwatch өкілі Джон Хиг бұл өнімдерді сатып алмауға шақырды. Сараптама қорытындыларын жария еткен ұйым тәтті өнімді дүкен сөрелерінен алып тастауды сұрағанымен, олардың бұл ұсынысы сатушылар тарапынан қарсылыққа тап болған. Ал Неміс кондитерлік ассоциациясы ұйым тәркілеген қауіпті заттар үшін еш алаңдаудың қажеті жоқ дейді.
Осы тақырып жайында ізденгенімде жоғарыдағы компоненттер тек киндерде ғана емес, сонымен қатар Lindt компаниясы жасаған кәмпиттерде, Ferrero барларында да кездесетіндігін байқадым. Қызығы, мына аталған тәттілер Ресейде сатылмайды екен. Ал біздің дөкен сөрелерінің төрінде бұлар қаз-қатар тізіліп тұр. Әлем сарапшыларының мынадай қорытындысынан кейін мұндай тәттілерді де сатылымнан алып тастауды ойлану керек сияқты. Әйтпесе, баласын тәттімен жұбататын ата-аналар өз қолымен у беріп, кейін өзі уана алмай қалуы ғажап емес. Көпшілік "Тәуекел" бір-екеуін жегеннен не болар дейсің дегенді желеу етер. Бірақ оның салдары сан соқтыратынын да ойлаған жөн. Әлемдік Foodwatch компаниясы да тұтынушыларға мұндай мәселеге салғырт қарамауды сұранады. Өйткені олар гипотетикалық түрде баланың денсаулығы шоколад тәттілігінің салдарынан зардап шегуі мүмкін екендігін таныған. Сондықтан баланың көз жасына қарамастан, мұндай шоколадтан бас тартқан дұрыс.
– Расы керек, балам тәттіні жақсы көреді. Тіпті өзіміз ересек болсақ та, кейде баламен таласып жатамыз. Өйткені киндердің дәмі өзгелерден ерек. Балама басқа тәттілермен бірге берсек, арасынан тек соны таңдап жейтіні де содан болса керек. Бірақ мейлінше көп бермеуге тырысамын. Жалпы қандай тәтті болмасын ағзаға зиян. Шектен тыс тұтынудың салдары да қандай боларын білемін. Бірақ ара-тұра бергенде ештеңе жоқ деп ойлаймын, – дейді ата-ана Айгүл Орынбаева.
Желіде тәттіге қатысты екіұдай пікір айтылуда. Біреуі бұл зерттеу біржақты жүргізілген дейді. Яғни, адамның денсаулығына қауіпті екендігін растайтын нақты дәйек жоқ, сондықтан айтылғандардың бәрі далбаса дегенді алға тартады. Бәлкім солай да шығар. Бірақ бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын білу керек. Өйткені тәттіден тіл уылып қоймай, уытынан айықпас дертке ұшырауңыз әбден мүмкін.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ