Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәттіні таңдауға да талғам керек

Тәттіні таңдауға да талғам керек

Жасыратыны жоқ, балалардың бәрі дерлік тәттіні жақсы көреді. Дәмді шоколадтан, торттан, мармеладтан бас тартатын баланы табу қиын.Бірақ қазір сол кішкентайлардың тұтынатын өнімдерінің түрі мен түсі, тіпті татымы да көңіл көншітпейді. Осындайда өскелең ұрпаққа арналған тағам жылтыраған жапсырмасынан бөлек, пайдалы немесе зиянды емес тамақтану функциясына ие болуы керек емес пе еді? – деген ойда қаласың.
Расымен қазіргі кезде дүкен сөрелерінен кез-келген баланы еріксіз еліктіретін сан алуан тәттіні жиі кездестіріп жүрміз. Мұндай өнімдер келушілердің назары тез түсетін, сөренің алдыңғы бөлігіне орналастырады. Бұл сатушылардың дүкенге келетін кішкентайларды өздерінің тұрақты тұтынушысына айналдыруға ойлап тапқан амалы десек жарасатындай. Балалар дүкенге кіргеннен-ақ, көз алдындағы түрлі жылтырақ қағаздарға оралған, жылан тәріздес, өрмекші, зұлым құбыжық тектес, тіпті адамның тісі секілді тәттілерден айналып өте алмайды. Ал ата-ана бала көңілі үшін не істемейді, әрине сатып алып беруге мәжбүр. Кент тұрғыны Әйгерім Мырзагелдиева да кішкентайларының көңілін қимай, қыздары сұраған тәттілерін алып беріп жүргенін айтады.
– Менің бес, жеті жастағы екі қызым бар. Өздері тәттіге ерекше құмар. Әсіресе мармеладты сүйіп жейді. Қыздарымның арқасында мармеладтың түр-түрімен таныспын. Жақында дүкеннен тіс, жылан, құрт тәріздес мармелад алып келуімді сұрады. Өзім бұрын-соңды көрмеген соң, не айтқандарын түсінбедім. Дүкенге барып, қыздарым айтқан әлгі тәттілердің түрін сұрасам, сатушы сөренің алдыңғы жағын меңзеді. Қарасам, кәдуілгі адамның тісіне ұқсайды. Таңғалғанымнан: «Мынауың шынымен мармелад па, адамның протез тісі болып шықпасын», – деппін. Сатушы қарап тұрмай: «Тіс емханасымен шарт орнатқанбыз» деп қалжыңдады. Қыздарым телефонға тыным бермей, тапсырыстарын сұраумен әлек. Не керек, қыздарымның сұрағаны болған соң, амалсыз алдым. Үйге келсем, отағасы көріп, жағасын ұстады. «Мынау не бәле, осындайда тәтті болады екен-ау, таста қоқысқа» деді шошып. Расымен түрі қолайсыз. Бұрын қалай байқамағанымды білмеймін. Оның үстіне құрамы қандай екені де беймәлім. Қыздарымның көңілін жықпай, не сұраса алып беретін болыппын. Артынша жолдасым жаныма жақындап: «қыздар сұрады екен деп әр нәрсені алып беруді қойсаңшы, ана бәленің түрінен бала түгілі үлкен шошиды. Қыздарға түсіндір, ондай қажетсіз дүниелерге әуес болмасын», – деді. Содан кейін қыздарымның көңілі түспесін деп түрі сүйкімсіз тәттілерді көзсіз алып беруден аулақпын, – дейді қос қыздың анасы.
Психолог мамандар ата-аналардың тарапынан мұндай тәттілерге цензура болуы керек деп есептейді. Неге десеңіз, қорқынышты кейіптегі дүниелер баланы мейірімсіз ететін көрінеді. Олардың айтуынша, осындай көріксіз заттардың кесірінен бала бойындағы сүйкімділіктің аурасы зұлымдыққа ауысады екен. Балалардың балалық шағын ұрлайтын реңсіз, қолайсыз тағамдарды сатып алмастан бұрын, оның бала денсаулығы мен психологиясына әсері болатындығын әрбір ата-ана ойланғаны жөн екенін айтады.
Қоғамдық денсаулықты сақтауда кез-келген өнімді тұтыну дұрыс емес екендігін бәрі біледі. Десе де кейде осындай маңызды дүниелерге көпшілігі ден қоя бермейді. Мұны Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары да растап отыр.
– Баласына тәтті алып бермейтін ата-ана жоқтың қасы. Бірақ оның негізгі құрамын білмей, тұтыну дұрыс еместігін айтқымыз келеді. Мүмкіндігінше арнайы зертханаларға апарып тексерткен жөн. Бізде белгіленген тағам түрлері ғана сынамадан өткізіледі. Ал мармелад сынды қиын қоспасы бар тәтті өнімдерге облыс орталығындағы зертханада сараптама жасалады. Өнімнің құрамын арнайы орталықта сараптамадан өткізу мүмкін болмаған жағдайда оның сапасын тексерудің қарапайым әдістерін қолдануды естен шығармау керек. Яғни, тұтынушы өнімнің түрі мен түсіне, иісіне мән берсе, қарапайым әдіс арқылы да сапасыз өнімнен сақтануға болады. Сараптамадан өткен өнім белгілі бір нормаларға, стандарттарға сай болмаса, заң талаптары бойынша шара қолданылады. Тіпті қауіпті тауарды сатқан сауда нүктесінің жабылуы да мүмкін. Әзірге өңірде мұндай оқиға тіркелген жоқ, – дейді сала маманы Гүлбану Сражадинова.
Балаңыз өзіне таңсық дүниені талғажау етіп жүрсе, одан тартынғаны абзал. Себебі түсініксіз тәттіге құмарлық оның денсаулығына да, психикасына да кері әсерін бермей қоймайды. Сондықтан балаларымызды татымы жоқ, тартымсыз тәттіге талғаммен қарауды үйретейік.


Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
19 ақпан 2023 ж. 635 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031