Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егістіктегі еселі іс

Егістіктегі еселі іс

«Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктесігіндегі ер азаматтар көп сөзге жоқ. Бірақ шаруаларына мығым кіл мықтылар десек артық айтқандық емес. Шеттерінен өз ісіне тиянақты нағыз еңбекқорлар қатарынан. Сондай жүктелген тапсырманы тастүйін орындайтын маманның бірі – аға механик Жеткер Ізтілеуов. Оның дала төсінде тер төгіп, ел ырысын күтіп-баптауға атсалысқанына да 33 жылға жуықтапты.
– Мектеп қабырғасында жоғары сыныпта бізге «Трактор» деген арнайы сабақ өткізілетін. Сонда барлығымыз сол пәнге үзбей қатысамыз. Онда трактордың ішкі құрылысы неден тұрады, оны қалай жөндеу керек, қалай оталдыру және тізгіндеу қажеттігі сынды шаруашылықта қажетті техникалық әдістерді үйрететін. Екінші жағынан отбасында әкем механизатор болғандықтан тракторды тізгіндеп, оны меңгеру маған оңайға тиді. Дегенмен мектепте орыс тілі мен химия пәндеріне аса мән беріп, қызығып оқыдым. Алайда қалаған оқуыма түсе алмағандықтан ауылға оралып, егінжайға атсалыстым, – дейді Жеткер Алдажарұлы.
Оқудан жолы болмаған бозбала елде аласапыран тоқырау басталар тоқсаныншы жылдары сол кездегі Энгельс совхозында трактор айдаған. Кейін совхоз атауы өзгеріп, ауылдар өз алдына бөлініп, ұжымшар құрады. Өкінішке орай техниканың аздығынан ба, әлде қаражаттың жоқтығынан ба құрылған шаруашылық банкротқа ұшырайды. Әуелгіде жеке шаруашылықтың тракторын айдап жүрген оны кейін Қожабақы ауылындағы егін алқабына шақырады. Мұнда күші тасып тұрған жас жігіт алғашында «МТЗ-80» тракторын тізгіндеді. Сосын шөптерді жүк көлігіне тиейтін көлікті меңгерді. Науқанның қызған шағында тыңайтқыш тиеп, жер жыртумен айналысты. Көктем мезгілінде егін егуге атсалысып, «К-700» жүргізді. Күзгі уақытта өнімді жинап алуға «Енисей» комбайнының кабинасына енетін.
– Жеткер техниканы жақсы меңгерген. Осы шаруашылықта жүріп, барлық сатысынан өткен. Сол уақыт аралығында жан-жақты тәжірибе жинады. Жұмысына тиянақты. Артық сөзі жоқ. Кезінде атқарған істеріне және қабілетіне қарап, ішкі жұмыстарға слесарьлыққа алдық. Сосын механик болды. Кейін аға механиктік орынды шаруаны шыр айналдырады деген сеніммен ұсындық.
Қазір гараж меңгерушісі ретінде серіктестіктегі барлық техникаға жауап береді. Басшылық тарапынан астына арнайы көлік бөлінілген. Себебі қарамағымдағы ротациялық кестеге сай барлығы 1800 гектар тегістелген жерге 5 ауыспалы егістік орналасқан. Сондағы көліктердің ақаусыз жұмыс істеуіне осы маман ықпал етеді. Ол Кез келген техниканың қандай жағдайда тұрғанын бірден дөп басып біледі. Тіптен оталып тұрған машинаның дауысынан-ақ қай жерінен бұзылғанын таниды. Ақауын тез жөндеп береді. Қандай қосалқы бөлшектер қажеттігін жеткізеді. Дала жұмысының алға басуына септігін тигізіп келеді, – дейді «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агроном-бригадирі Кеңес Шайық.
– Осы шаруашылықта жүріп, әскерге барып азаматтық борышымды өтедім. Шаруашылықтың жолдамасымен арнаулы кәсіптік техникалық училищеден механизаторлық кәсіп алып шықтым. Бүгінде осы қызметімнің игілігін көріп отырмын. 2017 жылы «Озат комбайншы» атағына ие болдым. Қомақты сыйақы табысталып, тарту таралғылар ұсынылды. Осы күні шүкір егінді төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алдық. Енді жер айдалып, көктемгі егіске әзірлеудеміз. Қысқа қамданып, техникаларды тексеріп, жөндейміз. Себебі келесі егінжайға сақадай-сай дайын болуымыз керек. Бұйырса келесі жылы да егін бітік шығып, ырыс мол болуына бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз, – дейді аға механик Жеткер Ізтілеуов.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
04 қараша 2023 ж. 357 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30