Озат сушы Орақбай
Ақ егіс – ерте егіп, кеш жиналатын бидай, арпа, сұлы дақылдары. Көнекөз қариялардың айтуынша, ертеде ақ егісті мал-жаны бар ауыл-аймақ еккен. Оның ішінде бидайдан жасалған тағамы бар отбасын дәулетті, бай деп есептеген. Тары шаруашылығымен көбінесе шаруа адамы айналысқан, тары тіршіліктің күнкөрісі үшін егілген. Қазақ диқандары егіс атаулыны ақ егіс және көк егіс деп екі үлкен топка бөлген. Ақ егіске, жоғарыда аталғандай арпа, бидай, сұлы тәрізді дәнді дақылдары, ал көк егіске тары, жүгері, күріш дақылдарын жатқызған.
«Бірді сепсең жерге мыңды берер елге» деген. «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дала төсінде ақегіс сушысы Орақбай Құдайбергенұлы 25 жылға жуық тер төгіп келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қарапайым жұмысшылықтан еңбек жолын бастады.
– Егіннің қай-қайсысы да оңай шаруа емес. Әрқайсысының өзіндік бейнеті болады. Оны күтіп-баптау қажет. Ең әуелі таңнан Аллаға сыйынып, бастаймыз. Диқаншылықпен айналысу таза еңбекті талап етеді. Мәселен, күрішке су болмай қалса, ең қиыны сол. Ал жоңышқа мен бидайды бір суарып, күтіп отырамыз. Бидай бас алып, дәнді байлап қойғанда жаңбыр жауып кетсе, басы түсіп қалады. Іштей тілеп жүреміз. Ауа райы өзгермеуін қалаймыз, – дейді Орақбай Жолдыбаев.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген. Тәжірибелі ақегіс сушысы Орақбай Жолдыбаев өзіне бекітілген 56 гектар бидай алқабының әр гектарынан 10,6 центнерден барлығы 597 центнер өнім жинады. Ал 63 гектар жерге жоңышқа егіп, одан 5745 пресс шөп орып алды. Осындай еңбекқор жұмысшылардың арқасында агроөркендіктер жылдағы дәстүр бойынша биыл да бітік егін жинады.
– Біз әрбір өнімнен жоғары көрсеткіш көрсеткен диқаншыларымызды бағалы сый-сияпатпен көтермелеп тұрамыз. Солардың қатарында Орақбай да көрініп тұр. Өткен жылы да жақсы нәтижемен егін орағын аяқтағаны үшін басшылық тарапынан екі дөңгелекті мотоцикл тарту етілді. Биыл да еткен еңбегі еленеді деген үміттеміз. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Жалпы Орекең ер мінезді екі сөйлемейтін азамат. Жұмысына мығым. Ұжым арасында ерекше сый-құрметке ие. Тапсырылған істі уақытылы орындайды, – дейді ақегіс бригадирі Мейрамбек Жәми.
Шаруашылықта егін орағы қарқын алып келеді. Осы уақытқа дейін 656 гектарға жуық салы орылып, оның 94 гектары бастырылған. Өндірілген өнім әрбір гектардан орта есеппен 50 центнерден өнім алған. Серіктестікте 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде қосымша 25 адам еңбекке тартылады. Еңбек адамын ынталандыру шаралары да жақсы жолға қойылған.
Іскер басшы Медеу Есқожаев басқаратын «Агро-Өркен» ЖШС ауылдың мәдени-рухани дамуына да қолдау көрсетіп тұрады. Бүгінде шаруашылық басты науқан – егін жинаумен айналысуда. Соңғы күндері жауған жаңбырдың салдарынан 750 гектар жерге егілген күріштің 94 гектарын жинауды қолға алмақ. Осы күні маңызды жұмыс қарқынды жүруде. Оған ауылдың қысқа дайындық қаракеті ұштастырылуда. Ауылда тұрған соң тұрғындар төрт-түліктен ұстаудан қол үзген емес. Бұл орайда шаруашылық өз тарапынан көмек беруді үрдіске айналдырған. Қазір 70-80 мың жоңышқа жиналса, соның 5-6 мыңы жұмысшыларға берілді. Ал 3-4 мыңы ауыл ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға тегін түсірілді. Сайып келгенде, шаруашылық егін орағын ұтымды ұйымдастырып, егін алқабындағы дәнді төкпей-шашпай жинап алуға бекем бел буған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА