Жанкентім – жақұт мекенім
Исі қазақтың қарашаңырағы, түп-тамыры ауыл екенін даусыз. Береке мен бірліктің нышанына баланатын елді мекендегі еңселі істер ескеріліп, туған жерге тағзым ету үшін төл перзенттердің бас қосқаны қандай көрікті көрініс?! Осы мақсатта игіліктің тұрағына айналған Өркендеу ауылдық округінде жақында ел азаматтарының, ауыл жастарының бастамасымен «Ауылым – ақбоз мекенім» атты ұлан-асыр жиын өтті.
Жанкенттіктердің қуанышымен бөлісуге арнайы Мұхтар Оразбаев бастаған Қазалы ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов пен қатар бірқатар азаматтар келді.
Ауыл төрінде орын алған мерекелік шараның алғы сөзін аудан әкімі алып, бірлігі бекем, тірлігі тиянақты ауыл жұртын мерекемен құттықтады.
– Туған жер – адам баласының кіндік қаны тамған, жанына, жүрегіне жақын, қимас сезімге бөлейтін алтын ұясы. Ауылына елең етіп, мойын бұрмайтын адам кемде-кем.
Жанкент ауылы – Түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт бабамызбен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз мекендеген киелі өлке. Мұндағы халықтың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Баршаңызды бүгінгі ауыл күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді М.Әуесұлы.
Игі тілектен соң аудан басшысы ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Іс-шара ары қарай Өткелбай Жолмырзаев, Есенкелді Мәлиұлы және Аманжол Қалыбайұлы және Жанкент ауылының қамқоршы қызы Сәрсенгүл Әлімжанқызы сынды азаматтардың жылы лебізі мен өнерпаздардың әуезді кешіне ұласты.
Ауыл тойын қос палуанның күш сынасуынсыз елестету тіпті мүмкін емес. Өркендеуде ауыл күніне орай өткен шарада жасөспірімдер арасында аудандық грек-рим күресінен турнир өтті.
Аталған спорт түрінен аудан жастары кенде емес. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық білек күшін сынар күресте талай жас жүлделі оралған. Бұған дәлел кейінгі буынның ауыл күніне орай өткен турнирге қатысуға ниетті жастар саны болмақ. Дәлірек айтсақ, мұнда боз кілемде белдесуге елуден аса жас спортшы қатысқан.
2009-2011, 2012-2013 жылғы жасөскіндер арасында өткен сайыста жеңіл, орта және ауыр салмақта сынға түсті. Нәтижесінде, жеңіл 21 килограмм салмақта Біржан Сағидулла бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға Мирас Отанбек жайғасса, үшінші орынды Әрімхан Панабек пен Дінмұхаммед Әріпбай місе тұтты.
Орташ, 41 килограмм салмақта алысқан палуандар жарысының қорытындысы бойынша, бірінші орынды жанкенттік Ермұхаммед Іскендір иеленсе, екінші орынды Ерсұлтан Сағидулла алды. Ал үшінші орынға Әйтеке би кентінен Кеңес Жеңіс пен өркендеулік Жарасхан Қашқынбай жайғасты.
Сондай-ақ 62 килограмм, ауыр салмақтылар арасындағы бәсекеде Әйтеке би кентінен келген Санжар Омарғазы қарсыластарынан мықтырақ екенін дәлелдеп бірінші орынды алды. Екінші орынды Ахмет Бегімбай алса, үшінші орынды Ерсұлтан Нұртуған мен Дамир Күнекеев бөлісті. Басқа да палуандар әртүрлі салмақ бойынша күш сынасып, лайықты орындарды иемденді.
Айта кетейік, сайыста әрбір он түрлі салмаққа жетпіс мың теңге қаржылай бәс тігілген.
Қазақы ұлттық спортты – ұлылығына балаған жанкенттіктер қандай мереке болмасын жастар арасында қызықты жарыс ұйымдастырып келеді. Бүгін де ауыл күні қарсаңында тұрғындар әртүрлі спорттық сайыстарда өзара бақ сынады. Мұнда жастар батпан көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тарту, ләңгі тебу, қой көтеру, қол күресі бойынша өзара күш сынасты. Әрбір ауылішілік жарыстың жеңімпаздары 30, 20 және 10 мың теңге көлемінде сыйақы иеленді.
Онан соң көпшілік асыға күткен ат дүбірі де естілді. Яғни, «Аламан», «Ауыл тайлары», «Құнан» және «Арғымақ тай» бәйгесі басталды. Облыстық, жоғары деңгейде ұйымдастырылған жылқы жарысына Шымкент, Сырдария қаласы, сонымен қатар Жалағаш, Шиелі аудандарынан бақ сынауға жүйріктер келді.
Алғашқы 6 шақырым, 2 айналымнан тұратын «Ауыл тайлары» бәйгесінде бірінші орынды Нұрберген ерттеп мінген «Сағым сары» есімді тай жеңіп алды. Ал екінші орынға Оразханның «Қашаған қарасы» жайғасса, үшінші және төртінші орын «Гүлсары», «Бақтөбел» есімді ауыл тайларына бұйырды.
Одан кейінгі кезекте, дәл сондай қашықтыққа шапқан «Арғымақ тай» бәйгесінде жүлделі бірінші орынды лахалылық Оразханның «Қозыкүреңі» алса, екінші орынды Шиелі ауданынан келген Ұлан шабандоздың «Қазына» есімді жүйрігі иеленді. Ал үшінші, төртінші орынды жалағаштық «Қарабай» мен қожабақылық «Ханшайым» атты тайлар місе тұтты.
Мұнан соң, 12 айналым, 6 шақырымнан тұратын «Құнан» бәйгесінде бірінші орынды Шиелі ауданынан келген «Үміт» құнан иеленсе, екінші орынды жаңақорғандық «Мустанг» есімді күрең қара, ал үшінші және төртінші орындарды Бекарыстан би ауылының «Самал» торысы мен Жалағаш ауданының «Айтөбелісі» қанағат тұтты
Соңғы әрі 8 айналым, 24 шақырымға шапқан «Аламан» бәйгесінде көпті басып озған Қызылорда қаласының «Буджал» жүйрігі бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар шымкенттік «Жүлдегер» екінші орынға жайғасып, үшінші және төртінші орынды Құмжиек ауылының «Қызылторысы» мен Жанкент ауылының «Көзмоншағы» бөліске салды.
Айта кетейік, Қожабақы елдімекеніндегі «Нұра» жерінде өткен ат жарысының жеңімпаздарына жалпы жүлде қоры 3 миллион 500 мың теңгені құрайтын сыйақы бөлініп, берілді.
Кешкілік ауылда облыс және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет орталығы және Өркендеу ауылдық округінің мәдениет үйі өнерпаздары ауыл орталығына жиналған жұртқа әуезді ән айтып, би билеп, керемет кеш сыйлады.
Кеш соңында көздің жауын алар, түрлі түсті от-шашу жағылып, ауыл көгін көріктендіре түсті. Қос күнге созылған ауыл тойының жоғары деңгейде өтіп, көңілінің бірлегенін айтқан ауыл тұрғындары дән риза.
– Бүгін міне көптен күткен ауыл күні, ауыл тойы екі күнге ұласып, мәресіне жетіп жатыр. Барлығы керемет, жоғары деңгейде өтті. Қазақта «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген жақсы мақал бар. Мұның барлығы сол ынтымағы жарасқан, мызғымас сабырлығы мен бірлігі артқан ауыл тұрғындарының арқасы деп білеміз. Оның ішінде ерекше атап өтер болсақ, ауыл күнінің тиісті деңгейде өтуіне мұрындық болған Өркендеу ауылдық округінің әкімі Қожахмет Қуанғали мен ауылдық клуб әдіскері, осындағы «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы Талап Мурзалиев және Едіге Дабыловтарға шексіз алғысымызды білдіреміз, – дейді ауыл тұрғыны. Осылайша қос күнге созылған ауыл тойы мәресіне жетіп, көпшілік қимастықпен тарқасты.
Серік АҚМЫРЗА