Ел сенімін ақтар азамат
Әне-міне дегенше көптен күткен саяси науқан да аяқталып, нағыз ел сенімі мен үмітін ақтар азамат – Қасым-Жомарт Кемелұлы халық жүрегіне жол тауып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Тиісінше жеңістің қуанышына ортақтасар азаматтар да көп болды.
Енді міне, бүгін ел лидерінің инаугурация, яғни мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін салтанатты рәсімі де келіп жетті. Баршамыз көгілдір экраннан тамашалаған ҚР Президентін ұлықтау шарасы жоғары деңгейде өтті. Әсіресе Президентіміздің сол шарада сөйлеген сүбелі де сенімді сөздері жұртшылық жүрегіне жылу сыйлап, одан әрі рухтандыра түсті.
– Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады, – деді ел Президенті.
Одан бөлек, ел тұрғындарының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік екенін де атап өтті.
Талайлы БӨРҚҰЛАҚОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы