Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭС-ке қажетті мамандарды дайындауға 10 жыл керек – ғалымдар

АЭС-ке қажетті мамандарды дайындауға 10 жыл керек – ғалымдар

Соңғы 2 жылдың ішінде энергетика саласына 2 мыңнан астам маман дайындалды. Семей полигонының зардабын әбден тартқан халық осынау алып қондырғыдан әлі де қорқады, оның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Одан бөлек Чернобыль апаты да елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Өзге де электр энергиясын өндіретін қондырғылармен салыстырғанда АЭС салу, оны сақтап, жұмыс істету деоңай шаруа емес. АЭС-ке отын ретінде уран пайдаланылса, Қазақстан уран өндіруден дүние жүзі бойынша бірінші орында тұр, қорының көлемі жағынан - екінші орында. Ғалымдар халықтың санасындағы қорқынышты сейілту керек деп санайды. Өйткені, атом электр станциясына қолданылатын отын қазір мүлдем басқаша дайындалады және жарылыстың болу қаупі жоқтың қасы. Тек оны қоғамға дәлелді түрде түсіндіру қажет.

«Оның қаншалықты қажет немесе қажет емес екенін қарапайым халық түсінуі керек. Алдымен тарихқа үңілейік, 1948 жылдан бері атом элекр станциясы жер бетінде жұмыс істеп келе жатыр. Қазір 2022 жыл. Қарап отырсақ, көбі апат жайында айтып, радиацияның қоршаған ортаға таралуынан қорқады. Бірақ осы тұрғыда мынаны ескеру керек. Негізінен үш үлкен апат болды: Чернобыль, АҚШ, Жапония. Ол кезде салынған атом электр станцияларында реактордың буыны қандай? Яғни ол қандай сатыда болды? Ал қазір қандай? Осы тұрғыда мемлекет, ғалымдар соңғы 3+ буындағы реакторларды қарастырып отыр.

Өзіміздің Қазақстанға келсек, Ақтауда атом электр станциясы жұмыс істеді. Ол жерде 20 жыл БН-350 реакторы жұмыс істеді. 1997 жылы жабылды. Бізде генерациялық энергия көзі тапшы. Күн сайын электр қуатын тұтынушылар көбейіп жатыр. Генерациялық қуаттың 70 пайызы жылу электр станцияларынан алынады. Ал бұл станциялар қатты органикалық отынды пайдаланады. Бұл жерде екі жағдайды ескеру керек. Біріншісі - экологиялық, екіншісі - экономикалық», - деді Электроэнергетика және электротехника институтының директоры Жұбанышбай Әбдімұратов.

Қазіргі уақытта жер шарында 32 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Тағы 19 мемлекет АЭС салуды жоспарлап отыр. Жақын маңдағы Беларусь, Армения, тіптен Өзбекстанда да АЭС салу жобасы бар. Ұзақ жыл талас-тартыс, пікір-сайыстан соң ақыры салынатын болып шешілген атом электр сатанциясының орны Балқаш көлінің маңында деп белгіленді. Ғалымдардың пікірінше, АЭС іске қосылса қуатты көп қажет ететін елдің оңтүстік өңірін толықтай қамти алады.

«АЭС-тан 1кВТ тоқты шығару үшін 2 мың доллар қаржы жұмсалады. Ал одан өндірілетін тоқтың тарифі туралы айту өте қиын әрі ерте. Бірақ ол кезде тариф қымбаттамаса, төмендемейді. Мұның екі жағы бар, қымбаттатсаң халыққа ауыр тиеді, бағасын өсірмесең өндірушіге қиын. АЭС салу көмір және судан өндірілетін станциялармен салыстырғанда екі есе қымбат. Бірақ АЭС іске қосылса, оның тиімді жақтары өте көп. Көмір қоймасы керек емес, газ қорын сақтаудың қажеті жоқ, көмір қышқыл газын шығармайды. Мәселен, 1 кг метан жанғанда одан 4 кг су буы бөлінеді. Ал АЭС-тан ондай зиянды зат бөлінбейді. АЭС салынғанда қазір елде өндіріліп жатқан қуаттың 25%-ын қамтамасыз ете аламыз. Бізде жылына 100 миллиард кВТ/сағат өндіріледі. Егер елде үлкен АЭС салынған жағдайда жылына 40 миллиард кВТ/сағат тоқ өндіріледі», - деді техника ғылымдарының докторы, академик Бірлесбек Алияров.

Ғалымдар мұндай стратегиялық станцияда жұмыс істейтін мамандарды дайындауға 10 жыл уақыт кетеді деп санайды. Ел көлемінде энергетик мамандарды дайындайтын жалғыз ЖОО бар. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті басшыларының айтуынша АЭС-ке қажетті инженерлерді қазірден бастап шетелде тәжірибеден өткізу керек.

«Соңғы 2 жылдың ішінде энергетика саласына 2 мыңнан астам маман (бакалавр) дайындалды. 250 магистрант білім алып шықты. Ал былтырдан бастап университетте «атом электр станциялары» деген оқу бағдарламалары арнайы ашылды. Атом электр станциясында жұмыс істейтін мамандардың тек 20 пайызы ғана аса күрделі реактормен жұмыс істейді, яғни станцияның ең ішкі күрделі істерімен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, АЭС қауіпсіз. Одан қорқудың қажеті жоқ, әрі оған қолданылатын отынның да құрамы өзгерген. Мәселен Франция электр қуатының 70 пайызын осы атом электр станциясынан алады. 1948 жылдан бері 75 жылға жуық уақыт өтті. Содан бері үш рет жарылыс болды. Жапониядағы жарылысқа цунами себеп болды. Бірақ әлемнің 30-дан астам елі бұл станцияны әлі күнге қолданып келеді, есесіне ол мемлекеттерде тоқтың жетіспеушілігі мен экология мәселесі айтарлықтай шешілген», - деді Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің доценті Жұбанышбай Сүйноллайұлы.

Ғалымдар елде мүмкіндіктер бола тұра, АЭС-ті әлі күнге салмау үлкен қателік деп санайды. Жалпы атом электр станциясын салу туралы жоба 1997 жылдан бері айтылып келеді. Одан бері 25 жыл өткенмен, жұмыс сол қалпы басталмады. Президент Тоқаев жуырда АЭС жобасын зерделеуді, оның елге өте қажет екенін айтты. Қазақстан халқы демографиялық тұрғыда көбеюінен және әр адамның қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін электр энергиясын көп мөлшерде тұтынуға мүдделі. Ал қажеттіліктен құтылудың жолы - дамыған елдердің жолына түсу.

«Еуроодақтың қоршаған ортаны ластау бойынша салатын салықтары бар. Ол өте жоғары, үлкен көлемдегі салықтар. Яғни жылу электр станцияларынан шығатын зиянды заттардың көлеміне қарай 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлейміз. Біз не істеуіміз керек? Энергетикалық генерациялық қуатты көбейтуіміз керек. Қалай көбейтеміз? Жаңартылған энергия көздері арқылы. Оған генерациялық қуат көзі ретінде атом электр станциясын айтар едім. Бұл жерде екі мәселеге көңіл аудару керек: атом электр станциясында біз отын ретінде уранды қолданамыз. Нақтырақ айтқанда ураннның изотоптары. Ал ол бізде бар. Жер бетіндегі уран қорының 14 пайызы Қазақстанда бар. Біз 32 мемлекеттегі 439 реактордың жұмыс істеуіне қажетті 40 пайыз уранды экспорттап отырмыз. Қазақстан уранды шикізат ретінде емес, дайын тауар ретінде жіберіп отыр. Ал жылу электр станцияларына көмірді жеткізу, қойма сияқты мәселелер өте көп. Ескере кетерлігі, жаңағы изотоптардың ыдырауына қарап біз қанша қуат қажет екенін басқарып отыра аламыз», - деді сарапшы.
16 қараша 2022 ж. 304 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031