Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭС: Үрей мен үміт

АЭС: Үрей мен үміт

Қоғамда АЭС салуға қарсылық танытушылар да, қай жерді таңдаған жөн дегенге қатысты пікір білдірушілер де көп. Осы тұста «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай:
– Менің ойымша, АЭС салуға қауқарымыз әзірше жетпейді. Бұл мәселені барлық қаупін және мүмкіндіктерін анықтап қана қолға алу керек. Оған қоса бізде эколог мамандар тапшы, – дейді.

АЭС туралы түсінік
Ядролық реакторда бір жыл пайдаланылған уран алмастырылып отырады. Отын бірнеше жыл бойы суытылып, ерітіп қайта өңдеуге жіберіледі. Химиялық экстрация нәтижесінде уран мен плутоний бөлініп шығады. Олар қайтадан отын өндіру үшін пайдаланылады. Осы үдерістерден кейін бөлінген қалдықтардан еріген шыны дайындалады. Шыныдан қоршаған ортаға зиян келтіретін радиоактивті элементтерді бөліп алу мүмкін емес. Сондықтан, оларды арнайы жер астындағы терең қоймаларда сақтайды.
Жалпы АЭС-тің кемшілігін жұрт жақсы біледі. Алайда артықшылығын сөз етпейді. Ендеше ядролық энергияны әзірлеушілер атом электр станцияларының артықшылықтарына назар аударалық. Жуырда дүниежүзілік ядролық қауымдастығы қызықты ақпарат жариялады. Олардың айтуынша, АЭС-те 1 гигабайт электр қуатын өндіруде қаза болғандардың саны дәстүрлі жылу электр станцияларына қарағанда 43 есе аз. Сонымен қатар электр энергиясын өндіру арзан, әрі газбен жұмыс істейтін 1000 Мвт қуатқа ие электр станциясы атмосфераға жылына 13 мың тонна түтін, көмірмен жұмыс істейтін электр ­станциялары 165 тонна зиянды түтін шығарады. Оған қоса 1000 МВт қуатқа ие ЖЭС жылына 8 миллион тонна оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді. Жоғарыдағыдай зиянды түтін шығармайды.
Сондай-ақ ЖЭС-ті құру үшін ірі көмір не газ кен орындары керек. Оларға көмір мен газ жеткізу көп қаражатты қажет етеді. Ал АЭС-ке қажетті уран бір жүк машинасымен ғана әкелінеді. Қолданылатын отын, қайта өңделіп одан тағы да отын ретінде пайдалануға болатын көрінеді.

Қажет су қайда бар?
Жұрт АЭС жобасынан бас тартуды көздемейді. Өйткені ерте ме, кеш пе, атом энергиясын пайдалануға мәжбүр боларымыз анық. Ең әуелі көпшіліктің көкейіне «АЭС қай жерде бой көтереді?» деген сауал келері даусыз. Бұқараның алаңдайтыны да ол орналасатын аймақ пен қай елдің технологиясы екені. Әйтпесе, түбегейлі қарсы шығудан пайда келмесін жұрт жақсы біледі. Әрі әзірге энергия тапшылығынан басқа жолмен құтылу да мүмкін болмайтынын түсініп отыр. Бір жағынан әлі де экологиялық жағдайдың нашарлануынан қауіптенеді. Ал қай жерге орналасады дегенге келсек, әзірге екі нұсқа көбірек айтылып жүр. Олардың бірі – Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен ауылы, екіншісі – Курчатов қаласы. Екеуі де судың жағасында орналасқан елді мекендер. Ал АЭС үшін мол су қажет екені белгілі жайт. Сондықтан қай жерде салынса да, су жағалайтын түріміз бар. Осыған қатысты энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев:
– Алаң Алматы облысы Үлкен ауылы болып таңдалды. Бірақ АЭС құрылысы бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Әзірге алаңды ғана анықтадық, біз ең қолайлы технологияны таңдаймыз, – деді.
Соңғы жылдары Балқаш көлінің тартылып бара жатқаны да жиі айтылып жүр. Курчатов қаласының қасынан ағатын Ертіс өзенінің де жағдайы мәз емес. Балқашқа қажет судың 80 процентін жеткізетін Іле сияқты Ертістің де басы Қытай жерінде жатыр. Демек, аталған екі елді мекеннің қайсысына салынса да, суды мол пайдаланады деген сөз. Алайда әзірге қандай реактор қойылатыны, қай елдің технологиясы қолданылатыны белгісіз болғандықтан, АЭС үшін күніне қанша тонна су пайдаланылатынын есептеп шығару қиын. Бірақ Өзбекстанның «Узатом» агенттігінің бас директоры Журабек Мирзамахмудов ол үшін қолданылатын су қазіргі жылу электр стансалары қолданғаннан көп болмайтынын айтады. Тіпті, оған пайдаланылған су қоршаған ортаға залал келтірмейтін көрінеді. Мәселен, Мажарстандағы PWR немесе су қысымын пайдаланатын 440 мегаваттық реактор суды Дунай өзенінен алып, өзенге қайта құяды екен. Ал Дунайдың суынан балық аулап, адамдар шомылып та жүр. Демек, технологиясы жақсы реакторлардан тым көп қауіп жоқ. Алайда Қазақстанда су тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп келе жатқанын ескерсек, АЭС салатын орынды таңдауда мұқият болу қажет. Бір сөзбен айтқанда, «энергия үшін қанша су құрбан етеміз?» дейтін сауалға жауап табу қиын болып тұр.

Ел алаңдаған энергия
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ядрофизика кафедрасының доценті Нұрлан Амангелді АЭС салу мәселесіндегі тағы бір өзекті тұс қауіпсіздік пен мамандар әзірлеу екенін айтады. Оның сөзіне құлақ түрсек, бірінші кезекте реактор таңдау өзекті болмақ. Өйткені энергия тапшылығы жағдайында АЭС-сіз күн көру қиын. Бірақ қандай елдің технологиясын алсақ та, бәрібір мол қаржы кетеді әрі реакторды ұсынған компанияның бірқатар талабы болады. Сол талаптар мұқият зерделенуі тиіс деген пікір білдірді.
– Негізі, елімізде қазірдің өзінде 4 реактор жұмыс істеп тұр. Қапшағайда үшеу, Алматыда біреу бар. Каспий жағасындағы бұрын суды тұщыту үшін қолданылған реактор жұмысын тоқтатқан. Бірақ оны да күтіп ұстау үшін арнайы мамандар жұмыс істеуде. Ал мен айтқан 4 реактор электр энергиясын өндіруге емес, тәжірибе жасауға арналған. Қазір онда мамандар жұмыс істеп жатыр. Демек, өзім атап өткен кейбір мәселені шешуге мүмкіндігіміз бар. Қазақстандық мамандар реакторда жұмыс істей алады. Сонымен бірге ол салынып біткенше 7-10 жыл кететінін ескере отырып, жаңа мамандар даярлап алуға уақытымыз болады. Бірақ технологияны таңдауда мықтап ойланған дұрыс. Кемі 3+ буынына кіретін реактор пайдаланған тиімді. Одан төменгілер ескірді, – дейді ол. Ал «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай болса елдегі салғырт-салақтық АЭС үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін атап өтті.
– Бұл жерде екі мәселені атап өтер едім. Алдымен қауіпсіздік мәселесі өзекті. АЭС-тер салып алған соң, ол жарылып кетпей ме? Егер АЭС жарылса, мұның зардабы сұмдық болады. АЭС деген жасыл энергетика емес, жаңартылатын энергия көзі болып саналмайды. Біз күн, жел, су энергиясын көбірек қолдануды құптаймыз, – деді.
Айтпақшы, ядролық реакторлар арқылы энергия өндірудің түрлі тәсілі де жан-жақты қарастырылып жатыр. Мәселен, биыл шілдеде қытай ғалымдары торий мен тұзға негізделген реактор жасауға кіріскенін мәлімдеді. Ол 2021 жылдың аяғына дейін жасалуы керек. Ал өнеркәсіп үшін оны қолдану 2030 жылдан басталмақ деседі. Салқындату үшін су қажет болмайтын осынау реактор экологиялық тұрғыда мейлінше қауіпсіз саналатын болса керек. Осының 1946 жылы жобасы жасалғанымен, нақты жүзеге асыру мүмкіндігі енді ғана қолжетімді болғанға ұқсайды. Бұл – ғылым мен технологияның дамуының нәтижесі. Қазақстан да осындай ғылыми жаңалыққа көңіл бөлсе артық болмасы анық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
23 қараша 2021 ж. 328 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031