Тарихы терең, тағылымы мол
Қазалы ауданына қарасты Жалаңтөс батыр ауылындағы Қашақбай Пірімов атындағы №103 орта мектептің іргетасы 1930 жылы бастауыш мектеп болып, Қарашеңгел ауылдық советіне қарасты «Үйрек» деген жерде қаланған. Сол кездері 32 оқушы болған. Е.Таңқаманов, Р.Жәлімбетовтер ұстаздық еткен. 1948 жылы «Үйрек» елді мекенінен «Қызыл ту» ұжымшарына көшірілген.
1941-1950 жылдар аралығында Мұхияддин Дәулетияров басшылық жасап, Зарком Нұрболатов, Жібек Барақбаева, Жаңыл Оразбаева, Марияш Нажмадинова, Қоблаш Жаймұратов, Әбдінағи Ыбыраев, Дариха Атаева сынды мұғалімдер оқушыларға білім берген. 1957 жылға дейін жетіжылдық мектеп болды. Мектепте бастауыш 1972 жылға дейін сегіз жылдық мектеп болып жұмыс жасаған. Осы аралықта 14 ұстаз жұмыс істеген. 1950-1952 жылдары Рахаддин Дүйсекеев басшылық жасаған уақытта Бүркітбай Жанқанов, Жекен Пірімов, Рабиға Марасулова, Бибісара Оспанова, Қабылбай Жұмановтар оқушыларға сабақ берген. Осы мектепке Жұмамұрат Ербатыров 1953-1954 жылдары басшылық жасап, Әбдеш Жиеналиев, Жармедет Хайруллаевтар мұғалімдік қызмет атқарған.
Әр жылдары Сейіт Тоқтаболатов, Нұрлыбай Ербасов, Жармедет Хайруллаев, Әбілқасым Маханов, Байғара Қанатов, Жетібай Таңмамбетов, Шынар Беделбай, Бағдагүл Мұсабай, Сейілхан Бердібекұлы мектеп директоры болды.
1973 жылы орта мектеп болып қайта құрылған. Бұл кезеңде мұғалімдер саны 25-ке жеткен. 1994 жылы қоғам қайраткері Қашақбай Пірімовтің туғанына 85 жыл толуына байланысты ас беріліп, №103 орта мектепке Қ.Пірімовтің аты берілді. 2009 жылы «Алтай» және «Көбек» бекеттерінде 1-4 бастауыш сыныптар ашылды. Осы мектептен білім алған Кеңес Дүйсекеев сазгер, Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» атанды.
2009 жылдың тамыз айынан бастап «Қызылорда Тех-сервис» ЖШС жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастады. 2010 жылы 1 қыркүйек күні ауыл орталығындағы 250 орындық екі қабатты жаңа типтегі мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі білім ордасының жалпы алаңы – 27 996, 4, жұмыс алаңы 5 243,4 шаршы метр. Бес блоктан тұратын мектепте 24 орындық шағын орталық, мультимедия кабинеті, екі компьютер класы, үш бөлмелі кітапхана, 16 оқу залы, спорт зал, 100 орындық асхана және 180 орындық акт залы бар.
Білім ордасының ұстаздары түрлі байқауларда топ жарып, өз біліктіліктерін дәлеледеп жүр. Солардың біршамасына тоқталар болсақ, География пәнінің мұғалімі Жадыра Абдрахманова «Жаратылыстану–математика пәндерінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолданудың өзекті мәселелері» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясында үздік баяндама жасағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2010-2011 оқу жылында шәкірті Гүлнаурыз Сейдуллаева «Алтын белгі» иегері атанды. Жадыра ұстаз «Ортақ тәжірибе – білім негізі» әдістемелік көмекші құралдың авторы. Мектеп психологы Жанар Қуанышбаева облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Алғыс хатымен марапатталған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зульфира Оралова 2002 жылы аудандық М.Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткізілген панорамалық сабақтар байқауында екінші, 2005 жылы мектепішілік жас мұғалімдер байқауы мен облыстық «Абай-Шәкәрім оқулары» байқауында бірінші орын иеленді. Ізденімпаз ұстаз облыс әкімінің Алғыс хаты, аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасы, облыстық білім департаментінің «Құрмет» грамотасы мен марапатталған. Аудандық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – 2009» байқауының үшінші орын иегері.
Бағдагүл Мұсабай 2015 жылдан бастап №103 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Облыстық білім басқармасының және облыстық «Нұр Отан» партиясының Құрмет Грамотасын, аудандық білім бөлімінің, Кәсіподақ комитетінің, ауыл әкімінің Алғыс хаттарын алған тәжірибелі ұстаз.
– 2012 жылы Қашақбай Пірімовтің ұрпақтары мектеп ғимараты алдына Қ.Пірімовтың бюстін орнатты. Бюсттің айналасына 280 шаршы метр брусчатка төсеп берді. Қ.Пірімов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. 2012 жылдың желтоқсан айында «Қазалы – Тұлпары» ЖШС мектеп жанынан жасанды футбол алаңын салды. Қазіргі таңда мектепте 52 мұғалім, 265 оқушы бар.
Ұлт ұрпағының ұғымтал болып өсуі мұғалімге де байланысты. Өйткені халқымыз ертеден мектеп табалдырығын аттаған әр баланың санасына «Мектеп – екінші үйің, ұстаз – екінші ата-анаң» деген ұғымды сіңіріп келеді. Мамандық таңдар сәтте ұстаздық деген ұлы жолды таңдап, бүгінгі күнге дейін мамандыққа деген адалдығын абыройлы ісімен көрсетіп келе жатқан әріптестердің ұйымшылдығы мен іскерлігі ауыз толтырып айтарлықтай, – дейді мектеп директоры Асылбек Нұрадинов.