Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мешіт жанынан медресе ашылды

Мешіт жанынан медресе ашылды

Кеше Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіндегі орталық мешіт жанынан жаңа медресе ашылды. Ауданда тұңғыш рет ашылған медресеге ұлт азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы, батыр баба Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі берілді.

Тарихи сәттің куәсі болған қазалылықтарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Біз сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қасиетті Қазалы жері – көптеген ұлылар, халқымызға өнегелі жол, із қалдырған ишандар шыққан мекен. Міне, тәуелсіздіктің, еліміздің бірлік-ынтымағының арқасында Қазалыда Жанқожа батыр мешітінің жанынан жаңа медресе ашылуда. Сіздерді аудан орталығындағы жаңа медресенің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Медресе қашаннан да ілім мен білім, тәрбие мен тағылым, иман ордасы болып саналады. Басқалардан айрықша білім орталығында тәлім алған бала Жаратушысын танып, иманды да ибалы болып өседі. Мұнда тәрбиеленген жас өскіндер қоғамдағы түрлі жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға бейімделеді. Осындай еселі еңбектің арқасында болашақта жат қылықтардан ада қоғам құрамыз деген ниеттеміз. Бұл тек медресенің қоғамға берер пайдасының бір парасы, – деген М.Әуесұлы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.
Медресенің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Сонымен қатар, медреседегі білім алушыларға тілек білдіріп, Құран кітап таратты.
Аудан басшысы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының иығына қазақы дәстүрге сай шапан жауып, күміскөмей әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына шығарылған «Ән әлемінің падишасы» атты кітапты табыстады.
Мұнан соң, Жанқожа батыр атындағы мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов пен медресенің салынуына белсенді атсалысқан азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ілімге бет бұрған жастарға бата беріп, ізгілік үйі барша қазалылықтардың жұдырықтай жұмылуының арқасында салынғанын тілге тиек етті.
Жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылған соң, құрметті қонақтар медресенің ішін аралап, бөлмелермен танысты.
Руханияттың мәйегіне айналатын жаңа медресенің ашылу салтанатына орай «Жыршылар дінді жырлайды» атты жыршылар фестивалі мен қазақ күресі, қол күрес, батпан көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша Шәкен ауылындағы мешіт имамына үйдің кілті табысталды.
Салтанатты жиын соңында іс-шараға қатысушылар мен қонақтар медресенің ашылуына үлес қосқан Жанқожа батыр мешітінің жамағатына және демеуші азаматтарға айрықша алғыстарын білдірді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
01 қазан 2022 ж. 622 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 34

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 83

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 92

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 61

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 96

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 104

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031