Қазалы ауданы дихандары күріш жинау жұмыстарына жаппай кірісіп, бүгін ресми түрде егін жинау науқанын басталуын атап өтті.
Дихан қауымы алдымен жылдағы дәстүр бойынша Жанқожа баба кесенесінде жиналып, Ата аруағына құран бағыштап, содан-соң негізгі шара өтетін «Агро-Өркен» ЖШС-нің егіс алқабына аттанды.
Шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, еңбек ардагерлері және салалық мекемелер мен шаруашылық басшылары қатысып, дихан қауымның қуанышын бөлісті.
Егістік басына жиналғандарға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен «Агро-Өркен» ЖШС-нің басшысы Медеу Есхожаев арнайы дайындалған стенд арқылы аудан және шаруашылық бойынша егін орағына қатысты негізгі көрсеткіштерге тоқталып, дайындық барысы мен жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын таныстырды.
Ү.ж. ауданы бойынша барлығы 17 402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасса оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 6 361 гектар. Күріш орағына қатысатын барлық техникалар толықтай жөндеуден өткізіліп, бүгінгі күні егіс алқаптарында жұмыс атқаруда. Күзгі егін жинау жұмыстарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада 970 тн дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға әр литрі 210 теңгеден жеткізіліп берілуде. Күріш жинау жұмыстарын 10 қазанда толық аяқтап шығу межеленуде.
Шарада аудан әкімі М. Оразбаев және бір топ еңбек ардагерлері дихан қауымын күріш жинау науқанының басталуымен құттықтап, мол өнімге қол жеткіздіңіздер, деп игі тілектерін арнап, бата беріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, егін басына жиналған қауым 2022 жылғы алғашқы күріш бункерінің астығын қабылдау сәтіндегі дихандардың қуаныштарына куә болды.
Айта кету қажет, «Агро-Өркен» ЖШС-і егіншілік саласы бойынша озық үлгідегі техникаларды пайдаланып, жер баптау және мелиоративтік жұмыстарға ерекше мән беріп, жоғары өнімділікке қол жеткізіп келеді.
Құрметті аудан дихандары!
Сіздер берекелі тірліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз арқылы ел экономикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келесіздер.
Сондықтанда, еңбектеріңіз берекелі болып, егінді төкпей-шашпай жинап алып, қамбаларыңыз астыққа толып, төккен терлеріңіздің қайтарымы мол болсын, деп тілек қосамыз!
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат