Сыр күрішіне сұраныс жоғары
Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Сыр елінен жеткізілген 100 тоннадан астам күріш бір күннің ішінде таусылған. Себебі, баға төмен, сұраныс жоғары.
Елордалық тұрғындарға арнап жеткізілген өнімдердің барлығы да тұрмыстағы қажетті тауарлар болған соң халықтың сатып алу көрсеткіші жоғары деңгейге жетті. Одан бөлек балық өнімінің де өтімділігі байқалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
«Сыр Елінен Нұр-Сұлтан қаласына барған өнерпаздар әсем әндерден шашу шашып, елордалықтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, облыс тарапынан қайырымдылық қоры аясында жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Жәрмеңкеде 70-ке жуық Сыр диқандары мен кәсіпорындары 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнімдер елордалық тұрғындарға ұсынылды. Арқа төріндегі тұрғындарға Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріш, балығы мен ас тұзы, қауыны мен қарбызы жеткізілді. Сырбойылықтар жәрмеңкеге 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімі, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 210 тонна бақша өнімі, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімі, 5 тоннаға жуық кондитерлік өнім ұсынды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.