Тоқаев бірқатар мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ақорда резиденциясында 5 мемлекеттің Төтенше және Өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Мемлекет басшысына Ливия елшісі Аладдин Абдулсалам Лехуайк, Кувейт елшісі Омар Ахмед Мұхаммед Мурад әл-Кандари, Словакия елшісі Роберт Кирнаг, Алжир елшісі Камал Фениш және Кения елшісі Бенсон Генри Оума Огуту сенім грамоталарын табыс етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттармен әңгімелесу кезінде оларды еліміздегі дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған бейбіт және ашық сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында Президент түрлі бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруда мүмкіндіктердің бар екенін айтып, елшілерге елімізде игі міндеттерін орындауда Қазақстан Үкіметінің қолдау көрсететінін жеткізді.