Жарқын болашақ бейнесі – жастар
Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың нышаны. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан жылдың айтулы бір күні арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгіленген. Ол тамыз айының 12-ші жұлдызы.
Аталған мереке қарсаңында Қазалы ауданында дүбірлі думан өтті. Бір күнге созылған кеш көпшілікке керемет әсер қалдырды.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жалынды жастарға Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығы аясында өткізілетін дәстүрлі IV республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлығы табысталды.
Шара күндіз Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясының жас толқыны, ақын Ақжол Түменбайдың «Ең сұлу гүлі Тәңірдің...» атты шығармашылық кешімен басталды. Аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен кешке көрермен көптеп жиналды. Жаны жырға, жүрегі әсем әуенге құмар халық жерлес ақынның туындыларын ерекше ықыласпен тыңдап, тамсана қол соғысты.
Кеш жүргізушісі Есет Табынбаев шара шымылдығын Ақжол ақынның «Сыр ана» шығармасымен ашты. Бұдан соң сөз кезегі кеш иесіне беріліп, ол «Беу, туған топырақ» өлеңін оқыды. Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, талайды талантымен тамсандырған ақиық ақындардың ізбасары, өнер өлкесіне кеңінен қанат жайған қаламгер Ақжол Түменбайға ақжарма тілегін арнайы келген аудан басшысы Мұхтар Оразбаев:
– Бүгін Халықаралық жастар күні аясында шығыстың жарық жұлдызы Ғанидай ұлды өмірге әкелген қасиетті Қазалы ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі талантты ақын Ақжол Түменбайдың жеке шығармашылық кеші. Ақжол жас болса да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ойып тұрып орын алатын ерекше дарын иесі. Оның сөзіне жазылған әндерді барлық жас сүйіп тыңдайды десем артық айтқандық емес. Өзінің қатарының алды, қазақ әдебиеті мен өнерінде өз қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан Ақжолмен біз мақтанамыз. Оның әлі талай белестерді бағындырып, шыңдарға жетеріне сенеміз, – дей келе «Алғыс» хат пен сертификат табыстады. Ақынның анасы Кенішкүл Дошанға ыстық ықыласымен қоса гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпатын көрсетті.
ры әсем әуенге айналып үлгерді. Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздарының орындауында көпшілікке кеңінен танымал. Бүгінгі өнер кешінде де аудан өнерпаздары жас ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, көрермен көңілін серпілтті.
Бейнеролик арқылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, аты алты Алашқа мәлім Ерлан Жүніс пен Қалқаман Сарин жас толқын Ақжолға арнап, ізгі тілектерін жеткізді. Ерлан Жүніс кеш иесін «Өлеңнің өрен жүйрігі» десе, Қалқаман Сарин «Әдебиет айдынында ақ кемең жүзе берсін» деп ағалық ақ ниетін арнады. Шығармашылық кеште ақынның «Қырық жамау етсе де», «Бүгін менің апамның туған күні», «Ақ гүлге неге құмармын, жаным?», «Туған күнің құтты болсын жарқыным» өлеңдері мен «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Кімсіз?», «Әке», «Сүйемін» әндері орындалды.
Бұдан соң жер-жерден Қазалыға жиналған жастар Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғани Мұратбаев және Жанкент ауылдарында болып, ауданның тарихи орындары мен көрікті жерлерін тамашалады.
Кешкілік кент орталығындағы алаңда республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықты беру салтанаты болды. Бұл сыйлық Қазақстандық патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан жас дарынды белсенділерді қолдау, Орта Азия мен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу, кеңінен насихаттау үшін өткізіліп келеді. Сонымен қатар сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.
Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы өз саласында жетістікке жеткен 17 жасқа табысталды. Олардың қатарында қазалылықтар да бар. Атап айтқанда Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі мен жетістігі үшін Талап Мурзалиев, Қуаныш Сырлыбай, мәдениет пен өнер саласы бойынша Сәкен Кермеш, Бақытбек Макеев, Серікбол Шайхов, әдебиет және журналистика саласынан «Қазалы» газеті редакторының орынбасары Ринат Әбдіқалық және спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген Жандосбек Нәбиев, Самалбек Нысанбаев аталған сыйлыққа лайық деп танылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Астана» опера театрының солисі Алтынбек Әбілда марапат мінберіне көтерілгендерді құттықтап, лебізін арнады.
Мереке гала-концертке ұласып, эстрада жұлдыздары Өмірқұл Айниязов, Нұртуған Жаңабай және ақын Ақжол Түменбай өнер көрсетті.
Орталық алаңда өткен шарадан кейін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығына ие болғандар еркін форматта бас қосып, өзара пікір алмасты.
Аудандық оқушылар үйінің ауласында өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Дауылбай қатысты.
Айта кетейік, биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, соның ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Суретті түсірген Нұрлан ҚАНАТ
Суретті түсірген Нұрлан ҚАНАТ