Алтын құрсақты аналар ардақталды

– Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағы мықты боларлық ұл-қыз тәрбиелеп отырсыздар. Анасыз өмір жоқ дегендей, тірліктің негізгі өзегісіздер. Сіздер табиғат сыйлаған табандылық пен іскерліктің, шыдамдылық пен қажырлы қайраттың арқасында әр салада қызмет етіп, тек қана ұл-қыздарыңызға ғана емес, жан-жаққа үлгі болып жүрсіздер. Барға тасымай, жоққа жасымай, уақытша қиындықтарға мойымай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп жүрген сіздерге әрқашанда қарыздармыз. Осыған орай аяулы аналарға ақжарқын тілегімізді жеткізу мақсатында жиналып отырмыз. Күйбең тірлікке төтеп, сәбиін аялайтын аналарды қалай мақтасақ та артық болмайды. Сондықтан алдағы уақытта сол еңбектеріңіздің жемісін көріп, балаларыңыздың қуанышына тоймай жүре беріңіздер. Барлығыңызға денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Қуанышты басқосуда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қазалылық Мирамгүл Сембиева, Айгүл Ақшабақова, Айгүл Ізтілеуова "Алтын алқа" иегерлері атанса, Тұрсынкүл Жақсылықова, Гүлсім Жорғабаева, Нұргүл Жүсіпова және Алтынкүл Сейтекенова "Күміс алқа" белгілерімен марапатталды. Сондай-ақ аудан басшысы көпбалалы аналарды сый-құрметке бөлеп, қазақы нақышта оюланған камзол кигізіп, иығына орамал жапты.
Басқосуда аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап та ардақты аналарға ізгі ниетін жеткізді. Өз кезегінде батыр аналар да алғаусыз алғыстарын білдірді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА