Жеткіншектер жеткен жетістік

Біз айтып отырған аламан 4 кезеңнен тұрады. Мектепішілік додада үздік деп танылған осы қатардағы спортшылар аудандық жарысқа жолдама алады. Ал жеңімпаз атанғандар облыстық сайыста өнерлерін көрсетеді. Сосын мұнда өзгелерден дара шапқандары республикалық кезеңге жолдама алады. Міне, осылардың барлығынан сүрінбей өткен аудан оқушылары аталған сайыста күш сынады. Нәтижесінде Нүркен Жұбатқан жетекшілік жасаған №276 орта мектептің озаттары ақтық сында Түркістан облысының қол допшыларына есе жіберіп, 2 екінші орынды қанағат қылды.
– Бір аптаға созылған жарыста күміс жүлде бұйырыпты. Негізі бұл «Ұшқыр доп» мектеп лигасына төртінші рет келуім. Бұған дейін 7-8, 9-10, 10-11 сынып оқушыларын әкелдім. Абырой болғанда барлығы алтыннан алқа тақты. Ал бұл жолы осы нәтижені қанағат қылуға тура келді.
Жалпы жарысқа әр облыстың сен тұр мен атайын 8 командасы келді. Жеребе тартылғанда Түркістан, Қарағанды және Павлодарлық спортшылармен бір топқа түстік. Алғашқы ойын Қарағандының жігіттерімен болды. Оқушыларым өз еңбектерімен алаңдағы мықтыны көрсетіп, ұтып алды. Осыдан соң сыртқа шықсақ әлгі жігіттер жеңілгеніне намыстанып тұрғанын байқадым. Сөйтсем бұлар 5-6 сынып оқушылар арасында Қазақстан чемпиондары екен. Осылай сәтті басталған жеңіс ақтық сынға дейін апарды. Ақырында күміс жүлде қоржынға салдық, – дейді Нүркен Жұбатқан.
Осы тұста Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің арулары рухани астанадан келген спортшы қыздармен текетіресіп, 3 орынға таласты. Аудан нәзік жандары жеңісті қолдан бермеді. Осылайша екі бірдей жетекші Олжас Орынбеков пен Қанат Өзбекбаевтың командасы қола жүлдені иемденді.
– Қол добынан қыздар арасындағы жүлде үшін 7 аймақ төбе көрсетті. Кіл үздіктер бас қосқан додада барымызды салдық. Үшінші орыннан көрінудің өзі оңай болмады. Сондықтан облыстың намысын абыроймен қорғап шықтық деп есептейміз, – деді жетекші.
Қазалы ауданы спорттың қай түрінен болмасын үздіктердің қатарында екенін жұрт жақсы біледі. Бұл жолғы жарыста жеткіншектердің жеткен жетістігі соның тағы бір айғағы десек артық болмас.
Абзал ЖОЛТЕРЕК