Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдың жайы жақсармақ

Жолдың жайы жақсармақ

Ел ішіндегі жыл сайын атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды көзіміз көріп, көңіліміз бірленіп жүр. Мұндай маңызды тірліктің бірсыпырасына аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары қызметкерлері ­жауапты. Нақтыласақ, Мұрат Әбсұлтанов басқаратын бөлім жолдан бастап, тұрғын үй кезегіне дейін ұдайы қадағалауда ұстайды. Аталған бөлімнің бүгінгі және ертеңгі шаруасына қанық болдық.
Ең әуелі жолдың жайын қозғап, көптің көкейіндегі сауалға жауап іздеп көрелік. Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 406,2 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 232,5 ­асфальтты, 102,7 қиыршық тасты және 71 шақырым топырақты. Олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 80,3 процентті құрайды.
Өткен жылға тоқталсақ, 50 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елдімекендердің 40 көшесін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3 миллиардтан аса теңге қаралып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ ағымдағы жылға республикалық және облыстық бюджеттерден қаралған 1 745,5 миллион қаржыға 4 жоба жүзеге асқан.
Атап айтсақ, Әйтеке би – Басықара бағыты бойынша 19, Майдакөл, Түктібаев, Жаңақұрылыс бағыттарына қарай 32 шақырым жолды толық жөндеу жоспарланған.
Облыстық бюджеттен 100,0 миллион қаражат бөлініп, өтпелі нысан болып келген Бозкөл мен Кәукей ауылының аралығын күрделі жөндеу биыл аяқталады.
Өзекті мәселеге айналған Басықара-Абай және Қожабақы-Түктібаев ауылдарының арасындағы барлығы 38 шақырымдық автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Осы жұмыстарды аяқтауға облыстық бюджеттен 146,8 миллион қаражат қаралған. Қазіргі күні мердігер мекемелермен қосымша келісім шарттар жасалып жатқан көрінеді. Бұл жағдай елдімекен көшелерін қайта жаңғырту барысында да кездеседі. Мәселен, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің С.Мұқанов көшесін қайта жаңғырту жұмысы аяқталғанымен келісім шарт сомасын өтеуге облыстық бюджеттен 11,6 миллион, ал Әбілқайыр хан көшесін толық аяқтауға 69,1 миллион теңге қаражат қажеттілігі туындауда.
Сонымен қатар жоба құны 2 415 миллион теңге болатын Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын 4 жолақты етіп кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Көпшілік асыға күтіп жүрген жол ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп ­жоспарланып отыр.
Өткен жылы Басықара каналында орналасқан темір бетонның құрылысы басталған. Оған облыстық бюджеттен 233 миллион қаржы қаралып, биыл толық аяқтау межеленіп отыр. Оған қоса республикалық және облыстық бюджеттерден берілген 1 миллиард теңге қаржыға «Қарлан» учаскесіндегі темір бетонды көпірді салу жұмыстары басталып кетті. Былтырғы басталған жүйелі жұмыстардың тәмамдалуына көп уақыт қалған жоқ. Ал жауапты бөлім биыл көпшілікті нендей жаңалықпен қуантады?
– Жыл сайынғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алу мақсатында қажетті жол белгілері мен жол кедергілеріне түгендеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Осы мақсатта 2022 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сай 9303 мың теңге қаржыға Әйтеке би кентіне барлығы 154 дана жол белгісі мен 6 дана жол кедергісі орнатылды.
Сонымен қатар аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елдімекендердің ішкі көшелеріне қосымша 45 дана жол белгісі мен 37 шақырым жол жолағы сызылатын болады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінен 18 көше, Мұратбаев, Жалаңтөс, Құмжиек, Басықара, Бекарыстан би, Түктібаев және Майдакөл елдімекендерінен барлығы 40 көшені орташа жөндеуді қаржыландыруға өтінімдер тапсырылды.
Сондай-ақ «Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасы шеңберінде Қазалы қаласының тағы 10 көшесін реконструкциялау мақсатында жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына ұсынылды. Аудан көлеміндегі апатты жағдайда деп танылған 9 көпірдің екеуінің қаржысы шешіліп, қалған 7 көпірге жоба сметалық құжат әзірлеу үшін 78,2 миллион қаржыға облыстық бюджетке ұсыныстар берілді. Ағымдағы жылы тағы 2 көпірді қайта жаңғыртуға жоба әзірлеп сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі шешілді.
Сонымен қатар жоба құны 1260 миллион теңге болатын 33 шақырымды құрайтын Отгон-Тасарық 13, Қожабақы-Бозкөл 15 және Мұратбаев ауылына кіре беріс 5 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары тиісті комитетке қаржыландыру үшін құжаттары жолданды, – дейді бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Мұрат Байғабылұлының сөзіне сенсек, қазіргі күні алдағы қажеттілікке байланысты Қожабақы-Бекарыстан би 25, Бекарыстан би – Шөмішкөл 15 және Бозкөл – Лақалы 7,5 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша жоба әзірленіп жатқан көрінеді. Қазірде жолдарға топографиялық түсірілім жасалып, жоба жасау жұмыстары жалғасын табуда.
Аудан орталығы Әйтеке би кентінің Жанқожа батыр, Пірімов пен Бөріқұлақов көшелерінің аралығы және Әйтеке би көшелерін барынша кеңейту, жарықшамдарын ауыстыру, көлік жиілігін ескеріп жол төсемдерін күшейту тұрғысында жоба сметалық құжаттар әзірленуде. Жобалардың сараптама қорытындысы алынғаннан кейін тиісті орындарға қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім берілетін болады екен.
Басшы Қазалы қаласының тұрғындары үшін жағымды жаңалықты жасырып қалмады. Яғни электрмен қамту саласы бойынша Қазалы қаласының көшелеріндегі электр желілерін қайта жаңғырту жобасына республикалық бюджеттен «Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу құжаттары рәсімделіп жатыр. Құрылыс құны – 148,7 миллион теңге. Жоба бойынша 16,64 шақырым электр желісі жаңартылады.
Мұндай қуанышты хабардан Әйтеке би кентінің жұртшылығы да құр қалмады. Мұндағы электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына әзірленген жоба 2022 жылдың 27 сәуірінде сараптаманың оң қорытындысын алған. Алайда құрылыс жұмыстарын қаржыландыру күтілуде. Жоба құны – 324 миллион теңгені құрайды. Бөлінген қаражатқа Әйтеке би кентінің құрылыс талаптарына сай келмейтін, өздігінен жүргізілген электр желілері ауыстырылады.
Осы тұста түнгі жарықшамдардың да жайын білдік. Мысалы, Қазалы қаласының 10 көшесін жарықтандыру жұмыстарына бөлінген қаржыға сәйкес, мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 10,72 шақырымды құрайтын 10 көшеге 348 дана жарықшамдар орнатылмақ. Оған қоса Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңыздағы автомобиль жолының Әйтеке би кентіне кіре берісі мен Р.Бағланова көшесін жалғайтын маңыздағы автомобиль жолын жарықтандыруға әзірленген жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен бюджеттік өтінім ұсынылып, қаржыландыру күтілуде. Яғни 126 дана жарықшамдар тұрғызылады.
Абаттандыру бойынша Әйтеке би кентіндегі 5 кварталдағы 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекемемен жасалынған шартқа сәйкес тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Онда балалар алаңы, көше тренажерлері, субұрқақ, беседка алаңы, әткеншекке арналған алаң және тағы басқа да жұмыс түрлері қарастырылған.
Сондай-ақ өткен жылдан өтпелі жоба саналатын Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші аумағын абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сарқынды суларды бұру қызметі бойынша Әйтеке би кентіндегі кәріз желілері жүйесін кеңейту жобасын әзірлеуді бастауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жобалаушы мекемемен жасалынған шартқа сәйкес топографиялық түсірілім жұмыстары жүргізілуде.

Сартай БАЙЖАН
02 шілде 2022 ж. 470 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930