Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеймек

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеймек

Бүгінде жастар құр отырмай, жеке кәсіпке бет бұрған. Шаруаға икемделіп, ұршықша иіруде. Бұған қуану керек әрі оларды қолдау керек. Мұндай азаматтар өзінің жағдайын жасап қана қоймай, айналасындағыларды жұмыспен қамтиды. Бюджетке қаржы түсіріп, елдің сұранысын қанағаттандырады. Осындай азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Әсет Әзілханов.
Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласына ат басын бұрып, жеке кәсіпкердің жүйелі жұмысымен танысты.
Жеке кәсіпкер Әсет Әзілханов құрылыс жұмыстарына қажетті газоблок шығарумен айналысады. Бұл өнім ұзаққа төзімді, өртке қауіпсіз, экологиялық таза, жылуды сақтайтын, аз ғана үлес салмағы бар, түрлі өңдеулерге ыңғайлы құрылыс материалы.
Ол кәсібін осыдан бірнеше жыл бұрын жеңілдетіп несие алып бастаған. Әзірге өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар мен түрлі ғимараттар құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар тапсырыспен алдыруда. Қажетті құрал-жабдықтарды Қызылорда қаласынан алдырады. Алдағы уақытта тағы да қаржы көздерін қарастырып, кәсібін кеңейткісі келеді. Бүгінгі таңда өзінен бөлек 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Аудан басшысы жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, жұмыс жасауға ниетті азаматтарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
***
Мұнан соң аудан әкімі М.Оразбаев Қазалы қаласындағы әлеуметтік дүкеннің жайымен қанықты.
Көмекке мұқтажға жылылық таныту – ортақ мүдде. Бұл ретте Қазалы қаласындағы белсенді жастардың ұйытқы болуымен әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Ол дүкеннен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық заттар тегін үлестіріледі.
«Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын Жәнібек Жұбанғанов әлеуметтік дүкеннің ашылу тарихы мен негізгі мақсаттарын ­таныстырды.
Жәнібектің сөзіне сенсек, дүкен ашылғанда Қазалы қаласындағы тұрғындар бұл сауапты іске үн қосып, әрқайсысы киімдер мен үйде пайдаланылмай тұрған теледидар, компьютерлерін ұсынған. Жергілікті кәсіпкерлер де игі акциядан қалыс қалмаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік дүкенде су жаңа тауарларда бар. Бұның барлығы тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға, әке-шешесінен айырылған балаларға таратылыпты. Қазіргі таңда да солай, ұйымдастырушылар шынымен көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетеді.
Әлеуметтік дүкендегілер киімдерден бөлек, кітап, ойыншық және кішкентай балаларға арналған қажетті құралдар барын айтады. Аталған бұйымдарды керек еткендер Қазалы қаласының орталығында орналасқан әлеуметтік дүкеннен алып кете алады.
***
Аудан әкімінің Қазалы қаласына іссапары жас кәсіпкерлердің бизнес форумында жалғасты. Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру.
Қазалы қаласындағы Жастар үйінде ұйымдастырылған форумға «GOSAUDA» халықаралық интернет-дүкенінің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшілері Қуаныш Сұлтанов және Жәнібек Жексенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаты, аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы Ғазиз Әліш, аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев және жас кәсіпкерлер көптеп қатысты.
Ауқымды шараны алғы сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалыда тіркелген 5292 кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі 15,7 проценті жастардың үлесінде екенін атап өтті.
– Алдыңғы жылмен салыстырғанда жас кәсіпкерлер қатары 11,7 процентке артқан. Бұл бізді қуантады. Бірақ облыстағы кәсіпкерлігі дамыған аудан үшін бұл бізге аздық етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кезеңге – жаңа реформалармен жетуге айқындап берген жаңа бағыттарға біз бірігіп, барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізуіміз қажет, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Жас кәсіпкерлер форумына арнайы шақырылған «GOSAUDA» халықаралық интернет-дүкенінің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшісі Қуаныш Сұлтанов өзінің бастамаларымен таныстырып, интернет-дүкеннің тиімді тұстарын айтып берді.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, жас кәсіпкерлердің сұрақтарына халықаралық интернет-дүкеннің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшісі Қуаныш Арыстанбекұлы жауап берді.
Форум барысында жеке кәсіпкер, «Рауан» инклюзивті балабақшасының меңгерушісі Қуанышгүл Дәулетиярқызы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, өз пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған бірқатар жас кәсіпкерлер аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Әлемдік экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан да ілгерілеуге бағыт ұстаған елдер кәсіпкерлікті мейлінше дамытуға тырысады. Мұны шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны да дәлелдейді. Бұл бағытта жастарға мол сенім артылатыны да жасырын емес. Алғыр ойлы, істің тетігін білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз. Әрине, бұл бағытта олардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ ойласуының да маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде Қазалы қаласында өткен жас кәсіпкерлердің бизнес форумы нәтижелі болды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
02 шілде 2022 ж. 474 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031