Кәукейдегі клубтың кірпіші қаланды
Кеше аудан басшысы Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Қызылқұм ауылдық округіне ат басын бұрды. Мақсат – жуырда ғана құрылысы басталған 100 орындық клубтың алғашқы кірпішін қалау рәсіміне қатысу.
Аталған шара барысында аудан әкімі М. Әуесұлы жаңа нысанның бой көтеруі ауыл халқы үшін маңызды екеніне тоқталып, клубтың алғашқы кірпішін қалады. Мұнан соң мердігер мекемеге сапалы әрі уақытылы аяқталуын тапсырды. Білуімізше, клуб жыл соңында ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі.
Оңталап Мүсілім басшылық жасайтын Кәукей ауылындағы жұрт ескірген клубтың орнына жаңасы қажет екенін біраздан айтып жүрген-ді. Көптің тілегі орындалып жоба биыл шешімін тауып, құрылысы басталып кетті. Жоба құны – 372 184, 371 мың теңге. Қазірде барлық қажетті техникалар мен материалдар жеткізілген. Құрылыс жұмыстарына мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» ЖШС жауапты.
Айтпақшы, аудан басшысы жолай Бозкөл-Кәукей аралығындағы жолдың жайымен қанықты. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов жұмыстың барысымен таныстырды. Құрылыс сапалы жүруде. Алыстағы ағайынның жыры болған жолдың бүгінгісін көзімізбен көріп, кәукейліктер үшін қуанып қайттық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК