Қызылқұмдағы қызу тірлік
Бозкөл мен Кәукей аралығындағы жолды жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталды. Ауыл жолдарына қажетті қаржы қомақты болған соң 3 жылда аяқтау жоспарланған. Бас мердігер – Жайнар Сыздықов басшылық жасайтын «Қыран» ЖШС. Осыған дейін екі елді мекен аралығындағы жолға негізгі төсемдері салынып, 10,5 шақырым асфальт қабаты төселген болатын. Биыл бөлінген қаржыға 7 шақырым асфальт қабаты төселді.
Аталмыш жұмыстарды бақылау үшін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Қызылқұм ауылдық округіне арнайы барды.
Мұхтар Оразбаев «Қыран» ЖШС директоры Жайнар Сыздықовқа жолдың қалған бөлігін асфальттауды жедел аяқтау қажеттігін ескертті. Құрылыс жұмыстарын аяқтауға қажетті қаржы толық бөлінгендігін және жауын-шашынға қалмау үшін қосымша техникаларды іске қосуды тапсырды.
Аудан басшысы Кәукей ауылына баратын жолды асфальттау жұмыстарының сапалы аяқталуына тиісті сала басшыларына қадағалауды тапсырды.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Кәукей ауылына сапары кезінде аудан әкімі тұрғындармен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады.
Сондай-ақ елді мекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Ауылдағы мектеп, балабақша, әкімшілік, дәрігерлік амбулатория, клуб және ветеринариялық пунктке барып, қызметкерлермен тілдесті.
Ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін күткен мәселелер жөнінде Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Оңталап Мүсілім аудан басшысына айтып берді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әлеуметтік нысандарға байланысты мәселелерге ұсыныс беріп, олардың тез арада шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды.
“ҚАЗАЛЫ” ақпарат