Егін ерден, өнім жерден
Жаз айының сәні жеміс-жидек пен бақшалық өсімдіктер. Оның ішінде қарбыз бен қауын, асқабақ өнімдеріне сұраныс жоғары. Әрбір үйдің дастарқан мәзірінің көркін келтірері сөзсіз. Денсаулыққа пайдалы әрі қалтаға тиімді болғандықтан қазалылық диханшылар ауыл маңынан бөлінген жерін күтіп-баптауды көктем мезгілінде бастап кеткен. Осындай маңдай тердің игілігін көріп отырғандар қатары артқан. Соның бірі Жайылхан Алдабергенов қауын, қарбызды егіп жүргеніне жиырма жылға жуықтады.
Оның айтуынша, негізгі мамандығы есепшілікпен он жыл Ғ.Мұратбаев ауылында қызмет еткен. Тоқсаныншы жылдары төл теңгемізді алғашқылардың бірі болып халыққа таратқан. Кейін тоқырау кез басталып, жалақы кідірген уақытта жұмыстан қол үзіп, жеке істі қолға алады.
– Бала кезімде атам мен әкемнің жанында жүріп бақша өнімдерін қалай күтудің қыр-сырына қанықтым. Қазір бала-шағама үйретудемін. Алажаздай кетпенімді арқалап бақша басында еңбек етемін. Күніге кетпендеп тамырларына нәр беріп тұрсаң өнім жақсы өнеді. Жан-жағына шыққан арамшөпті отап тұру да қажет. 3-4 күн сайын қауын шыбынына қарсы уды себу әдетім. Сәуірде егістік жерін даярлап, мамырда дәнді септім.
Жалпы қауынның 4 түрін ектім. Күләбі, жәмбілшә, торала, шытырлақ деп аталады. Қарбыздан Жаңақорғанның қарала сортын еккен болатынмын. Бұлардың шығымы 60-70 күнде болады деген ниеттемін, – дейді Жайылхан Әбілұлы.
Мамандар қарбыз бен қауынды ыстыққа төзімді, жарықсүйгіш, шөлге шыдамды, біржылдық өсімдікке балайды. Қарбыз жемісі құрамында көмірсутегі көп мөлшерде, қанты басымырақ болады. Бұдан басқа жемісте 1,5 %-ке дейін ұлпа өзектері мен гемицеллюлозалар, А, В, С, РР дәрумендері кездеседі. Жемістен негізінен жаңа піскен күйінде және қарбыз балын, повидло, кондитерлік өнімдер, цукаттар, кәмпиттер дайындау үшін, сондай-ақ тұздау үшін қолданады.
Ал дәрумендер мен қант құрамы бойынша қауын тіпті қарбыздан да асып кетеді екен. Қауынды да жаңа піскен күйінде жеңсік ас ретінде қолданады. Жемістері қайта өңделген күйде кеңінен қолданылады. Қауыннан бал, цукаттар, тосап, мармелад дайындайды. Оларды кептіреді және қақтайды. Қақталған қауындарды «қауынқақ» деп атайды. Олар ұзақ уақыт бойы сақталатындығымен таңдаулы. Дәндерінен жоғары сапалы тағамдық май өндіреді. Оның құрамында фолий қышқылы болатындықтан қан аздық ауруларында кеңінен пайдаланады. Жемістерін туберкулез, бронхит, ревматизм және жүрек-қантамыр ауруларында, бүйрек пен бауырдың дерттерінде қолдану ұсынылады. Ежелден-ақ қауын шырынын ішек құрттарына қарсы ем ретінде, тамақ аурулары мен созылмалы жөтелге қарсы қолданады.
Осындай пайдалы дәрумені бойында бар өнімнің тиімділігін түсінген Жайылхан Әбілұлы ешқандай тыңайтқыш қолданбай, таза табиғи тауарды халыққа ұсынуға ниетті. Дала еңбеккерінің кәсібі нәтижелі болып, мол егін алуына біз де тілекшіміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА