Жақсы бастама жалғасты

Ас беру рәсімін қазалылық ақын, сазгер Нұрболат Бекетаев жүргізді. Айтулы шарада бас қалаға 2003 жылдан бері тұрақтаған ардақты ақсақал Қаршыға Жұмабайұлы өзінің алғысөзінде:
– Бұл жиын 2017 жылдан бері бір топ қазалылық жастардың ұйымдастырумен басталды. Жастар ата-бабаларына ас берумен қатар, жыл сайын жерлестерінің қуаныштарына ортақтасып, мұқтаж жандарға қаржылық көмегін үздіксіз көрсетіп келеді. Бүгінде осындай өнегелі де белсенді жастардың қатары 30-ға жуықтады, – деді ол.
Мұнан соң ас беру барысында аралдық ақсақалдар Алданыш Нұрымов, Өтеген, жыршы Алмас Алматов, білім саласының ардагері Шарапат өзінің ізгі тілектерін айтты.
Шараның тізгінін алған Нұрболат:
Жақсы болсаң аларсың бата елден,
Алыста жүрсек дағы туған жерден.
Сәтті күні бас қостық ағайындар,
Азаматтар арқасында сана берген.
Көп түкірсе демей ме көл болады,
Бірлік болса ырысы мол болады.
Бүгінгі астың боларына бастау болған
Жігіттерді айтқанымыз жөн болады, – деп, осы дәстүрлі шараны ұйымдастырушылар: Бауыржан, Сейілхан, Мұрат, Болатбек, Дінәлі, Әділ қажы, Ерлан, Талант, Серік, Әділбек, Қоңырат, Маралбек, Мұхит,Бертай, Қайрат, Оңдасын, Орынбасар, Талғат сынды азаматтарды ортаға шақырып, көпшіліктің атынан алғыс білдірді.
Ұйымдастырушы жастардың атынан сөз алған Бауыржан жиналғандарға рақмет айтып, ардақты ақсақалдардың бір тобының иығына шапан жапты. Сонымен бірге осы шарамен тұспа-тұс келген ақын, сазгер Нұрболат Бекетаевты да туған күнімен құттықтап, жұбайы екеуіне сый-сияпат көрсетті.
Ас беру рәсімінің соңында Әділ Қажы бабалар рухына бағыштап құран-хатым жасады.
Ұрпағымыз ағайын асыл тектің,
Бабалар ұмытылмас ғасыр өтсін.
Келер жылда баршамыз аман болып,
Бас қосуға Тәңірім нәсіп етсін! – деп басқосуға жиналғандар ризашылығын білдіріп, тарасты.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі