Жауыр болған жол жыры
Былтыр кент орталығындағы Әбілқайыр хан көшесіне жаңа асфальт төселеді дегенде жергілікті тұрғындар бөркін аспанға лақтырып, қуанғаны бәрінің есінде. Бірақ жұртшылықтың қуанышы ұзаққа көпке созылмады. Сәуір айында басталған жөндеу жұмыстары жолдың негізгі қабатын қырып, тегістеумен ғана шектелді. Жұмыс қарқынының баяулығы көше тұрғындарының көңіліне қаяу түсіргенін біз де аңғардық. Бұл мәселе басылым бетінде бірнеше мәрте көтеріліп, тіпті редакцияның түсірілім тобы жөндеу жұмыстарының кейінге шегерілуінің себебін анықтап, арнайы бейнерепортаж да жасаған болатын. Сол түсірілім барысында мердігер мекеме «Кочевник» ЖШС өкілінің уәдесінен соң, жөндеу жұмысы жалғасқандай болып, гравийлі құм төселген-ді. Жол құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында аяқталады дегенге үміттенген халық мердігер мекеме өкілінің уәдесіне сенгеніне налиды. Тіпті ашынған халықтың арасында «Кочевник көшіп кеткен болар» деген әзіл-шыны аралас сөз де айтылып жүр.
Бүгінде көшенің жол құрылысының тоқтап тұрғанына бір жылдан асты. Тұрғындар жолдың жөнделусіз қалғанына да үйренген. Алайда жаңбырлы маусымда балалардың батпаққа батып, әуре-сарсаңға салынатынын айтпаса болмайды. Әсіресе жаңбыр жауған кезде көпшілігі «Кинопрокат» деп атап кеткен көне ғимараттың тұсынан өтуге мүмкіндік жоқ. Оның үстіне көшеде жаяу жүргіншілерге арналған жол да қарастырылмаған. Тек төте жолмен сол лайсаңды кешіп өтуге тура келеді. Осы уақытқа дейін тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен аталған мәселені шешіп беруін сұраған, бірақ олардың өтініші қанағаттандырылмай, жауапсыз қалған.
Көше тұрғыны Жадыра Скендирова жол мәселесі туралы тиісті мекемелердің әлеуметтік желілілердегі парақшасына бірнеше мәрте жазғанын, бірақ олардан да тиісінше жауап алмағандығын айтады.
– Көше жолы кедір-бұдыр. Бұрын межелеген жерге асфальттың жиегін қуалап баратынбыз. Былтыр төсеген гравийдің тастары бетіне шығып, аяққа батады. Жолдың сапасыздығы аяқкиімді де тез тоздырады. Аяқ киімнің жарасы жеңіл ғой, осындай сапасыз жолдың салдарынан көліктер жиі бұзылып жатыр. Көлік қозғалысы осы мезгілде артатынын ескерсек, онсызда амалдап жүрген темір тұлпар тізгіншілерінің ой-шұқырлы жолдың кесірінен қаншама шығынға батып жатқандығын құзырлы мекемелер түсінуі керек, – дейді тұрғын.
Ал көшенің келесі бір тұрғыны Сапарбек Ашықбайұлы:
– Біздің көшенің жолымен таксилердің өзі жүргісі келмейді. Себеп жолдың нашарлығы. Бәрінің айтатын сөзі бір, жолдарың тесік-шұқыр. Көліктің ходовкасы онсыз да шаршап тұр. Басқа таксиге мінсең қайтеді дейді. Қазалының басым көпшілігі көне көлікті тізгіндеген. Жолдың сапасыздығы қалтаға біршама салмақ түсіреді. Көліктің қосалқы бөлшектерінің бағасы айқайлап тұр. Бәрі бір-бірімен байланысты. Бұдан бөлек жолаушылар таситын маршруттарға біраз қолайсыздық тудырады. Біздің көше жүк көліктері ең көп жүретін жол деуге болады. Ал ауыр жүк көліктері былтырғы төселген гравий тасты таптап, көшенің одан сайын сұрқын кетірді, – дейді.
Тұрғын үй коммуналдық, жолаушылар қатынасы және автомобиль жолдары бөлімінің жолдаған мәліметіне сенсек, жол құрылысының аяқсыз қалуына басты себеп – асфальт қабатына қажетті материалдарды тасымалдау қиындығы жұмысты мерзімінде аяқтауға кедергі болған. Белгіленген жұмысты соңына дейін жеткізбеген мердігер мекеме «Кочевник» ЖШС-не жұмысты мәжбүрлеп орындату үшін сотқа жолданған талап-арыз нәтижесінде, мердігер мекеме жосықсыз қатысушы ретінде танылып, 0,1% тұрақсыздық айыбы өндірілген. Жұмыстың орындалмаған бөлігіндегі қалған қаражат бюджетке кері қайтарылып, көпті күттірген жол құрылысы 2022 жылға қайта жоспарланып отыр. Бүгінде облыстық бюджеттен көше жолын жөндеуді аяқтауға қажетті қаражат сұралып, тиісті өтінімдер тапсырылған.
Халық игілігі үшін жасалып жатқан жол құрылысы жоспарға сай аяқталуы алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен былтырғыдан сабақ алсақ, биылғы жұмысқа салғырт қарамай, жауапкершілікті сезіну қажет-ақ. «Жүгенсіз іс жарға жықпас» демекші, құзырлы органдар мен тиісті мекемелер де жол құрылысы басталғаннан-ақ бәрін өз бақылауында ұстап, жиі қадағаласа, жауыр болған жол жыры аяқталып, уақытылы ел игілігіне берілер еді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ