Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Кочевник” неге кешікті?

“Кочевник” неге кешікті?

Сәрсенбінің сәтті күнінде редакцияға Әбілқайыр хан көшесінің тұрғындары қоңырау шалып, көшенің жөндеу жұмыстары тұралап қалғанын жеткізді. Мәселенің байыбына бару үшін өз көзімізбен көргенді жөн санап, оқиға ­орнына жеттік.
Белгілі болғаны, осыдан 3 ай бұрын Әйтеке би кенті орталығындағы Әбілқайыр хан көшесіне толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілуі қажет болған. Алайда жауапты мердігер мекеме «Кочевник» ЖШС осы уақытқа дейін тек көше бойын тегістеумен ғана шектелген. Олар «2 жарым айда толық аяқтаймыз» деп уәде бергенімен, әлі күнге дейін көше құрылысы қозғалыссыз жатыр. Көлік өтсе шаңы бұрқырап аспанға көтерілгені онсыз да экологиялық аймақта тұратын тұрғындар үшін оңайға соқпай тұр. Ызаға булыққан көше тұрғындары наразылықтарын жеткізіп, мәселенің жақын күндері шешімі табылғанын қалайды. Расында жауапты мекеме неге кешікті? Байыбына бірге барайық.
Әбілқайыр хан көшесіне барғанымыз сол-ақ екен, тұрғындар әп-сәтте жинала кетті. «Бізді балаша алдап отыр», «Неге жауаптылар жүктелген жұмысын жасамайды» деген реніштерін жеткізді. Түйткілдің түйінін тарқату үшін ең әуелі Қазалы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылыр көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлерімен тілдестік. Олардың айтуынша, мердігер мекеме уақытында жұмысын аяқтамауына байланысты сотқа арыз беріп қойған. Бірақ құрылыс жұмыстары нақты қай күні аяқталатынына жауап бере алмай отыр.
Бастаған істі соңына жеткізу журналист біткенге тән қасиет емес пе?! Шешімін табуға бекініп, артынша мердігер мекеме «Кочевник» ЖШС-мен байланыс құрдық. Мекеме қызметкері Алтынбек Алтыбаев аз уақыт ішінде оқиға орнына келіп, тұрғындарға барлық жайды түсіндіріп берді.
– Көше тұрғындарының реніші орынды. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі пандемияға байланысты қажетті заттарды сырттан алдыру қиындыққа соғып отыр. Өткен аптада көптен күткен 15 вагон қиыршық тас әкелінді, бүгін тағы 10 вагон келді.
Қазіргі таңда Қазалы қаласында 10 көше жөндеуден өтіп жатыр. Оның 7-уі аяқталды және қалған үшеуі жақын күндері бітетін болады. Одан соң Әбілқайыр хан көшесінің құрылысын бастайтын боламыз. Сәтін салса бір жарым айда халық су жаңа көшенің игілігін көретін болады. Бастысы сабыр сақтап, түсіністікпен қараса екен, – деді мекеме өкілі.
«Құрылыс мерзімі өтіп жатыр. Қазақ «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» демей ме, сол секілді мұндай дауға ұласатын болғанда әуел баста мойынға алмау керек еді». Бұл көше тұрғыны Ақылбай Күншығаровтың жанайқайы.
– Былтыр ауданда бірқатар көше асфалтталды. Барлығының да сапасы жақсы. Көргенде өз көшеміз болмаса да қатты қуандық. Биыл жыл басында Әбілқайыр хан көшесі қайта ретке келтіріледі дегенді естіп, жол былтырғыдай болады деп ойлағанбыз. Алайда барлығы керісінше болды.
Өткен сәуір айында көшенің ескі асфальты алынып, тегістеу жұмыстары жасалды. Бірақ 3 ай өтті, көше әлі сол қалпында жатыр. Қазір терезе ашып, есік алдына шығудан қалдық. Көше тұрғындары атынан құзырлылардан осы мәселені жақын күндері шешіп беруін сұраймыз, – деді ол.
Мұнан бөлек көше тұрғыны Нұргүл Күнту: «Бұлай ұзаққа созылатын болғанда, әуелде бастамау қажет еді. Тіпті тегістеудің де қажеті жоқ болатын. Өйткені қазір сәл жел тұрып, көшеден көлік өтсе болғаны шаңы бұрқырап аспанға көтеріледі. Ара-тұра кешкілік су шашады. Оның өзін аз-аздан ғана себелеп кетеді. Алда күз. Ертеңгі күні жол жөнделмесе, жаңбыр жауып көше бойы балшық болғалы тұр», – деді көше тұрғыны.
«Халық сыны қатесіз» деген. Әбілқайыр хан көшесінің жұртшылығының реніші орынды. Жауапты мекеме бұлай кешікпегенде мұндай дауға ұласпас еді. Сондықтан тез арада осы түйткілдің түйіні тарқатылмаса соңы қиындыққа ұласары сөзсіз.

А.БАҚЫТҰЛЫ
14 тамыз 2021 ж. 598 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930