Спорт алаңы – жастар игілігіне
Аудан жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру қазіргі уақытта қарқын алып келеді. Жас спортшылардың бірі бокстан әлем чемпионы атанса, енді бірі жүлделі орындармен оралып жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Мұның барлығы ауданда спорт алаңдарының көптеп салынуы мен түрлі секциялардың ашылуында болса керек.
«Тәні саудың – жаны сау» демекші, дене шынықтыру спортты жанына серік еткен жанға пайдасы мол. Күні бойы сергек жүрудің бір тәсілі болса, сөзсіз ол – спорт. «Бірінші байлық – денсаулық» деген қазақтың дана сөзі соған дәлел болса керек.
Жуырда Шәкен ауылында балаларға арналған ойын алаңының құрылысы басталды. Оған арнайы конкурс жарияланып, «Инжинер Строй Групп» ЖШС жеңіп алған болатын. Жалпы қаржы көлемі 7166608 теңгеден тұратын алаңның аумағы 450 шаршы метр жерді құрайды. Онда бұқаралық спортты дамыту және жастарды спортқа баулу мақсатында волейбол, баскетбол және футбол алаңдары бар. Мамыр айында басталған іс маусым айыңың соңында пайдалануға беріледі дейді жауаптылар.
Осы орайда ауылдық округ әкімі спорт алаңы жайымен бөлісті.
– Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Дене шынықтырумен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Бұл алаң ауыл тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізері сөзсіз. Жастар – болашағымыздың алтын тірегі. Олардың арасындағы нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу үшін осындай игі істер көптеп жасалып жатқаны жан жадыратады. Келешек ұрпақты спортқа бейімдеуге жəне бос уақытын тиімді пайдалануға көмегі көп. Негізінен алып тұлғалар ауылдан туады. Бұйырса, округтен белгілі спорт шеберлері мен атпал азаматтардың шығатынына сеніміміз мол.
Тағы бір айта кететіні, ағымдағы жылда, сәуір айының 16-сы күні №28 шартқа сəйкес «Қазалы келбеті – 2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен 1560000 теңгеге көркейту көгалдандыру мақсатында Шилі елді мекенінде ауыл іргесіндегі бұлақтан №259 негізгі мектепке дейін су тартылды. Бүгінде жұмыс аяқталып, талдар суарылып, тұрғындар ризашылығын білдіруде.
Алдағы уақытта тамыз, қыркүйек айларында төрт түлік малды суаруға 23128000 теңгеге Шәкен ауылынан бұлақ қазуға аудандық сатып алу бөлімі арқылы конкурс тəсілімен жеңімпаз аңықталуда. Біз бұл арқылы ауылшаруашылықты дамытуда орасан зор үлес қосамыз деп ойлаймын, – дейді округ әкімі Тимур Кималов.
Осылайша Шәкен ауылы заман ағынынан ауытқымай дамып келеді. Алдағы уақытта спорт алаңы межеленген уақытында тәмамдалып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға беріледі деген сенімдеміз. Жаны жаңашылдыққа құмар ауыл тұрғындарының жағымды жаңалығы көп болғай.
Серік АҚМЫРЗА