Сусыз арықтар алаңдатады
Соңғы жылдары Сыр өзенінің сирақтан келмей тұрғаны салдарынан жергілікті жұрт аяқсудың азайғанына алаңдайды. Орталық көшелердегі арықтарда су бірде бар болса, келесі жолы көру қиындайды. Ал аудан халқы арғы бет атап кеткен 5-ші квартал аймағындағы арықтардың табаны су көрмегеніне көп болған. Соның салдарынан іші қоқысқа толып, тіпті кей тұсындағы арналары жабылуға таяған. Ендігі бақша жұмыстары да басталды. Ондағы ала жаздай тірнектеп, күзде өнім аламын деген жұрт бұдан кейін аяқсудың рақатын көрмей ме? Расында бұл арықтың арнасын қашан тіршілік көзі тірілтеді?
Аталған мәселені М.Маметова көшесінің тұрғыны Ораз ақсақал үнемі айтып жүретін. Жолай мені көре қалса тоқтатып мән-жайды түсіндіріп береді. Түйткілдің түйінін тарқатуға көмек жасап, газет бетіне жариялауымды өтінеді. Өз көзіммен көруді ұйғарып, арық басына бардым. Қария айтқандай-ақ шынымен канал бойы қоқыстан көрінбейді. Тіпті сол жердің тұрғындары ауласындағы іске жарамсыз заттардың барлығын сонда барып төгіпті.
Бүгінгідей Сыр суының тартылуына байланысты арықтарда су болмауы таңдандыра қоймайды. Десек те ертеректен ізі бар орындардан тіршілік көзін үзбеу керек. Қанша дегенмен тұрғындар осы жердегі аяқсудың арқасында бақша егіп, өнімін алып келді. Сондай-ақ қоқыс мәселесін көпшілік қолдан тудырып отыр. Егер сіз бен біз қолдағы қалдықты арнайы жәшікке салып жүретін болсақ мұндай жағдай орын алмас еді. Арықтың жайын көптен бақылап жүрген көше тұрғыны Алмас:
– Бұл арна су көрмегелі көп уақыт болды. Жоғары жақтан жауып қойған. Арықтарға қарай келетін жолды бақылап шықтым. Бірақ мұнан бөлек дариядан бөлініп шығатын арналарда да тіршілік көзі мүлдем жоқ. Құрғап, сор болып жатыр. Сонымен бәрі түсінікті болды. Демек әзірге мұнда су келмейді. Олай болса каналды жауып тастау керек. Өйткені Жетес би мен М.Маметова көшесінің қиылысы жүргізушілер үшін қолайсыздық тудырады. Ал оны арғы жағында арық жатыр. Қыс мезгілінде бұрыламын деп мұз үстінде зырғи жөнелетін көліктердің талайы Алла сақтап аман қалды. Әйтпесе, арты ауыр оқиғаға алып келуі мүмкін еді, – дейді.
Жоғарыда айтқандай ертеден келе жатқан арнаны жабу оңай іс емес. Мұны жауаптыларда құптай қоймайды. Сондықтан сондағы жұрттың тілегі орындалатын күннің келетіні анық. Бастысы Сыр суы толатын болса, сыйын аяп қалмайтыны даусыз.
Нұр БАҚЫТ