Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Арғы беттегі” ағайынның айтары бар

“Арғы беттегі” ағайынның айтары бар

Жамал апамызды қартайтқан «Алтай» әні болса, бізді шаршатқан сол баяғы көше қозғалысының ретсіздігі мен жол белгілері. Бітпейтін «жырды» тағы жариялауға тура келіп отыр. Өйткені осының болмауы салдарынан аудан ішіндегі көшелерде келеңсіз жағдайлар қатары көбеюде.
«Кент орталығында жол белгі­лері мүлдем жоқ» деуден аулақпыз. Алайда осы бір түйткіл теміржолдың арғы бетіндегі ағайын үшін қиындық тудырып отыр. Бұл аудан қазынасынан қыруар қаржыны қажет ететін күрмеуі шешілмейтін мәселе емес, тиісті мекемелердің салғырттығының салдарынан орын алып отырған олқылық.
Бұл жолы бірінші 5-ші квартал аумағындағы жол белгілері жайын сөз етпекпіз. Әйтпесе, билік басындағы ағалар онда да аудан халқының бір бөлшегі тіршілік ететінін ұмытып кететін секілді.
Көпшілік арғы бет атап кеткен аймақта жолы жөндеу көрген бірнеше ғана көше бар. Атап айтсақ, Михайлюк, Қ.Ерімбет, Абай, Маметова, Жетес би көшелері асфальтталған. Мұндағы Михайлюк пен Қ.Ерімбет бойына түнгі жарықшаммен тротуар жүргізілген. Алайда тақымдарына темір тұлпар тисе есіріп кететін кейбір жүргізушілер жол бойын ойқастап жүріп «от басады», ал, енді біреулері тасада «тығылып» тұрған немесе бетіндегі таңбасы жауын-шашын мен күннің сәулесінен өңіп кеткен тыйым белгілерін байқамай қалып, жол ережесін бұзып жатады. Алғашқысын, заңға пысқырып та қарамайтын көлік иесінің есерлігіне тели салуға болар, ал, бірақ, соңғысына жүргізуші кінәлі емес. Өйткені жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы, уақытылы жөндеу көрмеуіне көлік тізгіндегендерді айыптай алмайсыз. Осы ретте Михайлюк көшесінің тұрғыны Нұрбек Батырбай: «Бұл көшенің асфальтталғанына біраз уақыт болды. Қазір жол бойы шұрық-тесік. Одан қалды жол белгілері ескіріп, күннің сәулесінен бояулары өңіп кеткен. Сондықтан барлығын қайта жөндеуден өткізсе жақсы болар еді» – дейді.
Басқасын айтпағанда, мұндағы бір ғана Жетес би көшесі бойындағы жол белгілеріне байланысты келеңсіз­діктердің өзі-ақ жол-көлік оқиғаларына себеп болуға жетіп жатыр. Тек жамандықтың бетін әрмен етсін дейік. Дегенмен бұған дейін белгілердің дұрыс орнатылмағаны салдарынан бірнеше рет жол-көлік оқиғасын көзіміз көрген. Тіпті ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінен орын тапқандар да кездесті. Оған өткен жылы орын алған Жетес би мен Кабельная көшелерінің қиылысында орын алған жол-көлік оқиғасы. Абырой болғанда адам шығыны болмады. Ондағы тұрғындардың айтуынша, бұл маңда белгілер түсініксіз қойылып тұр. Олар екі жолдың бұрылысына жасанды жол тосқауылы қойылып, жаяу жүргіншілер жолы салынғанын қалайды.
– Жүргіншілерге арналған жол сызығын 5-ші квартал аумағынан кезіктіру қиын. Тұрғындар тәртіпке бағынып, ереже бұзғысы келмейді. Алайда жол белгілері жоқ болғандықтан арты қиындыққа әкеп соғады. Бұл ауданның атқа мінер азаматтарына анау айтқандай қиындық тудыра қоймайды деп ойлаймын, – дейді Жетес би көшесінің тұрғыны Аман Жарылқап.
Мұнан бөлек Жетес биде түнгі жарықшам бар демесеңіз, жаяу жүргіншілер жолы мүлдем жоқ. Сол секілді Маметова, Абай көшелері жол белгілерімен қарастырылмаған. Сол маңайдағы жауаптылардан күдерін үзген тұрғындар балалар қауіпсіздігі үшін өздері қолдан жасанды жол тосқауылдарын жасап алған.
Осы орайда аудан басшылығы 5-ші квартал аймағының шет жағында орналасқан көшелердің жайын, ондағы ағайынның уәжіне құлақ түрсе дейміз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
28 наурыз 2022 ж. 641 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031