Алғысқа лайық ақ халаттылар
Дәрігер – аса жауапты мамандық иесі. Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған жандардың бірі – Іскендір Жұмағазы. Ол Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі. Бүгінде аталған бөлім дәрігерлері мен мейіркештері күн-түн демей, үзіліссіз еңбек етуде.
Елдегі ахуал медицина қызметкерлерінің адам алдындағы парызы мен мамандыққа деген ынтасын еселей түсті. Адам тағдыры таразыға түскен шақта дертке дауа, жанға дәру бола білген ақ халаттылардың жанарында ертеңгі күнге деген үлкен сенім бар.
Іскендір Жиенбайұлы 1985 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойыншы бітірген. Бұдан соң Қызылорда қаласында интернатурада білім алды. 1986 жылы Қазалы аудандық ауруханасына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастады. Жас кезінен дәрігер болуды мұрат еткен Іскендірдің таудай талабын ата-анасы қолдап ақ батасын берді. Жүрек қалауымен келген салада жұмысқа білек сыбана кіріскен жас көпшіліктің алғысын арқалады. Тәжірибесі толысқан, білікті маман 35 жылдық еңбек жолында түрлі қызметтерді абыройлы атқарды. Алғашында аймақтық педиатр, одан кейін балалар бөлімінің меңгерушісі тізгінін қолға алды.
Дәрігердің арнайы рұқсатымен жұқпалы аурулар бөлімінде болып, дәрігерлердің қызу еңбегін көзбен көріп қайттық. Таңның атысы, күннің батысы келіп, түскен жандардың денсаулығын жиі бақылап, жан-жақты тексерістен өткізіп отырған олардың жұмыс кестесі де тығыз. Бас-аяғы жиырма минуттың ішінде бөлімдегі жағдайдың жай-жапсарын білуге тура келді.
– Қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған жандармен қарым-қатынаста болған 35 адам карантинде жатыр. Оқшаулау мерзімі 14 күнге созылады. Бөлімге түскен жандардан анализ алынып, облыс орталығына жөнелтіледі. Күнделікті температурасын өлшеп, дене қызуының қалыптылығына көз жеткіземіз, – дейді бөлім меңгерушісі Іскендір Жұмағазы.
Коронавирус инфекциясына орай ашылған бөлімде дәрігер Дархан Шәкір, дәрігер эпидемиолог Эльмира Нуптуллаева, аға мейіркеш Гүлмира Ибрагимова және мейіркештер Гүлмира Муса, Әлия Сүлейменова, Бибігүл Дүйсмаханова, Нұргүл Мұрат, Ақзира Қадыр, Гүлсім Жалдыбаева, Светлана Тәжібаева, Жадыра Берсүгір, Светлана Аяпова, Мархабат Жандеу, Марал Тлеуқұлова, кіші мейіркештер Алма Нұрман, Венера Нәжім, Сәбира Тоқсанбай, Айнагүл Смағұлова, Сәуле Қалқай, Бибігүл Айтуғанова, Гүлзира Шаханова, Роза Толыбаева, Жанар Баймұхан, шаруашылық мейіркеш Күләш Батыр және ас таратушы Мариямкүл Сахи қызмет етуде.
Іскендір Жиенбайұлының айтуынша, төтенше жағдай орын алғалы бері бұндағы медицина қызметкерлері уақытының басым көпшілігін жұмыс орнында өткізуде. Елдегі ахуалға орай дәрігерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар көңілден шығады. Бөлімдегі бірнеше қызметкер мемлекет тарапынан бөлінген айлық сыйақыға лайық деп танылған.
– Дертке шалдығып, аурухана төсегіне таңылған жанға ем-дом жүргізу біздің басты міндетіміз әрі парызымыз. Медицина саласын таңдап келген әрбір адам түрлі ауыртпалыққа дайын болып, дер кезінде шешім қабылдай білуі тиіс. Біз мамандығымызбен мақтанамыз, оған әркез адалдық танытамыз. Дәрігерлер мен мейіркештердің, тағы басқа медицина саласында жүрген жандардың еңбегін ескеріп, қаржылай қолдау көрсеткен мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді аға мейіркеш Гүлмира Ибрагимова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА