Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтауға лайық мамандар

Мақтауға лайық мамандар

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Яғни сырқаттанып ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген ақхалатты нәзік жандылардың мерекесі. Күндіз-түні адам жанының арашасы болып жүрген ізгілікті маман иелерінің еңбектері айтарлықтай-ақ. Ал осындай жандарға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Мереке қарсаңында Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімі нәзік жандыларының өлшеусіз еңбегіне тоқталғанды құп көріп отырмыз.
Біз айтып отырған мамандық – ұқыптылықты, қарапайымдылықты, әрі қайсарлықты талап етеді. Осы ретте тақырыпқа арқау еткелі отырған абзал жан Айнагүл Сайпенова өз ісінің жанашыры, антына адал қызметкер.
1963 жылы Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекенінде дүниеге келген Айнагүл сол ауылда өсіп, №78 мектепті 1980 жылы тәмамдаған. Оның бала күнгі арманы – ақ халатты жан атану. Дегенмен сол тұста Комсомол жастар бригадасы құрылады. Мақсаты – ауыл жағдайын жақсарту, әл-ауқатын көтеру еді. Міне, сол кезде Айнагүл 2 жылға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін елде қалады. Туып-өскен жерге деген міндетін абыроймен аяқтаған нәзік жанды бастапқы көздегенінен айнымай, 1982 жылы Түркістан медициналық училищесіне оқуға түседі. Жан-тәнімен қалаған мамандықты 1984 жылы бітіріп, Гиппократ антын қабылдайды. Араға үш жыл салып, яғни 1987 жылы наурызда мамандығымен қызметке орналасады. Бүгінде қадірлі жанның осы салада тер төгіп келе жатқанына – 35 жыл толыпты.
– Адам жанының саулығы ең бірінші Жаратқанның қолында. Алайда бірінші болып науқасқа көмек көрсету бізге жүктелген. Қандай дәрі дәрмек қажет болып, нақты диагноз қою мейірбикелерге байланысты. Демек қателесуге болмайды. Жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп келе жатқаныма аз уақыт болған жоқ. Бірақ осыншама жылдардың ішінде «әттеген-ай» деген тұсым болмапты. Өйткені қиындығы мен қуанышы қатар жүретін жұмысты өзім сүйіп істеймін. Сондықтан болар шақырту түссе, сапалы жұмыс жасауға тырысамын. Жұмыс болған соң күн демей, түн демей еңбек ету қажет. Ал шаңырақтың иесі әуелден маған қолдауын аямайды. Әрдайым жұмысты асқан жауапкершілікпен, ұқыпты жасауды айтады, – дейді ақхалатты жан.
Айнагүл Сайпенова 1995 жылы Сәдіқұл Бекболатовтың шаңырағына келін болып түседі. Қазір отағасымен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр.
Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөліміндегі Аманкүл Алуадинова да осы саланың білікті маманы. Ел алғысына бөленген жан мамандығының ыстығы мен суығына төзіп келе жатқанына – 34 жыл болды.
Аманкүл Өмірзаққызы 1965 жы­лы Қазалы қаласында дүниеге келген. Сондағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепті 1982 жылы аяқтайды. Көп ұзамай Қызылорда қаласындағы медициналық коллледжге оқуға түседі. Осылайша колледжде екі жылдық білім алып шығады. Сол тұста Ленинск қаласындағы госпитальда 3 жыл жұмыс жасайды. Одан соң елге келіп орталық емханада қызметін жалғастырды. Сөйтіп 1989 жылы тұрмысқа шығады да, сол жылы жедел жәрдем бөліміне қызметке орналасады.
Уақытында талай емге зәру болған жандарға қол ұшын созған дәрігер кешегідей кеселмен күресте де біраз жетістікке жетті. Тіпті үй-үйді аралап, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Міне «мамандыққа адалдық» деп осыны айтса керек.
– Мақсатыңа жету жолындағы өз ізіңнен таймасаң, талай белесті бағындырарың сөзсіз. Бір саладағы ұзақ жылдар бойы атқарған еңбек маған осыны ұқтырды. Қазір шүкір, жаман болған жоқпыз. Кеселмен күрес барысындағы табандылықтың арқасында талай науқастың аяқтануына жұмыс жасадық. Оқуға түсудегі басты мақсатымыз халыққа қызмет ету болса, сол мақсат орындалды деп ойлаймын. Тек жауапкершілік бойыңнан жоғалмаса, алдыңдағы науқасты да жоғалтып алмайсың, – дейді білікті маман.
Бүгінде мақтауға лайық маман 2 қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіруде. Тұңғыш қызын ұядан ұшырып, өмірлік серігіне тапсырса, ұлы келін түсіріп, шаңырақты қуанышқа бөледі. Ал кіші қызы Нұр-Сұлтан қаласында өз мамандығымен нәпақа табуда.
Тәжірибелі мамандардың ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі де ескерусіз қалған емес. Жоғарғы санатты маман бірнеше мәрте грамотамен марапатталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының да алғыс хатына ие болды.
Еңбек еленер, бастысы марапатқа емес, мемлекетке қызмет ету мақ­сатыңа айналса болғаны. Бұл сөзі­мізді ұзақ жылдық тәжірибесі бар кейіпкерлеріміздің өмір жолы да қуаттап тұрғандай.

А.БАҚЫТҰЛЫ

12 мамыр 2022 ж. 785 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930