Ұлы жеңіс күні тойланды
Ұлы Жеңіс мерекесінің 77 жылдығына арналған мерекелік шара Әйтеке би кентіндегі "Жеңіс" саябағында өтті.
Жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған ел ағалары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Соғыста қаза болғандарға арнап «Тағзым» алаңының алдына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған ел ағалары мен аудан тұрғындары салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Мұнан соң жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін әруақтардың рухына құран бағышталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтады.
– Жеңісті жақындатуға үлесін қосып, сол зұлмат күндерге жастық шағы қатар келген аға буынның барлығы ұлықтауға лайық. Ортақ Отанды қорғау үшін біздің ауданымыздан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Жыл өткен сайын олардың қатары азайды. Бүгінде Тілеуберген Тобабергенов пен Қабақ Смағұл сынды аталарымыз ғана арамызда.
Біз Жеңіс сарбаздарын әлі де жауынгерлік сапта деп есептейміз. Өйткені, ардагерлер өнегелі істерімен, ұлағатты ақыл-кеңестерімен ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан, қай кезде болсын Жеңіс жауынгерлерін ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
"Жеңіс" саябағында орнатылған сахна төрінде «Ерлік ешқашанда ұмытылмайды» атты театрландырылған қойылым қойылып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат