Аудан әкімі "Атамекен" ансамблімен кездесті
Қазалы ауданында өнерге құмар ардагерлердің басын қосқан «Атамұра» ансамблі бар. Жастары жетпіс-сексенге келсе де түрлі аспапта ойнап, мың бұрала би билейтін өнерпаздар өз жетістіктерімен көпшілікті қуантып келеді.
Ардагерлер ансамблінің мүшелерімен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кездесіп, зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық шаралардан қол үзбей, көпке үлгі болып жүрген өнерлі жандарға шынайы алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын сақтауда елеулі қосып жүрген ардагерлерге ризашылығын білдірді.
Мұнан соң мәдениет саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталып, олардың шешілу жолдарын айтты.
– Мәдениет саласына қатысты менің атыма бірнеше өтініштер жазылды. Олардың қатарында Әйтеке би кенттік клубын мәдениет үйі етіп, оны жаңа ғимаратқа көшіру, мәдениет үйіне Мәдина Айымбетованың есімін беру, «Атамұра» ансамблін автокөлікпен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар. Айтылып отырған мәселелердің барлығы орынды. Мұның барлығы бір сәтте орындалатын дүниелер емес. Ол үшін тиісті жұмыстар жасалып жатыр, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Кездесуде мәдениет саласының майталманы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Орақ Баубеков «Жеңіс» саябағы мен аудандық оқушылар үйіне қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат