Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала неге оқығанын ұғынбайды?

Бала неге оқығанын ұғынбайды?

Жаңа оқу жылы басталғалы бері «СOVID-19» пандемиясына қарамай, мемлекет санитарлық талаптар белгілеп, мектеп оқушыларының білім алуына мүмкіндік тудыруда. Оқу жылының бір тоқсаны аяқталуға жақын қалса да бағдарламаны түсінбей жүрген шәкірттер қатары көп.
Бір сұхбатында математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев: «Қазір репетиторлардың дәурені жүріп тұр. Бұл – біздің министрлік жасаған реформалардың «жемісі». Біз жүргізген реформаның жүйесіздігі. Анаған еліктеп, мынаған еліктеп, босқа далақтағанымыздан солай болды. Қазір мектепте оқушы оқып отырған сабағын ұқпайды. Сондай деңгейге жеттік. Баланың еріксіз қосымша сабақ алуы содан», – дегенді айтқан болатын. Академикті ашындырған, ертеңді елеңдеткен жайдағы мәселе неде? Кінәлі кім? Кемшілік қайдан кетті? Салқынын тигізген карантин бе, салғырттық танытқан ата-ана ма? Олқылықты толтырудың жолы бар ма?
Санада самсаған сұрақтарды ортаға тастадық.

Қысқа дүниелер қысқа ойлауға дағдыландырады
Тойғаным Сырлыбай, ардагер ұстаз:
– Бұрын бала сабақ оқымаса, «қой бағады, құрылыспен айналысады, сауыншы болады» дейтін. Не кәсіптік білім алып, нәпақасын табатын. Мемлекет барлығын жұмыспен қамтитын. Енді «Білекті бірді, білімді мыңды жығатын» уақыт жетті. Яғни білім-ілімді игере алмай қалған ұрпақтың болашағы әрбір ата-ана, туған-туысты алаңдатуда. Балаларымыз мектеп қабырғасында оқығанда, кітап бетін парақтамай-ақ, мұғалімінің айтқанынан қорытынды шығаруға бейім болатын. Бүгінгілер ондай қабілетке ие деп айта алмаймын. Қазір айтқанды, қазір ұмытып қалады. Оған ақпараттың көптігі де әсер еткен сияқты. Бұрын «білім» терең мұхит сынды жұмбақ ұғым болса, бүгінде қолжетімді дүниедей көрінеді. Бала білуге талпынбайды. Керек дерегін аз уақытта алуға, кез келген жерден табуға болады деп ойлайды. Осындайдан «жеңілдің үстімен, ауырдың астымен» жүретін буын қалыптасып келеді. Сонымен бірге оны қызықтыратын қажетсіз дүниелер көп. Кішкентайлар меңгеруі тиіс нәрсенің орнын осылар алмастырып жатыр. Осыдан жиырма жыл бұрын балабақша, бастауыш мектеп оқушысын ертегі айтып ұйықтататынбыз. Жаңа заманғы балғындардың оны тыңдауға, теледидар көріп, фильм тамашалауға шыдамы жетпейді. Олар көретін, сезетін дүниенің бәрі қысқа. Қысқа дүниелер қысқа ойлауға дағдыландырады. Үлкендер жағы баланың зердесін ашу үшін барынша көңіл бөліп, тыңдап, тым құрығанда, ұзақтау сөйлескені жөн.

Қабылдамау факторын анықтау маңызды
Айгүл Тлеумбетова, психолог:
– Баланың оқу материалдарын қабылдамауын «мына фактордан» деп дөп басып айту қиын. Оның түрлі себептері болуы мүмкін. Анықтау үшін физиологиялық, психологиялық әлеуметтік факторларға назар аудару керек. Қабылдау процесіне: көру, есту, иіскеу, дәм сезу, сипап-сезу жатады. Температуралық анализатор түгел қатысатын болғандықтан, баланың физикалық және ақыл-ой тұрғысынан денінің сау болуы маңызды. Егер бұл дамуларда кінәрат болса, қабылдау баяу, оқығанды есте сақтай алмау байқалады. Әлеуметтік жағынан назардан тыс қалған болса, бала қабылдау аясы жағынан да, сапа жағынан да тар болады.
Оқушы оқып отырған сабағын ұғыну, тапсырманы орындауға белгілі бір мақсат, жоспар қояды. Бұл – мақсатты қабылдау. Осылай жүзеге асса, ол не оқып отырғанын біледі, түсініп қабылдайды. Өкініштісі, қазіргі жағдайда көбіне кішкентайлар жан-жағына алаңдап,баға үшін не үй тапсырмасын орындауға ғана асығады.
Бүгінде смартфондардың қолданысқа енуі балаға қажетті, қажетсіз ақпаратты сұрыпсыз сіңіріп, шамадан тыс қабылдатып, оның концентрациясын бұзып, нәтижесінде мектептегі бағдарламаны қабылдамай, оқығанын есте сақтамайтын жағдайға әсер етеді. Бұл мақсатсыз қабылдаудың айқын көрінісі.
Маман ретінде ата-аналарға айтарым, бала сабақ оқығанда айналасына тыныштық сыйлап, йога, құнарлы тамақтану, ұйқының қанық болуы, тұрақты күн режимін сақтау, телефонға тәуелділіктен арылтуға назар аудартсақ, көмегі тиері сөзсіз.

Бәйгеге ақша тігіп, ынталандырдым
Маржан Абдраимова, мұғалім:
– Балалардың санасының тұйықталуын тек смартфонмен байланыстыруға болмайды. Ақпараттық ағым алдымызға дайын күйінде келгендіктен, қолжетімді дүниелерді қабылдап үйренген балалардың елестету қабілеті төмендейді. Дәстүрлі танымдағы жыр тыңдау, оқу баланың сол сәт көз алдына көріністерді оралтып, ойын ұшқырласа, қазір оның көмегі аз болып тұр.
Тәжірибеде бұл қиындыққа талай кездестік. Шығар жол іздедік. Түрлі бағыттағы іс-шараларды қолға алдық. Солардың қатарындағы өз нәтижесін бергені – бәйгеге ақша қойып оқыту әдісі болды. Ынталанды. Оқушыларым таласа-тармаса «Бақытсыз Жамал», «Жабайы алма», «Ұлпанды» оқыды.
Алғашында өзім демеуші болдым. Екіншіде қор ұйымдастырып, бәйге жүлдесін белгіледік. Бұл екі бастама өз жемісін бергендіктен, мектептің кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржы бөлінді. Кейінгілеріне авторлық кітаптарымды тігіп, қызықтырған жайымыз бар. Тәжірибем қолдау тауып, мақсатымыз жүзеге асып, үмітіміз ақталды. Мұның барлығы айтуға оңай. Астарында үлкен еңбек бар. Әр жарысты өткізген сайын тынбай дайындаласың, зерделерін ашып, тақырыпты игеруге баулитын сұрақтар, ситуациялар даярлайсың. «Дария» дамыту орталығында сұрақтарды жолдап, оған жауаптарды жинақтап, сараптап, тексеремін. Бірде кейіпкерлерге қатысты эссе, бірде ойталқы дайындаттым. Балаға құр «оқы» дегеннен ештеңе шықпайды. Мұғалім мен ата-ана онымен бірге жүруі керек. Оның үстіне бүгінгі буын өздеріне ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Өзіміз сынды ұрланып кітап оқитын балалар қазір де бар. Бірақ саусақпен санарлық.
Жазда «Отбасы хрестоматиясынан» кітаптар алдық. Отбасымызда аналарының кітап оқығандарын көріп, балаларым да кітап оқуға құштарлана түсуде. Барлық уақытта ондай мүмкіндік бола бермейді. Төменгі класта баланы өзімен бірге оқып қызықтырамыз. Бас жағын айтып беріп, жалғасын сұраймыз. Бірде қызықты жерден үзіп, өзінің жалғастыруына мүмкіндік қарастырамыз.

Өзіміз де кінәліміз
Айнұр Мамаева, ата-ана:
– Ақпараттық майдан жайлаған тұста баланы телефон мен теледидардан айырып, кітапқа қызықтыру оңай іс емес. Әр баланың қызығушылығы, танымы түрліше келеді. Барлығын білуін міндеттеу де орынсыз. Бірақ ата-ана ретінде «қатарынан қалып қоймаса екен» деген түсінікпен кейде қаттырақ қинап жіберетін тұсымыз да болады. Әсіресе бастауыш сынып балаларына мектеп бағдарламасын оқыту қиынға соғып тұр. Бұл менің ғана басымдағы қиындық емес, көпке ортақ мәселеге айналып барады. Қазір қарбалас заман. Балаларға жайлы жағдай жасаймыз деп жұмыс істейміз. Осындайда қадағалау азайып кетеді. Тіпті кейде уақыт та болмайды. Күнделікті үй шаруасымен жүріп, «оқыдың ба?» деп атүсті бақылаған амалды балалар да өз қажеттіліктеріне пайдаланып, сабақты жүрдім-бардым дайындайды.
Баладан көретін де жағдай жоқ. Жыласа, қолына телефон ұстап, өзіміздің тыныш, сәбиіміздің мазасызданбағанын қалаймыз. Оған таймер, шектеулі уақыт қоймаймыз. Оның үстіне карантин тұсында да балаларға лайықты көңіл бөлген жоқпыз. Негізі бар жоғарғы класс оқушыларына аса қиынға соқпаған шығар. Ал алғаш әріп танып жатқан 0-1 сынып оқушыларына қиындық тудырды. Қазір ұстаздары сабақтан соң алып қалып, қосымша, ақысыз білім беріп, бағдарламаны игертуге күш салып жатыр. Оларға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
16 қазан 2021 ж. 649 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031