Репетитор – шәкірт бағын жаға ма, қалтасын қаға ма?
Білім – өмір шырағы. Оған қазіргі таңда осы саладағы өзгерістерді, нақтырақ айтсақ, білімге деген талаптың күшеюін қосыңыз. Бұл бүгінгінің баласынан келешекте мал санын қаншаға жеткізгендігі туралы емес, оқу ордасынан алған білімі мен оны қайда жаратқандығы туралы сұралатынын көрсетсе керек. Өйткені әлем халқы көп қолданатын тілді меңгеріп, ғылым көшінен қалмау бүгінгі саясаттың да талабы екені белгілі. Баласын заман ырғағына ілестіремін деген ата-ана, қалтасын қағып, пән мұғалімдерінің бос уақытына жазылып, репетитор іздеумен әуре. Білім ордасындағы арнайы белгіленген қосымша оқыту пәндерін елемей, ойын баласын ақылы оқытушының алдына отырғызып қоюының деңгейін қаншалықты өсіреді? Ал мектеп қабырғасында түстен кейін өтетін қосымша сабақтарға балалардың не себепті барғысы жоқ? Талғамға сай әркім өзі мықты санаған ұстаздан білім алуына болады. Олай болса білім жанашырлары тарапынан ұйымдастырылған ақысыз қосымшалардың кімге керегі бар? Бұл туралы мәселенің мән-жайына қанық азаматтардан сұрап көрген едік.
«Зерде» оқу орталығының орыс тілі пәні оқытушысы:
– Қазіргі таңда ата-аналардың жұмысбастылығынан балалардың үлгерімі төмендеп кетті. Олардың деңгейін көтеріп, тереңдетіп оқыту үшін үй тапсырмаларын орындауға көмектесу мақсатында ата-ана баласын бізге қосымша оқытуға береді. «Зерде» оқу орталығында барлық пән мұғалімі бар. Мен де 40 жыл мұғалімдіктен зейнетке шыққан соң, орталық басшысының шақыртуымен осында қызметке қабылдандым.
Бүгінгі ұрпақтың орыс тіліне деген қызығушылығы төмен. Үйренгісі де келмейтін сияқты. Бірақ ертең үлкен қалаға шыққанда ресми тіл оларға қажет болатыны анық. Сондықтан қосымша оқытуды көп ата-ана қазірден бастайды. Біздің орталық мектептегі оқытушылардың берген білімін тереңінен меңгертуге күш салады. Бұл болашақта білімді маман иесінің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Десек те баланың анасы немесе әкесі бірмезгіл оның үлгерімін қадағалағаны дұрыс. Осында оқитын кейбір оқушы үйге берген өлең мен әңгімелерді жаттамай келеді. Кейін ойдағыдай нәтиже көрсете алмаса ата-анасы келіп: «Ақысын төлеп отырмыз, неге жоғары деңгейде білмейді?», – деп сөйлеп кетеді. Біздің тараптан оқыту үздіксіз жүріп отырғандықтан мұндай әңгіме көңілге тиетіні рас. Сондықтан күніге бір рет болса да баланың не үйренгендігін және үйге берілген тапсырманы орындағандығын бақылауға алуға кеңес береміз.
Лиля Арзахметова,
– Меніңше репетитор көбіне бастауыш сынып оқушыларына қажет. Себебі мұғалім қабылдау деңгейі әртүрлі отызға жуық балаға қырық минуттың ішінде оқу бағдарламасын толық меңгертіп үлгірмейді. Ал баланың түсінбеген тақырыбын ата-ана мұғалімнен артық түсіндіріп, орнын толтырады деу әбестік болар. Осы сәтте репетитор оқушымен бір сағаттан аса жұмыс жасаса, оның тақырыпты жан-жақты түсінуіне жол ашар еді. Өйткені кәсіби маман баламен жеке жұмыс жасағанда барлық педагогикалық әдіс-тәсілді қолдануына мүмкіндік алады.
Алайда репетиторлыққа да біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Оның зияны ретінде үнемі басқаның көмегіне жүгінетіндердің өздігінен білім алуға деген құлшынысы азаятынын айтқан. Өз-өзіне сенімі жоғалатыны тағы бар. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет пайда болады. Сөз соңында ақылы оқытумен айналысатын оқытушыға бағыт беруші, баланың игере алмай қалған тақырыбын үйретіп, қатарға қосушы ретінде қарауға болатынын айтқым келеді.
№266 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы:
– Біздің мектепте түстен кейін қосымша сабақ қарастырылған. Соның ішінде математика курсына қатысып, білім алып жүргеніме бірнеше жыл болды. Қазіргі таңда оқу үлгерімім өте жақсы деп айта аламын. Бұдан бөлек, аудандық оқушылар үйіндегі ағылшын пәні курсына да қатысып жүргеніме үш жылдан асты. Мұндағы Нұрсәуле Еңсепбаеваның білім беру әдісі, бізбен жеке айналысуы қатты ұнайды. Оқу ақысы ретінде айына 100 теңге төлейміз. Сондай-ақ мектептегі Әйгерім Амантаева апайдың «English for Zhastar» жобасында да білімімді тереңдетіп жүрмін. Жан-жақты дайындықтың арқасында сөздік қорым молайып, еркін сөйлей алатын дәрежеге жеттім.
№225 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Мектеп мұғалімдерінің оқу бағдарламасы бойынша және қосымша уақыт арнап оқытуында айырмашылық бар. Себебі бір сыныпты оқытпақ түгілі, оқушымен жеке дайындық жасауға бір күн уақыт жетпей қалатын кездер болады. Мектеп әкімшілігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге баратындарға арнап қосымша сабақты үйлестіріп қойған. Алайда мен оған да қанағаттанбай, оқимын деген баланы үйге шақырып, ақысыз оқытамын. Уақытпен санаспау – мұғалімнің басты артықшылығы деп білемін. Өйткені оқушының білімі арқылы біздің біліктілігіміз сынға түседі.
Содан да болар менің оқушыларым репетиторға барған емес. Жыл сайын олар мемлекеттік грантпен оқуға түсуде. Кейбір үлгерімі төмен балаларға әрине репетиторға баруға кеңес беріледі. Бірақ мұғалімнің оқыту әдісі, тапсырманы орындатуы озық дәрежеде болса оқушылар ақылы мұғалім іздеп кетпейді деп ойлаймын. Сондай-ақ мұғалім, оқушы мен ата-ана арасында үштарапты тығыз байланыс болса, уақыт бөлу арқылы қиындықтарды талдап, шешімін таба алса – мәселені шешудің дұрыс амалы осы болар еді. Биыл да үш оқушым қазақ тілі және әдебиеті пәнін таңдап отыр. Қазірдің өзінде қызу дайындыққа кірісіп кеттік.
P.S: Оқушыны ақылы оқытуға жіберу немесе жібермеуді ата-ана шешетіні анық. Алайда ол үшін күйбең тірліктен бір сәт уақыт тауып, баланың үлгерімін бақылауға алу керек. Бұдан бөлек, жыл сайын мектептегі мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатындағы жұмыстарды күшейту қажет екені айтпаса да түсінікті. Олай болмаған жағдайда баланың оқуға қызығушылығын көтеруге деңгейі толығымен жететін репетиторға алғыстан басқасын айтуға құқымыз да жоқ.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ