Алаяқтар саны артқан

– Әрбір адам алаяқтың құрбаны болмау көп жағдайда өз қолында екендігін ұғыну керек. Ол үшін танымайтын адамдарға дербес деректер, жеке басты куәландыратын құжатты, банк карточкаларының деректемелерін бермеу және күмәнді жағдайларда қандай да бір қызмет немесе зат үшін алдын ала ақша аудармау қажеттігін түсінген жөн. Тиісті құзырлы органдар осыны халыққа жан-жақты түсіндіруі керек. Сонда ғана бұл қылмыс түріне тосқауыл қойып, барынша азайтуға қол жеткіземіз, – деді Б.Әбдіжаппарұлы. Бұдан соң прокуратура тарапынан атқарылған ілкімді істер жайына тоқталды.
Жалпы құқық бұзушылық профилактикасы аудандық прокуратураның басты назарында болғандықтан, өткен жылы бұл бағытта бірқатар нәтижелі жұмыст атқарылған. Әсіресе профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың мекенжайлары ұдайы араланып, түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Бұдан бөлек, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүзеге асырылған қадағалаудың нәтижесінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы орын алмағандығын атап өтті. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауданымызда қылмыстық істердің 100 процент электронды форматта тергелген.
Прокуратураның негізгі міндетінің бірі – адам құқығын қорғау. Бұл тұста әділдік өкілдерінің атқарған ісі аз емес.
Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық салада атқарылған қадағалау жұмыстарының нәтижесінде 1 976 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Ал прокурордың талабы негізінде 75 миллион теңге мемлекет бюджетіне өндірілді. Сонымен бірге аудан әкімдігінің құрылысына қатысты заңсыздық анықталған.
– Аудандық прокуратурамен жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде аудан әкімдігі ғимаратының құрылысы барысында атқарылмаған жұмыстар үшін мемлекет қаражатын заңсыз аудару фактісі анықталды. Аталған дерек бойынша аудандық құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс тіркеліп, кінәлі лауазымды тұлғаға сот үкімімен жаза тағайындалды. Жүргізілген тексеру нәтижесінде білім бөліміне қарасты орта мектептердің кейбір қызметкерлерімен жалған диплом пайдаланудың 5 фактісі анықталды, – дейді аудан прокуроры.
Әділет кеңесшісі алимент төлеуден қасақана жалтарған бір борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелгендігін жеткізді. Тергеп-тексеру нәтижесімен іс сотқа жолданып, үкім қабылданғанын да тілге тиек етті. Сол сияқты алимент төлемеген 25 борышкерге қатысты әкімшілік дерек қозғалып, тиісті жауапкершілікке тартылғанын айтып, борышкерлерді балалары алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ