Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаяуға жағдай жасалса

Жаяуға жағдай жасалса

Мезгіл сайын газет бетінде жаяу жүргіншілер жайынан жиі хабар беріп келеміз. Әсіресе аудан орталығы Әйтеке би көшелеріндегі тротуардың кемшілдігі қанша жылдан бері айтылып келеді. Өткен жылы бір ғана Жалаңтөс баһадүр көшесі жөндеу көрді. Сол сияқты қазалылықтар көп жүретін, мектептер маңындағы жолдарда тұрғындар көліктермен жағалай жүреді. Бұл әсіресе осындай тайғақ күні адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жақында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа осы қиындықты еңсеруді тапсырды.
Алдымен әкімдер В.Счастнов пен Желтоқсан көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің ауласына арнайы барып, абаттандыру мәселесін талқылады. Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға байланысты ұсыныс-пікірлерін айтып, жоба дайындалғанын жеткізді. Қаржы мәселесі шешімін тапса, тұрғын үйлердің ауласына жаяу жүргіншілер жолы салынатынын айтты. Сондағы тұрғындармен де пікірлескен М.Әуесұлы кент әкімінің дайындаған жобасына қолдау білдіріп, аумақты жетілдіруге байланысты ойымен бөлісті. Нәтижесінде жобаға өзгерістер енгізіліп, қаржысын қайта есептеу керек болды.
Екі қабатты үйлер маңындағы мәселеге байланысты желі қолданушылары да пікір білдірді. Данышпан Байділдә: «Қаптаған орынды-орынсыз салына берген әжетханалар ұсқынсыз көрінеді. Сол жағын реттеу керек. Жалпы, көпқабатты тұрғын үйлердің әжетханасын ішінен салып, канализацияға қосу керек қой», – деген ойын бүкпеді. Басқа да әлемжелі белсенділері абаттандыру ісі кезек күттірмейтін мәселе екенін қоштап, жоба тезірек қаржыландырылса екен деген үн қатты.
Тақырыпқа қайта оралсақ, тротуардың жоқтығы алдымен мектепке қатынайтын оқушылар үшін қауіпті. Мәселен, аудан орталығының 5 квартал аймағындағы ­ Қорқыт ата және М.Дулатов көшелерімен оқушылар жаңадан салынған №276 мектепке қатынайды. Биыл тротуар салуға ұсынылған жолдардың қатарында Т.Бөріқұлақов, Қ.Сәтбаев, Т.Бокин, Р.Сабырбаев көшелері де бар.
Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров аудан басшысына тротуарлар салынатын көшелерді көрсетіп, қажетті қаржы көлемімен таныстырды. Аудан орталығын аралау барысында Мұхтар Әуесұлы Әйтеке би кентіндегі Қартақов көшесіне гравий тас төсеу үшін қаржы көлемін есептеп, ұсыныс беру керегін қадап айтты. Сонымен бірге Қ.Сәтбаев көшесіне салынған жаттығу алаңының құрылысын көріп, қосымша жұмыстарды сапалы етіп жасау қажеттігін ескертті.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
29 қаңтар 2022 ж. 860 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930