Қарымды қаламгер кітап табыстады
Жуырда Қазалы аудандық орталық кітапханаға Қазақстан журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, жерлесіміз, Қараша Қараман келді. Ондағы мақсат – жақында жарық көрген «Жолбарыс соққан Сәдуақас батыр» атты жаңа туындысын қазалылық оқырмандарға табыстау.
– Жалпы кітаптың мазмұны Сәдуақас батыр жайында. Нақтыласам, ертеректе Балқаш бойында жолбарыс тіршілік етті. Олар бертін келе адамдарға шауып, малдарға зиянын тигізе бастады. Сол кезде Тілеуғұл батырдың ұрпағы Сәдуақас батыр жанына аңшыларды ерте жүріп сол жолбарысты қанжығалаған. Кейін бұған жергілікті үкімет қызығып, жан-жақтағы музейден адамдар келіп суретке түсіріп мұрағатқа сақтап қойған. Мен мұны естіген соң тереңінен зерттеп жүрген едім. Қазір міне, соны кеңейтіп кітап қылып жарыққа шығарғанды жөн көрдім. Мұнда тек менің ғана емес, Молдахмет Қаназдың кезінде «Түркістан» газетіне шыққан үлкен мақаласы да бар. Ендігі тілек – осы туындыны сіздерге аманаттасам, оқырмандар танысып шықса, – деді Қараша Қонысұлы.
Қараша Қараман 1948 жылы Қазалы топырағында, яғни қазіргі Алтай ауылында дүние есігін ашқан. Теміржолшылар отбасында тәрбиеленген атпал азамат №420 мектепте 9 жылдық білім алып, кейін депода абыройлы қызмет еткен. 1974 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне күндізгі бөлімге оқуға түсіп, 1976 жылы журналист мамандығын алып шыққан. Кейіннен Талдықорған өңіріне қоныс аударып, сол жерде түрлі салада еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ол бүгінге дейін бірнеше кітапты жарыққа шығарып үлгерген.
Айта кетейік, шара барысында қаламгер туындыны кітап қорын толықтыру бөліміне табыстай отырып, кітапханашы қауымға жылы лебіз білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
А.БАҚЫТҰЛЫ