Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға серпін берген форум

Жастарға серпін берген форум

Жақында аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» атты аудандық жастар форумы өтті. Онда ауданда белсенді жастар мен жастар жанашырлары марапатталды.
Форумда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық жастар ресурстық орталығының тапсырысымен жасалып жатқан сайттың құрылымымен танысты.
Салтанатты кеште аудан басшысы Мұхтар Оразбаев жастардың басын қосқан форум олардың әрі қарай да өсіп, өркендеп, дамуларына қажетті құлшыныс беретініне сенімін білдірді.
– Қазалы ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыттары бойынша бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, бұған дейін еріктілердің ұйымдастыруымен 400 іс-шара өткізілді. Мұның 38 проценті қайырымдылық бағыттарында ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. Оның ішінде басымдық әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, баспана салып беру мәселелеріне бағытталды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауданда 23 отбасы баспаналы болып, 350-ден астам жанұяға азық-түлік жеткізілді. 89 тұғынға қыстық отын түсіріліп, 8 үй табиғи газ жүйесіне қосылды.
Абылайхан адамзаттың жанына мәңгі есте сақталатын тарихи іс атқарған тұста небәрі 20 жаста болатын. Ескендір әлемдегі ең үлкен мемлекетті құрған кезде жасы 30-ға да жетпеген. Олай болса жастық шақ нағыз ерлік пен ақыл ойдың, жігер мен намыстың, қайрат пен білімпаздықтың кезеңі деп бекер айтылмаған. Жастар елдің заманауи бейбіт бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жандандырудың негізгі қозғаушы күші болуы тиіс, – деген Мұхтар Әуесұлы бірқатар жасты «Ерікті жас» номинациясымен марапаттады.
Сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаевқа «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатын табыстады.
Мұнан соң сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш, қазалылық жастардың қай істе болмасын белсенді екендіктерін атап өтті.
– Ертеректе қазақ жастары ел қызметіне ерте араласқан. Оның дәлелі Қазалы ауданының тумасы, Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев. Ал қазалылық жастар Ғанидың ізбасарлары, ұрпақтар. Міне, осы жастардың ерекше белсенділігін аңғарып отырамыз.
Бүгінгі таңда мемлекет пен Елбасы Н.Назарбаевтың тарапынан жастарға үлкен қолдау бар. Түрлі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Шынында қазақ халқы дарынды халық. Қазіргі таңда қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпірінде сан-салада еңбек етіп, жер-жаһанның ең озық оқу орындарында білім алып, ірі компанияларында қызмет етуде, – дей келе жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытқан қазылылықтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев жастардың белсенділігін арттыру жолында жанашырлық танытып, қолдау көрсеткені үшін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, «Ғани Мұратбаев» төсбелгісін тақты.
Форум аясында аудандық мәслихат депутаты Райымбек Бөлебаевқа, Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің директоры Төребай Шермахановқа, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мұрат Таңжарықовқа, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директорының орынбасары Гүлнәр Күзембаеваға, «Энергомера» ЖШС директоры Бекетай Мұхашевқа «Жастар жанашыры» номинациясы табысталды.
Айта кетейік, кеш соңында Қазалы ауданы әкімінің кубогі үшін облыстық жайдарман ойындары өтті.
Сайысқа аудандардан 6 команда қатысып, нәтижиесінде «Қазалы ауданы әкімінің кубогін» және 100 000 теңге қаржылай сыйақыны Байқоңыр қаласынан келген «Бір үйдің балалары» командасы қанжығалады. Екінші орын мен 50 000 теңге қаржылай сыйлық жергілікті «Қазалы» құрамасына бұйырды. Үшінші орын және 30 000 теңгені Жаңақорған ауданынан «Тәтті қыздар» құрамасы және «Үздік ойыншы» номинациясы қызылордалық «3juz3» командасына бұйырды.

А.БАҚЫТҰЛЫ
25 желтоқсан 2021 ж. 208 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930