ЖЕЛТОҚСАН ГҮЛІ
1986 жылдың 16 желтоқсаны 1991 жылдың 16 желтоқсанын жақындатты дейді тарихшылар. Арада бес жыл өткен соң, дәл осы күні – ата-баба арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні жарияланды.
Қуаң өзені бойындағы Сарбұлақ ауылында туған Оразгүл Айдашқызы 1986 жылғы желтоқсан қозғалысына қатысып, солақай саясаттың, озбырлық пен әділетсіздіктің ащы дәмін татқан жанның бірі.
Қазақы ауылда өскен Оразгүлге алаңға шыққан қазақ жастарын, оның ішінде, қаракөз қыздарын ұрып-соғуда деген сөз төбеден жай түскендей болғаны рас. Сол кезде қазақ елінің барлық елді мекендерімен бірге алыс-жақын мемлекеттермен де пошта-телеграф байланысын қамтамасыз ететін Алматы бас поштампы Қазақстанның сол кездегі астанасындағы ірі мекемелердің бірі еді. Ол кезде ауылдан келгендер үшін Алматыға тіркелу де, жұмыс табу да оңай емес. Тіркелу үшін жұмысшыларға берілетін жатақханасы бар мекемеге жұмысқа орналасуың керек. Сондықтан Оразгүл бас поштамптан телеграфшы болып істейтін жұмыс табылғанына қуанған. Жатақханадағы вахтерлерден, автобустағы кондуктор апайлардан да «қай тілде сөйлесіп жатырсыздар, бізге түсінікті тілмен айтыңыздаршы» дейтінін күнде көріп-естіп жүрген оған Орталық алаңға шыққан жастардың тіл мәселесін ту қылып көтергені, «елдің бірінші басшысы қазақ болуы керек» деп талап қойғандары көңілінен шығып, намысын одан әрі оятқан еді. «Ендеше, не тұрыс?! Қазақ жастары бас көтеріп жатқанда, қастарында неге болмасқа?!». Жатақханада тұратын бір топ қыздар түнімен осы оқиғаны талқылап, бір шешімге келсе де, әуелі жұмысқа барып, онда не болып жатқанын білмек болады.
«17 желтоқсан күні әдеттегідей жатақханадағы бір топ қыздар таң атар-атпастан орталық телеграфтағы жұмысымызға келдік», – дейді сол күндерді еске түсірген Оразгүл Абдрасул.
«Орталық алаңда орын алған кешегі оқиғаның әлі бітпегенін естідік. Содан жұмысқа келгенімізбен, көңіліміз тыншымай, әрі-сәрі күйде жүрдік. Оның үстіне мекемедегі кішігірім бөлім басшыларының көбі өзге ұлт өкілдері еді, олар: «орысшаны дұрыс білмейсіңдер» деп күнде сынықтан сылтау табатын». Намысқа тырысып, пошта байланысының, телеграфтың қыр-сырын әбден үйреніп алғанбыз. Сөйтіп, өзімізден кейін келгендерді үйрететіндей жағдайға жеткенбіз. Бүгін тіпті біреуді үйретпек түгілі, өз жұмыс орнымызда жайбарақат отырудың өзі мүмкін болмады. Қасымыздан өте берген бір телеграфшы: «Сендер жұмысты қайтесіңдер? Одан да ана алаңдағы қазақтарыңа қосылыңдар!», – деп онсыз да жанайын деп тұрған майға шоқ тастап жібергендей болды. Кешеден бері булығып жүрген бір топ қазақ қызы орнымыздан атып-атып тұрыппыз. «Барсақ, барамыз! Намысты қолдан бермейміз! Алаңдағы жастарды қолдаймыз!».
Біз алаңға жеткен сәтте, қарақұрым халық жиналыпты. Отан, жер, тіл жөнінде ұран сөздер жазылған ұзын әрі үлкен плакат көтергендер де жетеді. Бәрі жастар – студенттер мен жұмысшылар екені киген киімдерінен-ақ байқалып тұр. Келе сала біз де ортаға қосылуға ұмтылдық. Күн суықтықтан пальтомыздың жағасын көтерген кезде, қолымызды да аспанға сермеп қоямыз. «Алға! Тек қана алға!». Алаңның ішіндегі халықты қоршап тұрған сарбаздардың ішінде де имандысы бар екен, бір жас қазақ сарбазының: «Апатайлар, ағатайлар, бізге не істесеңдер де көнеміз. Тек орта жаққа, арғы шетке бармаңдаршы. Ана шет жақта ұрып-соққаны былай тұрсын, қан жоса қылып қуып жатыр» дегені есімде қалыпты.
Дегенмен іштегілерді қатты қысып жатқандары бізге ұнамады. «Ақыры бірге болуға бел буған екенбіз, алаңға кіреміз!». Осындай оймен, намысты қайраған күш-жігермен келген соң алаңдағы топқа қосылдық та кеттік. Жастар тәртіп бұзбай, кешке дейін қасқиып тұрды. Қосылғандардың қарасы уақыт өткен сайын көбейе берді. Бергі жағы тыныш болғанымен, қалың топтың арғы шетінде не болып жатқанын білмейміз. Қаптаған жұрт мұхиттың толқынындай тербеліп тұр. Бізді қоршауға алғандардың да жүйкелері сыр берді ғой деймін, желтоқсанның кешкі ызғар желі күшейген сәтте, қарулы тәртіп сақшылары қолдарындағы резеңке таяқпен жиналғандарды оңды-солды ұрып, қууға көшті. Көнбегендерін сүйретіп, әкетіп жатыр. Мұздай қаруланған әскердің аяусыз соққылағанына шыдамағандардың алды қаша бастады. Мен де Күләш Байсейітова көшесімен жасырынып бара жатып, қолға түсіп қалдым. Бізді сол кездегі Ленин аудандық милиция бөліміне апарды. Машинадан түсе бергенім сол еді, бізді әкелген сарбаздың бірі, бастығының ішке кіріп кеткенін көріп, маған: «Мына жақпен қашып кетіңіз», – деп машинаның артындағы көшеге қарай бағыт сілтеп жіберді. Жалғыз өзім қараңғы көшелермен зулап отырып, жатақханама келдім. Сол кезде мен сияқты қашып шыққан тағы бірнеше қыздың қарасы көрінді. Комендантымыз өте қатал әйел еді. Оңайлықпен кіргізбейтінін жақсы білеміз. Біз: «Алаңда ештеңе істеген жоқпыз, кіргізіңіз, әйтпесе ертең алаңға қайта жіберуге сіз мәжбүр қылдыңыз деп айтамыз», – деп тұрып алдық. Амалы таусылып, есікті ашты.
Содан ішке кіргесін, тағы да бір бөлмеге жиналып, көзбен көрген алаңдағы оқиғаларды ұзақ талқыладық. Тоқетері «Алаңға ертең қайда шығамыз!» дестік.
Таң атпай тағы сап түзеп, Ленин көшесінің бойымен алаңға бет алған жастардың қалың тобына қосылдық. Екпініміз кешегіден де қатты. Енді не де болса шегінбеуге бекіндік. Алаңға жақындағанымыз сол еді, қай жақтан екенін білмеймін, оқтың даусы естілгендей болды. Сонда да ешнәрседен қаймықпай, ҚазПИ-дің қоршауда қалған жатақханасына барып, біраз студенттерді ертіп шықтық. Бұл жолы сарбаздардың қолында резеңке сойыл ғана емес, темір таяқ, шолақ күректер бар екен. Тағы да ұрып-соғу басталды. Бүгінгісі тіпті қатты тиді. Жараланып, қансырап қашқандар көп болды. Қоршауға алғандардың қарасы кешегіден екі есе көп болғандықтан, алаңдағы жастарды қатты қысымға алды. Күштеп әкетудің сорақысын көрдік. Тағы да қараңғы көшемен қашып отырып, жатақханамызға келіп тығылдық. Қанды оқиғаны өз көзімізбен көргендіктен, ертесіне енді шықпай-ақ қоямыз деп ойласқанбыз. Іздегендер бәрібір табады екен. Түстен кейін, сағат 16:00-де екі тергеуші келіп, мені алып кетті. Қолдарында менің және менімен бірге болған басқа да телеграфшы қыздардың суреті болды. Вахтерші беруі де мүмкін. Бұл жолы Фрунзе аудандық милиция бөліміне әкелді.
Бір күн уақытша ұсталатындардың кезекші бөлмесіне қамап, одан әрі он бес күн қамауға үкім шығару үшін Фрунзе аудандық сотына жеткізді. Соттағылар адамгершілік жасар деген ойымыз бекер болып шықты. Ондағылар бір сөз айтқызбастан бізге «ұлт араздығын қоздырғандар» деп айып тақты.
Сот үкімі шыққан соң, бізді көлікке тиеп, Масаншы көшесінің бойындағы аудандық милиция бөлімі ғимаратының жертөлесіндегі камераларға әкеп, қамап тастады. Сонда бақылаушы болып жүрген қазақ жігіттерінің азаматтығына дән риза болдым. Олар басшылықтан рұқсат алып, біз жазамызды өтеп шыққанша біздің камераларға бақылаушы қызметін атқарды. Біреуі тамақ әкеп беріп тұрып, қолымызға қағаз ұстатты. Онда «керек-жарақтарың болса, жазып жіберіңдер» деген сөз жазылыпты. Бақылаушылар бірер күннен соң бізге дәлізге шығуға рұқсат берді. Сонда көршілес камерада бүгінде «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болып жүрген Құрманғазы Рахметов жатқанын байқадым. Қос камерада қатар жатқан қыз-жігіттер қамаудан босап шыққанша «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық.
Адамның адамгершілігі басына сынақ түскенде байқалады екен. Тәртіп сақшыларының ішінде де тек бұйрыққа бағынбай, әділетсіздікті көрсе кісілік танытатындар бар екенін көзімізбен көрдік. Бізді аямағандар комсомол ұйымы болды. Он бес күндік қамауды он бес жылға жететіндей қылды. Әуелі комсомол қатарынан шығарып, жұмыстағы жатақханадан айырды. 1-сыныпты телеграфшыдан қатардағы пошташы қызметіне бір-ақ төмендетті. Дегенмен, жұмыстан біржола қуылар сәтте Алматы бас поштамптың сол кездегі директоры Роза Жүсіпова рақымшылық жасады. Жұмысты тиянақты істейтінімді бағалағандығы және өзінің қаны бір қандасына жасаған жанашырлығы болды Оқиғадан жарты жыл өткен соң маған Алматыдағы 11-ші шағын ауданда орналасқан қызметтік жатақханадан орын алып берді. Көп ұзамай телеграфшы қызметіме қайта оралдым. Сол мекемеде 2001 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясында, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында еңбек еттім.
Оразгүлді жақсы білсем де оның желтоқсан қозғалысына қатысып, жазықсыз қуғындалуға ұшырағанын бертінде ғана білдім. Өзі де: «бұл жөнінде көп жылдар бойы үн қатпадық, өзіміз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағасын жақындарымызға да зияны тиіп кетпесін деп ойладық», – дейді.
Ол түлеген отбасынан Айдаш әке мен Күлзада ананың Роза Бағланова, Мақпал Жүнісова сынды көптеген өнер жұлдыздарының батасы мен ризашылығын алған белгілі сәнгер, талантты дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханымкүл Айдашқызы, танымал медиаменеджер, «Sultan magazine» бизнес журналының бас редакторы Қаракөз Айдашқызы да шыққан. Бүгінде сол сындарлы сәтте «Менің Қазақстаным» әнімен өзінің де, қатарластарының да рухын көтерген, намыстан жаралған қайсар қыз отбасы шуағына бөленіп отырған ардақты ана, бақытты әже.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау басталды. Толық ақтау шаралары әлі жалғасуда. Оразгүл Айдашқызына да Алматы қаласы прокуратурасының ақтау анықтамасы табыс етілді.
Кеңес одағы сынды тоталитарлық жүйеге қаймықпай қарсы тұра білген Оразгүл сияқты желтоқсан гүлдерінің ерлігі халықпен бірге жасай берері сөзсіз.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ