Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгер атындағы қарашаңырақ

Қаламгер атындағы қарашаңырақ

Білімді биік тұтқандар
Қазалы қаласы төріндегі белгілі сыншы, қоғам қайраткері Қалжан Нұрмаханов есімімен аталатын киелі білім ордасы 1991 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта мектепте 20 оқу кабинеті, акт зал, үлкен және кіші спорт зал, мұражай, асхана, 2 мультимедиялық кабинет, «Еркетай» шағын орталығы жұмыс істейді. Ақпараттық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әрбір сыныпта моноблоктар мен интерактивті және жылжымалы тақталар бар. Сонымен қатар ноутбуктер интернет желісіне қосылған. Кең әрі жарық кітапханадағы электронды оқулықтар және материалдар оқушылар игілігіне пайдаланылып, заман талабына сай қолданылуда. Егемен елдің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – мұғалім қолында. Ал аталған ұжымдағы ұстаздардың басты мақсаты – білім сапасын жақсарту.
Білім беру мекемесінде биылғы оқу жылында 46 педагог еңбек етуде. Олардың жоғары санаттысы – 5, бірінші – санаттысы – 6, зерттеуші педагог – 1, педагог-сарапшы – 10, педагог-модератор – 7. 2018-2019 оқу жылында 11 сыныпты 8 оқушы бітіріп, 4-уі, Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысты. Үш шәкірт грант иегері атанды.
Биылғы оқу жылында «Жаңартылған мазмұнда оқу, тәрбие, өнермен болашаққа нық қадам» тақырыбымен 17 сынып комплектісі және екі мектепалды даярлық тобы білім алуда. Қоғамдық негізде жыл бойы 23 үйірме жұмыс істейді.
Білім ордасының шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстардың жүлдегері атанып, мұғалімдер мерейін өсіруде. Мектеп мақтанышы Ерасыл Сапарбек «Зерде» зерттеушілік және шығармашылық жұмыстары ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде үш дүркін жүлдегер атанды. Қ.Нұрмахановтың 90 жылдығына орай өткізілген аудандық ғылыми жобалар байқауында Нұргүл Байкенжеева үздік деп танылып, республикалық кезеңге қатысты. Ерлан Жұмахан, Еңлік Сапарбек, Аружан Жалғасбек, Елдос Меңдуақас, Дамир Сағидолла, Адина Аман, Жансая Жеңісбекқызы, Нұрай Киікбай сынды шәкірттерді шығармашылыққа баулып жүрген ұстаздар Жанар Келімбетова, Айша Қалау, Ұлжан Қожаметова, Гүлжанат Әшірбекова, Ержан Аманбай, Іңкәр Алдамжарованың еңбегі ерекше.
Балалардың бал мекені
Қазалы қаласында 2009 жылы алғашқылардың бірі болып, Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 мектеп жанынан «Еркетай» шағын орталығы ашылды. Алғашында екі топта елу тәрбиеленуші қабылданып, жұмысы басталды. Екі жылдан соң топтар саны төртке жетіп, жүз бала мектепке дейінгі тәрбие және білім алумен қамтылды. Қазіргі таңда үш және бес жас аралығындағы балғындар «Жауқазын, «Балауса», «Қарлығаш», «Балапан» топтарында тәрбиеленуде. «Бала тәрбиелеудегі басты мақсатымыз – таным әлемінің тұтас бейнесінің қарапайым дағдыларын меңгерген, күнделікті өмірде қолдануға қабілетті мектепке дейінгі тұлғаны қалыптастыру», – деген шағын орталық қызметкерлері биыл он жылдық мерейтойын атап өтті.
Мерекелік шараға жиналған жұртшылық топтардағы ертеңгіліктерді тамашалап, орталықтың он жылда жеткен жетістігімен танысты. Бұдан соң «Балалардың бал мекені «Еркетайға» – 10 жыл» атты концерттік бағдарламаның куәгері болды.
2009 жылдың қазан айының 15 жұлдызында «Еркетай» шағын орталығы сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербаевтың қолдауымен ашылған болатын. Көпшілік алдымен өткенге шегініс жасап, орталықтың ашылу тарихындағы бейнекөріністі тамашалады. Ұжым қызметкерлерін мерекемен құттықтаған мектеп директоры Оңталап Маханбетов әріптестеріне жылы лебізін арнады. Он жасқа толған еркетайлықтарға ақ тілегін арнай келгендердің қатарында ардагер ұстаз Гүлжахан Сағидуллаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Әбілхан, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқасым Раманов, білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсенбай және де қаладағы білм беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар болды. Мерейтой аясында орталық тәрбиешілері марапатталды.
Әсем ән, күмбірлеген күй, биші қыздардың мың бұрала билеген биімен көмкерілген кеш «Еркетай» шағын орталығы түлектерінің орындауындағы «Еркетайға – 10 жыл» әнімен қорытындыланды.
Мектептегі мұражай
Қазалы қаласындағы №95 мектептің құрылысын 1990-1991 жылдары Әділбек Сарабеков басқарған МПМК-06 мекемесі салған. 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пайдалануға берілген білім ошағына қасиетті Қазалы топырағының тумасы, әдебиет сыншысы, аудармашы Қалжан Нұрмахановтың есімі берілген.
Мектеп 864 оқушыға арналған. 1997 жылы білім ордасында Қалжан Нұрмаханов жылы болып жарияланып, мектеп ішінен мұражай бөлмесі ашылды. Бұндағы Қалжан Нұрмахановтың өз қолымен жазылған жазбалары, фотосуреттері, қойынкітапшасы мұражайдың құнды жәдігері. Оның тұтынған сағатын да көруге болады. Сонымен бірге келген қонақтар арнайы кітапшаға Қалжан Нұрмаханов туралы жылы лебіздері мен пікірлерін қалдыра алады. «Достық лебізі» деп аталатын кітаптан да көп дүние таба аласыз. Аудармашының қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовпен арадағы достығы туралы фотосуреттер ілінген арнайы тақта да бар. Кейіпкер туралы өзге ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен газет қиындылары, Қалжан Нұрмахановтың баспасөз бетінде жарияланған сыни мақалалары сақталған. Және де мектеп тарихы, ардагер ұстаздар туралы да осы жерден оқи аласыз.
Мұражайға саяхаттаған әрбір жан Қалжан Нұрмахановтың өнегелі өмір жолына қанығады. Ол 1927 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мелекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін М.Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасында оқыған. КСРО Жазушылар Одағының аппаратында, «Дружба народов», «Жұлдыз» журналдарының редакцияларында қызмет атқарған. «Жазушы» баспасында проза бөлімінде аға редактор болған. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде цензура жөніндегі бас редактор болған. Қазақстан мен Қырғызстан баспасөзінде мақалалары жиі жарияланған. Мақалалары қазақ, орыс тілдерінде жазылған.
Халыққа дәстүрлі достықты үндеген Қазалы тумасы Қ.Нұрмахановтың бүкіл совет, әсіресе қырғыз әдебиетіне жасаған жақсылығы телегей теңіз. Атақты қырғыз ақыны Шыңғыс Айтматовпен дос болып, оның қарымды қаламынан шыққан «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Ана – Жер – ана» шығармаларын аударып, қазақ елі оқырмандарына таныстырды. Осындай игілікті істі достық ниетпен адал атқарды.
Білім ордасында Қалжан Нұрмахановтың 90 жылдығына орай мәдени-танымдық іс-шара өтті. Мектептің акт залында «Аударманың арланы, драманың дарабозы, сын әлемінің саңлағы – Қалжан Нұрмахановқа 90 жыл» тақырыбында аудандық кеш ұйымдастырылды. «Қалжан Нұрмахановтың әдеби мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында 8-11 сынып оқушылары арасында аудандық ғылыми жобалар сайысы, «Қазалының Қалжаны – қазағымның мақтаны» тақырыбындағы 5-11 сынып оқушыларының қатысуымен жас ақындар мүшәйрасы болды. Қала мекемелері қызметкерлері волейболдан және 7-10 сынып оқушылары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталған шаралар туралы мәлімет пен фотосуреттер мектеп мұражайында қатталған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 қараша 2019 ж. 1 820 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930