Тазалық – табалдырықтан басталуы тиіс
«Тазалық – денсаулық кепілі» дейміз де, өзіміз қолымыздағы қоқысты кез келген жерге тастай салу тиылмай тұр. Сондықтан болар, жылдың қай мезгілінде тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейді.
Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кентінде сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көптің көмегімен бітетін жұмысқа аудан орталығындағы мекеме қызметкерлері шығып, көше бойында шашылған қоқыстарды жинастырды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сенбілік ұйымдастырылған аумақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аудан басшысы 5 квартал аймағындағы тұрғындарға үй салу үшін берілген жаңа аумақ пен «Аймақаш» мөлтек ауданы, Рәміздер алаңы және Қазалы қаласына арнайы барып, серпінді сенбілікке үлес қосушыларға алғыс айтты.
Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қала мен кенттің екі аралығындағы абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Сала басшылары мен мердігер мекеменің жауапты қызметкерлеріне жұмыстың сапалы жүргізілуіне аса қатты мән беруді тапсырды.
Көшенің тазалығына атүсті қарамай, жағалай тау-тау болып үйілген қоқыстан ада болсақ, келешек ұрпағымыз да таза табиғат аясында кең тыныс алатынын ұмытпаған жөн.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат