Жағдайың қалай, жас өскін?
Жаз басталса, ауылдағы жасөспірім мен жастардың бос уақыты көбейіп, шомыларға су, қатысарға үйірме, айналысуға пайдалы іс таппай, алақандай смартфонға үңіліп отыратынын білеміз. Қалаға апарып, ақылы үйірмеге қатыстыруға қалтаның қалыңдығы керек. Елдің болашағына балайтын жас жеткіншектің зая кетіп жатқан уақытының бірден бір себебі – ауыл баласының бос уақытын ұйымдастыруға жағдай жасалмауы.
Балаға арналған нысан жоқ
Тілшілік тіршіліктің аясында Қазалы ауданының елді мекендерін түгел аралап біттік. Бірінде мәдениет үйі бар, үйірме жоқ. Бірінде спорт кешені болса, кей ауылдарда мектептің спорт алаңынан басқа орын жоқ. Туған жердің түлегені әр тұрғынға қуаныш емес пе? Өзім туып өскен Қожабақы ауылына барған сайын көңіл құлазиды. Атаулы мерекелерде концерт ұйымдастырып, би байқауынан шәкірті озық келетін мәдениет үйі қаңырап қалғандай. Мектеп оқушылары қатысатын домбыра үйірмесінен басқа аспаптарды үйрететін маман жоқ. Жауаптылар «қазір карантин уақыты» деп өздерін ақтап алуы мүмкін, бірақ елдің болашағы балалардың бос уақытын ұйымдастырудағы маңызды нысан осы болып отыр. Ауылда жастарға арналған орталық, спорт кешені атымен жоқ.
Көпке мін тақпаймыз, барлық мәдениет үйінде үйірме жоқ деп айту жөн болмас. Кейбіреулердің айтуынша, мәдени нысандар жұмыстарын тиісті деңгейде атқармайтын көрінеді. Жылдық есеп үшін өткізілетін мәдени шараларды есептемегенде, жастар үшін айына бір рет ұйымдастырылатын би кештерінің өзі арман болып қалуы мүмкін. Рухани шаралар көбірек ұйымдастырылса, кеш басталысымен көшеге шыққаннан басқа түк бітірмейтін «жалқаулардың» санын кемітер ме еді...
2021 жылы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Ауыл отбасының әлеуметтік портреті» тақырыбына әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында 54 ауылдық елді мекеннен 1200 респонденттен жауап алынды. «Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сұраққа елді мекен тұрғындарының 64 проценті отбасына, туыстары мен достарына уақыт бөлетінін айтқан. 38,2 проценті уақытын теледидар мен интернетке жұмсайды. Ал 19,3 проценті өз шаруаларымен айналысады.
Сонымен қатар, сауалнама балалар арасында да жүргізілген. Ауыл балаларының 50,8 проценті уақытын таза ауада, далада өткізгенді ұнатады. 36 проценті уақытын кино мен мультфильмге, телефонға жұмсайды. Қалған бөлігі үй шаруашылығына көмектеседі.
Телефонның орнын басатын таңдаулы нысандар болса, неге бір сәтке демалмасқа?! Аудан тұрғыны Айгүл Аханова: «Балам бос уақытында телефон қарайды. Ауыз толтырып айтарлықтай мектептен тыс үйірме жоқ. Кенттегі спорт кешеніне кей ауылдың балалары қатынап жүріп қатысады екен. Оған қатысу ақылы болса, қайта-қайта қатынау да шығын. Бұл, әрине, ата-ана үшін тиімсіз», – дейді.
Баласының болашағына алаң ананың сөзімен келіспеске амал жоқ. Әр ауылда ауысыммен жұмыс істейтін бір спорт кешені мен өнердің түр-түріне баулитын үйірмелер жүйесі болса, ақысына қарамай қатыстырар еді ғой. «Өзім көрмесем де, балам көрсін» деген ата-аналық ақ пейіл ақылы үйірмеден тартынып қалар дейсіз бе?
Қалаға көшкің келеді
Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?! Ауыл жастарының қалаға қоныс аудару үрдісі қарқын алып келе жатқаны белгілі жайт. Кез келген адамды өмір сүру сапасы мен болашағы алаңдатады. Жоғарыда аталған әлеуметтік зерттеу бойынша әр өңірдің жастарын түрлі мәселе толғандырады екен. Мәселен, азық-түлікке, халық тұтынатын тауарлардың қымбатшылығы көбінесе Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жастарын ойландырады екен. Табыс деңгейінің төмендігіне Қостанай, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының жастары алаңдаулы. «Екі қолға бір күрек» іздеген жастары көп өңірлердің үштігіне Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстары кіреді. Басқаларға қарағанда баспанасының болмауына көп бас ауыртатын Алматы, Маңғыстау және Атырау облысында тұратын жас азаматтар екен.
Балалардың бос уақытын ұйымдастыру – мемлекеттік мәселе. Бірақ бұл жайдан 18-25 жас аралығындағылар да қалыс емес. Ауылға жазғы демалыста ғана келетін студенттер індетке байланысты онлайн білім алу кезінде үйде болып, «барар жер, басар тау» таппай қалғаны рас. Осыдан кейін жастардың қалаға жаппай көшуін қалай ақтамассың?! Уақытын көшедегі пайдасыз ойындар мен телефонға үңілумен өткізгендер өзінің балалық шағын баласының қайталағанын қаламайды. Ән десе ән, би десе би үйірмесі табылатын, шомылуға арналған демалыс орындары мен қосымша білім алуға болатын қалада өмір сүруді кім қаламас?
Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығының инспекторы Светлана Кенбаевна: «Кент пен қалада “Qazaly_volonteer” еріктілер ұйымы ,”Тігін time” қолөнер үйірмесі тұрақты жүргізіліп келеді. Жастарды ұйымдастыруда түрлі идеялар болды. Дегенмен, осы жылы ауыл балаларымен тікелей байланысқа шығатын “Sálem, ауыл!” жобасын қостық. Яғни, әр аптаның соңында белгіленген ауылға барып,саяхат жасаймыз: тарихи орындармен танысып, ауыл мен қала жастары түрлі ойындар ойнап, атқа міну, ұршық үйіру, жүн түту сияқты ата-бабамыздың дәстүрлі тіршілігімен танысады. Алдағы уақытта тағы да жаңа жобалар іске асатын болады», – дейді.
Қаладағыдай әр ауылда баланың тұлғалық дамуына, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға жағдай жасалса, тұрғындар ешқайда кетпейді. «Адамнан ауыл көшпейді» ғой, енді ауылдан адамның көшпеуіне жағдай жасау керек. Ауыл әкімі, саған айтам, жауаптылар, сен тыңда!
Дина БӨКЕБАЙ