Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнеркәсіп өрістеп келеді

Өнеркәсіп өрістеп келеді

Жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстар ел назарында. Ауданның экономикалық ­дамуында, инфрақұрылым мен жол жағдайын жақсартуда ілгерілеу байқалады. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Кәсіпкерлікте кідіріс жоқ
Қызметке тағайындалғанына санаулы уақыт өтсе де, аудан басшысы барлық елді мекендерді аралап, ардагерлер, көпқабатты үйлердің тұрғындарымен де кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған.
Әдетте көрсеткіш аудан қазынасымен өлшенеді. Жыл ішінде аудан экономикасы өсімі ұлғайған. Бюджеті – 21,6 млрд теңге болып бекітілсе, 6 айда – 22,7 млрд теңгеге жеткен. Салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 799,6 млн теңгеге жоспарланып, нақты 1 млрд 13 млн теңгеге яғни 126,7 пайызға орындалған. Кірісітің негізгі көзі кәсіпкерліктен құралады. Өнеркәсіпте өрістеу байқалады. Жыл басынан бері қазалылықтар 7,6 млрд. теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізген. Кәсіпкерлік нысандарының қатары 5 510-ды құрап, 2020 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға артқан.
Өндірістерді өрістетуге бағдарламалар баяны да ықпалын тигізген. Бірінші жарты жылдықта 517 адам 2,3 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алып, мемлекет игілігін пайдаланған.
Бүгінгідей қысылтаяң шақта да жергілікті бизнес өкілдері өз қарқынын жоғалтпаған. Сөзімізге жыл басынан бері аудан аумағында пайдалануға берілген 10 кәсіпкерлік нысан дәлел. Аудан әкімі келелі кездесуде 2020 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі даму жоспарына» сәйкес, Қазалы ауданы Арал ауданымен бірге ауыл шаруашылығы саласына негізделген топқа іріктелгенін де атап өтті.
Үстіміздегі жылы жоспар аясында іске асырылатын жалпы құны 979 млн теңге құрайтын 18 жобаның да маңызы зор.
Аталмыш жобалар қатарында попкорн өндіру цехын кеңейту, жылыжай құрылысы, көлікке арналған қаптама дайындау, жиһаз шығару, ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге арналған испандық жаңбырлатқыш құрылғысын алу, жылқы өсіру, құрылыс материалдарын шағаратын зауытты іске қосу, темір есіктерін шығаратын цехты кеңейту, брусчаткалар шығару, шынжырлы тор өндірісі, бетонды құдық даярлау, «Қашқан су» халыққа қызмет көрсету кешені, сауда орталығын салу, мал бордақылау алаңы жұмысын ауқымдату, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол бойындағы сервис кешені, қоғамдық тамақтандыру объектісі сынды әралуан қызмет түрлері бар. Қазірге дейін олардың 14-і жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін жоспар межелі орындалса, ауданның 93 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ жыл ішінде 1,3 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылып, 30-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қазалы – аграрлы аудан. Мұхтар Оразбаев бұл салада шаруашылықтардың қиыншылыққа кездесіп отырғандығын жеткізді.
– Биыл шаруалар үшін қиын жыл болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан, Сырдария өзеніндегі су көлемі төмен деңгейде. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алып отыр.
Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, мал қыстату науқанына аудан бойынша 142 мың тонна шөп, 28,6 мың тонна жем қажет. Ауданға қажетті шөптің 65 пайызын, жемнің 20 пайызын өздігімізден қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандардан тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз, – деді сөзінде

Мал азығы – маңызды мәселе
Мал азығы – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл бағытта біршама шаруа қолға алынған. Мәселен, мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары туралы іс-шара жоспары бекітілген. Аудан аумағында мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде аудандық штаб құрылған. Көрші Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының 5 шаруа қожалығымен шөп дайындауға меморандум жасалған. Аудан әкімдігі аумағындағы 6 шаруа қожалығы жем-шөп бағасын қымбаттатпау жөнінде келісімге қол қойды. Жергілікті жұрт қолға алған шаруаның бірі – ауылдық округтерден 15 шөп дайындау бригасы жасақталынып, қол орақпен дайындалатын шөп көлемі белгіленген. Қысылтаяң шақта жерлестер көршілес аудан тұрғындарына да жанашырлық танытып, көмек қолын созған. Арал ауданының Ақбай, Аманөткел ауылдарынан жасақталған қос бригада «Жалаңтөс батыр» және «Сыр Маржаны» ЖШС-де шөп дайындау ісімен айналысуда.

Су тапшылығы егіс көлемін азайтқан
Есепті кезеңде ауылшаруашылығы саласында 4,4 млрд теңге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда 2,7 пайызға өскен. Жыл басынан бері бұл салаға 403,2 млн теңгеден астам субсидия төленіп, 38,7 млн теңге инвестиция тартылған.
17 090 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Судың тапшылығына 595 гектар межеленген егіс көлемінен кеміген. Аудан әкімі 340 га жаздық бидай, 135 гектар жүгері, 70 гектар мақсары, 50 га күріш егілмей қалғандығын жетікізді. Алайда тығырықтан шығар жол тапқан «РЗА» АҚ-ның су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық дақылдар өсіру жобасы маңыздылығын көрсетті. Рзалықтар 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері дақылын еккен.
Солай бола тұра экспортта іркіліс жоқ. Ағымдағы жылдың 6 айында ауданнан Ресей, Украина, Қырғызстан, Ирак, Тәжікстан, Монғолия елдеріне 1678,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жіберілген.
Аудан әкімі хабарламасынан мал шаруашылығындағы төрт түліктің барлық түрінде өсім барын білдік.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 6 айда 34 жеке кәсіпкер 180,8 млн теңге несиеге 456 бас мал сатып алған.
Сонымен қатар, 28 шаруа қожалық 411,8 млн теңге несие алып, 1870 бас малға тапсырыс берген.

Баспанаға бетбұрыс бар
Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан түйспейді. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрындар саны жыл өткен сайын көбеюде.
Бүгінгі күні инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 306 адамға жер берілсе,10805 тұрғын жер алу кезегінде тұр.
Сонымен қатар, баспана мәселесін шешу үшін біршама жобалар қолға алынған. Мәселені шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 млн теңге қаржы қаралған. Аталмыш қаржыға көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алу жоспарланған.
Жыл басынан бері17 314 шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы бой көтеріп, өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға артық орындалды.

Су тартылып, көгілдір отын жетікізіледі
Жыл басында Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарындағы тұрғын үйлері сервистік ауыз су желісіне қосылған. Сондай-ақ жалпы құны – 2,5 млрд теңгені құрайтын Байқожасу құбырын қайта жаңғырту жобасы дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған. Мәселе оң шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральдық желі тартылып, жол бойындағы 6 елді мекенге де ауыз су бармақ.
Көгілдір отынның игілігін көріп отырған Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылының қатарына жыл соңына дейін Қазалы қаласы қосылмақ. Жоспар бойынша алдағы қыста 5 582 қала тұрғыны табиғи отын түрін пайдаланып, көмір мен отын жару, жағу бейнетінен арылмақ. Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттарын дайындап, сараптама қорытындысын алуға қаржы қараған.
Аудан жұртының «бас ауруына» айналған жолдар жайы да брифингте қаузалмай қалмады. Соңғы жылдары аудан, ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы біршама дұрысталған.
2021 жылы бөлінген 3,1 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 64 шақырым мен елді мекенішілік 33 көше жөнделсе, 18 көшенің жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілетін күн жақын. Өткен жылдан басталған қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары өз нәтижесін берсе, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен екі көше қайта жаңғыртудан өтіп, Аймақаш мөлтек ауданынан автомобиль жолы салынған.
Үш жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы аяқталмақ.
«Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейітке» дейінгі жолдардың жөндеу жұмыстары бітпек. Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 км жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралған. Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыстан би – Майдакөл – Түктібаев және Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерін байланыстыратын 64 шақырым жолды жөндеу үшін 5 жоба дайындап, қаржыландыру үшін автомобиль жолдары комитетіне бюджеттің өтінімі тапсырылған.
Аудан әкімі М.Оразбаев: «Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы сапасын 2021 жылдың қорытындысымен 75,6 пайыздан 80,3 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді тілшілерге берген сұхбатында.
Үстіміздегі жылы жоба құны 233 млн теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 93 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ ауданда анықталған 9 көпірдің техникалық жағдайы назарға алынып, жоба алды іздестіру жұмыстары жүргізілген.
2021 жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 млрд теңгені құрап, көрсеткішіміз 2,2 есеге көбейді.
Аудан бойынша 3,8 млрд теңгеге 12 нысанның құрылысы жұмысын жалғастырса, олардың 5-уі пайдалануға берілген.

Жұмыссыздықпен күрес – елге қосылған үлес
«Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету – біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет», – деген Мұхтар Әуесұлы жыл басынан бері экономиканың түрлі саласында 1 578 жаңа жұмыс орны ашылғандығын жеткізді. Оның 609-ы тұрақты болса, өткен жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға тұрақтаған.
83 адам жастар тәжірибесіне, 835 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген. Жыл басынан бері 6 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде жәрмеңкеге 195 жұмыссыз адам қатысып, одан 80 адам тұрақты жұмыс тапқан.
Аудан халқының 23,7 пайызын құрайтын жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды iске асыруға 21,5 млн теңге жұмылдырылған. Қаржы жастар арасында мәдени, спорттық шаралар, акциялар мен семинар-тренингтерді көптеп ұйымдастырумен бірге, жұмыссыздық пен қылмысты азайтуға бағытталған.
«Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жетерлік. Уақыт ағымынан, заман көшінен кейіндеп қалмас үшін осы міндеттерді тиянақты жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндіктер бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатын болады», – деген аудан басшысы М.Оразбаев тындырылған тірлікпен бірге, түйіні тарқамай, кезегін күткен ауылдарға скважина қазу, газдандыру мәселелері барын да жасырып қалмады.
Әр жаңалықты жатсынбай қабылдап, ел ағаларына үмітін жалғаған қазалылықтар ертеңінен атқарылған жұмыс, жақсы нәтиже күтеді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


24 шілде 2021 ж. 433 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 43

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930