Қараусыз балаға қатер көп
«Өмірдің бір қызығы бала деген», «Балалы үй – базар». Бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні – бала. Ол отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Алайда соңғы уақытта ата-ана қарауынсыз, оқыс оқиғаға тап болып жатқандар жайлы жиі естіп жүрміз. Оның жартысы сәті түсіп табылса, қалғаны жөнінде мүлдем хабар-ошар болмайды. Сорақысы сол, табылған балғындардың тең жартысын ата-анасы жансыз күйінде құшақтайтыны. Бүгін осы мәселе төңірегінде саралап көрелік.
Пайдалы портал керек
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың, АҚШ-та 1,5 миллион, Ресейде 15 мыңға жуық бала із-түзсіз кетеді. Ал Қазақстан аталмыш елдерден халық саны жағынан әлдеқайда төмен сатыда тұрса да, балалар мен жасөспірімдердің жоғалу көрсеткіші кем түспей тұр. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала хабар-ошарсыз кетеді екен.
Бүгінде ата-ана баласын көзден таса қалдырудан қорқады. Өйткені елімізде балалар мен жасөспірімдердің дерексіз кетуі, зорлық-зомбылыққа тап болу дерегі тыйылмай тұр. Өкінішке орай, біздің қоғамда жоғалған балаларды іздеп табу тек тәртіп сақшылары мен туған-туыстарының шаруасы деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл қате түсінік. Кейбір дамыған елдерде бала жоғалса, оны табуға азаматтық қоғамның елеулі бөлігі жұмыла кірісіп жатады. Мәселен, 2007 жылы Португалияда үш жасында жоғалған ұлыбританиялық Мадлен Макканның есімін бүкіл Еуропа біледі. Егер кішкентай қызды полиция қызметкерлері ғана іздеп әрі бұл туралы бірді-екілі ақпарат құралдары ғана хабар таратқанда, дерексіз кеткен балалардың тағдыры жайлы көп адам хабардар болмас еді. Азаматтық қоғам мен интернет қолданушылар ұшты-күйлі кеткендер жөніндегі ақпаратты қолдап шықпаса, Мадленнің және сол сияқты өзге де жеткіншектердің ендігі тағдыры туралы ойлаудың өзі қорқынышты.
2014 жылдың 14 мамыры күні өткен Еуропа Лигасының матчында интернет қолданушылардың бірі футбол жанкүйерлерінің арасында отырған кішкентай қыздың Мадлен Макканға ұқсайтынын байқап қалады. Сөйтіп ITV4 телеарнасының кадрын суретке түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаған. Сурет тез арада қолданушылар арасына тарап, бұл қыздың қаншалықты Мадлен болу мүмкіндігі туралы мәселе қызу талқыға түседі. Жергілікті ақпарат құралдары жоғалып кеткен қыздарының тағдырына қоғамның осыншама назар аударуы ата-анасына дем бергені туралы жарыса жазды. Бізде Мадлен сынды із-түссіз кеткен бүлдіршіндер көп болғанымен, олар туралы көпшілік біле бермейді. Мамандардың ойынша, бұл көп жағдайда әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс пайдалана білмеудің және жоғалған баланы іздестіру амалдарын білмеудің кесірі көрінеді. Елде әлеуметтік желі қолданушылардың саны өскенімен, дерексіз кеткен балғындарды іздеуге, олар туралы мәлімет таратуға қатысты азаматтық қоғамның белсенділігі төмен. Қайсыбір жылы Алматы тұрғыны Александр Нам еріктілермен бірігіп, жоғалған балаларды іздестіруге арналған poiskdetei.kz сайтын ашты дегенді естігенде сең қозғалды деп қуанған жұрт. Алайда қаржылай қиындықтардың салдарынан портал көп ұзамай жабылып қалды.
«Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен...»
Жылдың басталғанына көп уақыт бола қоймаса да, 6 айдың ішінде із-түзсіз жоғалған сәби, суға кетіп көз жұмған бүлдіршіндер зорлық-зомбылық көрген өскіндер жайлы жайсыз хабардың талайын естіп үлгердік. Күн сайын әлемжеліге түскен «бала жоғалды» деген ақпараттан көз сүрінеді.
Бұдан бөлек өткен жылдың аяғында №165 мектептің оқушысы хабар-ошарсыз кеткенін Қазалы халқы ұмытпаған болар. Әуре-сарсаңға салған өскін түс әлпетінде үйінен шығып, ертесіне таң ата табылды. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сабыла іздеген болатын. Абырой болғанда бала дін аман. Аудандық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Олжас Қожахметовтың айтуынша, ел ішінде бала жоғалу туралы факт аз тіркелетін көрінеді.
– Аталған мәселе бойынша жыл басынан ешқандай дерек тіркеле қоймады. Алайда олай болмады деп қол қусырып қарап отыруға болмайтынын біліп, жүктелген жұмыс бойынша шараларды үнемі ұйымдастырып отырамыз, – дейді бөлім басшысы.
Одан бөлек көбіне аудандағы із-түзсіз кеткен балғындар компьютер клубы мен ойын-сауық кешенінен табылатынын жасырмады полиция қызметкері.
Бүгінгі бүлдіршіндердің ұялы телефоннан таңнан кешке дейін бас алмайтынын несін жасырамыз. Баланың көңіліне қараған ата-ана бар тілегін орындап, тыныштығын қалайды. Осыған қатысты жақында қызықты дерекке көз түскен болатын. Онда 2010 жылдан 2025 жылдар аралығында дүниеге келетіндерді «альфа» ұрпақ дейді. Статистикаға қарасаң, әлемде әр апта сайын 2,5 миллион аталған ұрпақ дүниеге келеді екен. Ал 2025 жылы олар жер шарында 2,5 миллиард болады деген.
Жоғарыда атап өткендей, дәл осы альфа ұрпақтардың әке-шешені тыңдамай кететіні, тамақ емес телефон сұрайтыны, жиі ашуға берілетіні біраз отбасында айтылып-ақ жүр. Бірақ кәсіби мамандар бір нәрсеге қатты алаңдайтындықтарын ашып айтты. Альфа балалардың эгоист болып өсу қаупі жоғары, тілегі тез орындалмаса тосын әрекеттерге оңай бара салады. Бұл – балалар үшін өте қауіпті құбылыс. Расында, кейбір аргументтерге келіспеске болмайды. Қазіргі біздің үйде жүрген кішкентайлардың ой-сана психикасы осыны еске түсіреді. Осы мәселеге байланысты психолог Динара Болат әрбір ата-ана балғынмен міндетті түрде жеке отырып пікірлесу керек екенін айтады.
– Қазір телефон арқылы ойнайтын ойынның түр-түрі шықты. Оған тәуелді болған бала әрбіріміздің үйімізде бар. Негізі даму барысында бала алдымен вертикальды байланыстарға сүйенеді, ол толығымен ата-анасына немесе отбасының басқа мүшелеріне тікелей қатысты. Ана баласына мейірін төгіп, махаббатын арнаған соң әкеге қарай ауа бастайды. Әкесімен байланыс орнатқан соң, ата-әже, бауырларымен қатынас түзейді.
Бала өсіп, есейген сайын құрдастарымен қарым-қатынаста болуды қажетсінеді. Ептеп достар шеңберін құру арқылы қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Өтпелі шақта жасөспірім әке-шешеге қарағанда құрдастар-құрбыларына көбірек көңіл аударады. Бұл – заңдылық, – дейді психолог.
Бала қауіпсіздігіне келгенде шылбырды бос қоюға болмайтынын ата-ананың ұғатын кезі жетті. Өйткені елдің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі оқиға баланы бақылаусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін сан мәрте көрсетті.
Тілсіз жауға тоқтам керек
Жаз мезгілі басталды дегеннен суға түсуге асығатын жасөспірімдер қатары артатыны белгілі. Дегенмен көбіне арты қайғылы оқиғаға әкеліп жатады. Жалпы Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық адам суға кеткен, көз жұмады екен. Оның басым бөлігі балалар. Шомылу маусымында көл не дарияға шомылуға барған балғындар үйіне оралмайды. Көрсеткіш жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес. Әсіресе соңғы кездері ауданның өзінде осы тұрғыдағы жағдайлар көптеп орын алуда.
Жуырда ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов жыл басынан бері бүгінге дейін 34 бала суға тұншығып мерт болғанын айтқан еді.
Бұл жөнінде бүгінгі күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері де қол қусырып отырмағанын білдік. Қазір олар жасөспірімдердің терезеден құлауы және суға түсуі бойынша қажетті шараларды қолға алуда.
– Қазіргі таңда елімізде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынуда, сол себепті балғындардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаған жөн. Олардың қатысуымен көптеген қайғылы жағдай орын алуда.
Оған дәлел облыста ауа райының жылынуына және балалардың ата-аналарының қарауынсыз қалуына байланысты көпқабатты үй терезелерінен, балкондарынан құлап кету оқиғалары көбеюде.
Жақында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша 2018-2021 жылдар аралығында балалардың көппәтерлі тұрғын үйлердің балконы мен терезелерінен құлауына байланысты болған жазатайым оқиғаларға талдау жүргізді. Ата-аналардың немқұрайлы қарауы себебінен ағымдағы жылы 5 айдың өзінде облыс бойынша балалардың терезеден құлауының 5 фактісі тіркелді. Ал судағы қауіпсіздік бойынша 2021 жылғы 3 наурыздағы ТЖМ №107 бұйрығының қағидасына сәйкес төтенше жағдай болып 8 адам тіркелсе, оның 4-уі жас балалар. Атап айтсақ, балық аулау кезінде 2, қайықтан құлау 1, суға шомылу кезінде 5 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,4 процентке көбейіп отыр, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алтынбек Қалиев.
Байыбына барсақ, барлығы баланың тілазарлығына, әке-шешенің ұл-қызына көңілжықпастығына келіп тіреледі. Соның салдарынан арты қайғылы оқиғаға ұласып жатады.
– 5 ұлым бар. Бірінен соң бірі ержетіп келеді. Жас болған соң ара-тұра достарымен балыққа барып, демалыс ұйымдастыратынын айтады. Жанындағылардан қалмасын деп, көңілін қимай рұқсат беріп, артынша тілеуін тілеп отырамын. Қате аяқ астында, абай болып жүруін өтініп, Аллаға аманаттайсың. Жуырда Арал ауданына қарасты Қосжар елді мекенінде екі баланың көлге түсіп, тұншығып көз жұмғанынан хабар алдым. Бала тәрбиелеп отырған соң уайымға салынып қаласың. Ана үшін көзі тірісінде баласының қазасын естігеннен ақырет бар ма?! – деді кент тұрғыны, көп балалы ана Сәуле Жарасқызы.
«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, қанша жерден ана мен әке баласын бақылауда ұстап отырмыз дегенмен, сыртқа ойы ауған жасқа тұсау салып қоя алмасы анық. Сондықтан ата-ана ең бірінші оған оқыс оқиғаға дайын болу керектігін үйреткені артық болмайды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК