Аудан әкімі егістіктерді аралады
Дәл қазір несібесін жерден терген диқандар қауымы үшін жұмыстың нағыз қызған шағы. Күн жылынып, жер арқасы жібіген шақтан шаруалар тамшылата тер төгіп, егіс алқаптарында таң сәреден, кеш батқанша еңбек етуде.
Қазалы ауданының диқандары биыл 6137 гектар жерге күріш екті. Қазіргі таңда күріштікті суға бастыру жұмыстары аяқталуға жақын қалды.
Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Ақтан батыр, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев, Қожабақы, Бірлік және Жанкент ауылындағы күріштік алқаптарға барып, диқандар қауымымен кездесті.
Аудан басшысы «Сыр маржаны» ЖШС, «Рза – Агро» ЖШС, «Ақмаржан» шаруа қожалығы, «Агро – Өркен» ЖШС, «Алшын» ЖШС, «Мерей» шаруа қожалығы, «Жанкент – Агро» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралап, шаруалармен тілдесті.
Егістік басында шаруашылықтың басшылары аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа күріш егу барысымен таныстырып, Сырдария өзеніндегі су мәселесі алаңдататынын жеткізді.
Облыстық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев әлі де су тапшылығы орын алып отырғанын айтып, өзінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алдағы уақытта да аудан көлемінде атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстары мен күріштік алқаптарын суару жұмыстары күн тәртібінен түспей, бақылауда болатынын жеткізді.
Сондай-ай, орын алып отырған қиындықтардың алдын алу үшін тиісті сала басшыларына шұғыл шешімдер қабылдап, қатаң бақылауда ұстау жөнінде арнайы тапсырма берді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат