Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда жасалған

Қазалыда жасалған

Жасыратыны жоқ, жеке кәсіпкерлік тұтынушыға өзіміздің өнімді ұсыну кең қанат жайып келеді. Бәсекеге қабілеттілік – брендте.
Ақпарттық қолдаудың арқасында, қазақстандық заттарға деген сұраныс көбейіп, танымалдылығы мен сапалылығы артты. «Қазақстанда жасалған», «Қазалыда жасалған» деген арнайы белгіні қою арқылы миллиондаған тұтынушы кәсібінен нәпақа тауып отырған жерлестерін таныды. Бұған дейін күнделікті қолданып келген сүттің ресейлік немесе белорустық емес, ауданнан шығатынын білдік. Басқа қалаға қыдырып барсаң, сұрайтыны – «Қазалы» кәмпиті. Міне, осылай бизнеске бағыт алған заманда қай өнім ауданның келбеті бола алады?
Шет мемлекеттерге танылып үлгерген Қазалы кәмпитін өндіруді Қазбергеновтер бастаса, бүгінгі күні кәсіпкер Сандуғаш Әбілқасымқызы да цех ашып, өз алдына бизнесін жандандырып отыр. 2018 жылы тек жалбыз, барбарис, бор кәмпит, аралас кәмпит түрлері жасалса, жаңа цех оның 8 түрiн шығарады. Жалбыз (ащы), pоkс, барбарuс, coлoмкa, лuмон, шоkолад, апельсuн, дюшеc секілді түpлеріне сұраныс артып, Қазақстанның өзге қалаларына да таралуда.
2020 жылы «Бастау бизнес» курсын оқыған кәсіпкер 555 600 тенге грантқа қол жеткізіп, цехқа керек жабдықтарды сатып алған. Мұнда тәулігіне 150 келі тәтті дайындалады екен. Сұраныс артқан сайын өнім көлемі де артуда. Брендке айналған кәмпит әр қазақтың үйінен табылады.
Жаңадан ашылып, көпшілікке танылып үлгерген тағы бір өндіріс – «Томпи» попкорны. 2018 жылдан бастап кәсібіне кіріскен Бірлік ауылының тұрғыны Гүлсая Құтжанова: «Ауылда шағын азық-түлік дүкенім бар еді. Кішкентай балалар көп келеді. Олардың сатып алатын тәттілерінің бәрі ағылшынша, басқаша атаумен жазылған. Сондай кезде қазақша сөздер көп қой, бір әдемі аты болғанда деп күліп қоятынбыз.
Бір күні Шымкентте жолдасыммен қыдырып, кинотеатрға барғанбыз. Попкорн жеп отырып, кенет идея келді. Неге адамдар попкорнды тек кино көретін кезде ғана тұтынады? Неге осы театрдағыдай тәтті жүгеріні күнделікті өнім ретінде шығарып, дүкенге қоймасқа?! Екеуміз ойласып, осы идеяны жүзеге асыра бастадық», – дейді. Ерлі-зайыпты қос кәсіпкер ақылдаса келе, «Томпи» деп атауға шешім қабылдаған. Жүгерінің өзегі қалмай, томпиып жарылатынына қарап, әрі балаларға арналған өнім болғандықтан, атауға ыңғайлы деп осылай қойылған екен. 2018 жылы тек Қазалы, Арал, Байқоңыр қалаларына ғана таралған. 2021 жылы мемлекеттен қайтарымсыз 2,5 миллион теңге грант жеңіп алған соң қаптама аппаратына тапсырыс беріп, өндіріс көлемін ұлғайтуға көшкен. Енді «Томпи» Қызылорда, Астанаға тікелей таралады. Мамырдың соңында қаптама жасайтын өндірістік аппарат әкелінсе, іс өрге басқалы тұр. Жүгеріні жаратын, араластырып, кептіретін үш аппаратқа енді төртіншісі қосылады. Яғни қаптама жасалып, тұтынуға дайын болады.
«Отбасылық кәсіпке айналған жүгеріні бүкіл республикаға тарату бір мақсат болса, «Томпиды» кейіпкерге, брендке айналдырып, тек балаларға арналған басқа да өнімдерді шығару екінші мақсат», – дейді жас кәсіпкер.
2010 жылы Самұрат Имандасовтың бастамасымен ашылған «РЗА-Асыл түлік» ЖШС қазіргі таңда бүкіл Қазақстан аумағын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Венгриядан алты жүзден астам голштиндік-фриздік сиыр Қазалы ауданына жеткізіліп, кәсіп өрге басқан. Мал шаруашылығының кешені заманауи еуропалық жабдықпен жабдықталған. Кешеннің барлық процестері автоматтандырылған, сүт сататын дүкен тұтастай компьютерлік жүйеге құрылған, тіпті оның өнімділігі жоғары болуы үшін Моцарт пен Вивальдидің музыкасын да қосып қоя аласыз. Қызықты мәліметті ескеру керек, сиырлар классикалық музыканы жақсы көреді.
Біртіндеп шаруа қожалығында малдың саны артты, қазіргі кезде шаруа қожалығы «Рза-Сүт» ЖШС сүт өңдеу кешенін ұсынады. Кешен іс жүзінде шаруа қожалығын құруымен бірге қалыптасты.
Мұнда неміс және итальяндық желілер орнатылған. «Дәмді» тауар белгісімен ­пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, май шығарылады. Кәсіпорын дәстүрлі қазақ құртымен де танымал. 2011 жылы осы кәсіпорын өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жүлдегері атанды.
Адамды киіміне қарап қарсы алса, елді брендтеріне қарап таниды. Өзіміздікін сатып алу арқылы біз тек ел экономикасына көмектесіп қана қоймай, жас өндіруші, кәсіпкерлерге қанат бітіріп, шабыт сыйлаймыз. Мен, сен, бәріміз үшін де отандық өнімді қолдау басты назарда болуы тиіс.
Дина БӨКЕБАЙ
18 мамыр 2021 ж. 970 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930