Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «қашқанкөл» «қамбаштай» бола ма?

«қашқанкөл» «қамбаштай» бола ма?

Қамбаш суының қайтқаны туралы хабар тек Арал мен Қазалы халқы үшін емес, тұтас өңір тұрғындарына ауыр тигені рас. Жаз түссе жағасына жетіп баратын тұрғындардың жолы былтыр карантин салдарынан жабылған еді. Биыл да жағдайы мәз емес секілді. Әсіресе, демалушыларға қызмет көрсетіп, отбасының нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлерге обал. ­Жауапты азаматтар көлдің бұрынғы келбетін қайтарамыз деген-ді. Ол үшін облыс әкімдігінің жұмыс жоспары жасалғанын да айта кетейік.
Бүгінде ауданда табиғат аясындағы демалыс орындары кемде-кем. Көпшілік дарияның жағасы мен ағашы бар орындарға барып демалып қайтатынын жасырын емес. Бірақ бұл қиындықтың жүгі жақын арада жеңілдейді. Өйткені Әйтеке би кентінен жеті шақырым қашықтықта орналасқан «Қашқанкөл» кешенінің құрылысы аяқталғалы тұр. Бейсенбі күні өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова нысанға арнайы барып, кәсіпкердің жоспарымен танысты. Көпшіліктің сұранысын елеп-ескеріп, алдына талап қойған Бақытбек Ерхатов есімді азамат жағажайдағы демалыс орнының құрылысына 400 миллионға жуық қаржы жұмсайтынын айтқан. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы кәсіпкер қадамына қолдау көрсетіп, 70 миллион теңге жеңілдетілген несие берген. Кешенде тамақтану орны, автотұрақ, монша, шағын маркет пен қонақ үй қарастырылған. Соның арқасында кәсіпкер 30 адам жұмыспен қамтылатынын айтты. Негізгі жұмыстың 90 проценті біткен жаңа кешен иесіне толағай табыс тілеген облыс әкімі жұма күні аудандағы өзге де маңызды нысандардың жұмыс барысын бақылады.
Қазіргі таңда су тапшылығы өңірде анық байқалып келеді. Осы мәселе төңірегінде толық хабар алғысы келген әкім Басықара ауылдық округінде орналасқан Ә.Тыныбаев атындағы Басықара су торабына келді. Мұнда аудан әкімі М.Ергешбаев көктемгі дала жұмысының барысынан хабар беріп, егістікті сумен қамту амалдарына тоқталды.
Жергілікті көпшілік су торабының іске қосылғанына 50 жылдан аса уақыт өткенін жақсы біледі. Жөндеу көрмесе де, әлі қуатты. Бір секундта 1000 куб суды өткізетін қауқары бар.
Гүлшара Әбдіқалықова көктемгі дала жұмыстарымен де танысты. Ауданның жалпы жер көлемі 3 миллион 700 мыңнан асады десек, оның үштен бірі ауыл шаруашылығына тиесілі. Тағы 1 миллион 600 мың гектары төрт түліктің жайылымы саналады. 30 мың гектарды шабындықпен айналысатындар иемденген. Мұның бәріне су бармайтыны түсінікті. Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков суармалы жер көлемі 30 642 гектарды құрайтынын, тіршілік көзіне мұқтаж басқа аумақтарға да арна апаруға жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Есесіне аудан атқамінерлері жылда тапшылық байқалатын дизель отынын жеткізіп беруге жәрдемдескен. Екі айда мың тонна жанар-жағармай таратқаны мәлім. Шаруа адамдары литріне 200 теңгенің айналасындағы отынды 164 теңгеден олжалы қылғанын еске салайық. Бұл жергілікті ауылшаруашылық саласына көрсетіліп отырған қолдаудың бір парасы ғана.
Мұнан соң өңір басшысы «РЗА» АҚ-ның егіс алқабына барды. Жаңбырлатып суғару тәсілімен егіліп жатқан жүгері алқабынының жұмысын назарға алды. Қазір егіс алқабында Германиядан алынған құны 41,3 млн теңге тұратын дренажды құбырлар мен 25,7 млн теңгеге арнайы соқа және испандық «RAESA» компаниясының құны 206,3 млн теңгені құрайтын жаңбырлатып суару қондырғысы бар. Жаңа технология мамыр айында толық іске қосылып, мал азықтық дақылдар өсірілмек. Облыс әкімі жаңа жобаның бүгінде маңызы зор екендігін айтып, өзге шаруашылықтар да қолға алу қажеттігін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, ­Сырдария өзенінде су азайып кетті. Осыған орай біз ауылшаруашылық саласын әртараптандыруды қолға алдық. Суды көп қажет ететін күріш егісін азайттық. Сондықтан «РЗА» АҚ-ның бүгінгі қолға алған жобасы өте тиімді іс деп білемін. Өзге шаруашылықтар да осы жобаны қолға алса, ауыл шаруашылығында ілгерілеушілік болары сөзсіз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Қазалы ауданындағы сапары барысында өңір басшысы аудандық ауруханаға барып, ауданның «COVID-19» инфекциясына қарсы шараларын көрді. Аурухана дәрігеріне індетпен күрес жұмыстарын ұдайы назарда ұстау қажеттігін баса айтты. Вакцинациялау жұмыстарын да дер кезінде атқарып, халыққа түсіндіру шараларын кеңінен жүргізуді тапсырды.
– Қазір еліміз бойынша коронавирус инфекциясының таралуы қайта етек алды. Соңғы мәліметтер бойынша аймақта ең көп індет дерегі Қазалы ауданында орын алған. Сондықтан Covid-19 вирусына қарсы күрес шараларын күшейтуді қатаң тапсырамын. Тұрғындарға вакцина салу қажет екенін жан-жақты түсіндіріңіздер. Індетті тоқтатудың барлық шараларын қарастырыңыздар, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сол жаға магистралды каналы жанында Әйтеке би-Қазалы аралығындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасы әкім назарына ұсынылды. Жоба аясында автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темір бетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңарту, жарықшам мен аялдамалар орнату жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған, ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығына барып, «Жол картасы» бағдарламасы аясында жасалған жөндеу жұмыстарымен танысты.
Мұнан соң облыс басшысы бастаған делегация Сырдария өзені арқылы өтетін «Қарлаң» учаскесіндегі қалқымалы көпір жұмысын көрді. Аудандық маңыздағы және елді мекенішілік жолдардың жағдайымен стенд арқылы танысты. Қазіргі таңда бұл аумаққа темір бетон көпір салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жобаның жалпы құны 4 536,5 миллион теңгені құрайды.
Өңір басшысы осы сапарында Өркендеу ауылдық округіндегі Көне Жанкент қалашығын да назардан тыс қалдырмады. Жанкент қалашығы Қазалы ауданындағы республикалық санаттағы археологиялық ескерткiштердiң бiрi. 2018 жылы жалпыхалықтық маңызы бар киелі орын санатына енгізілді.
Жалпы аумағы 45 гектар жерді қамтиды. Қалашыққа 2005 жылдан бастау алған зерттеу жұмыстарымен қоса 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің арасындағы келісімшарт негізінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы республикалық бюджет есебінен, қорғанның оңтүстік-шығыс қабырғаларына қайта жаңғырту (реставрация) жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Әйтеке би кентіндегі жылыжай жұмысымен де танысты. Жылыжай иесі нысанды өткен жылы іске қосқан. Кешен негізі 6 секцияға бөлінеді. Қазіргі таңда 4 секциясы салынып, көкөніс өнімдері өсірілуде. Алдағы уақыттарда 2 ­секцияны салу көзделуде. Жобаның жалпы құны 40 миллион теңгені құраған.
Кентте балық қалдықтарынан жем өндіру цехының құрылысы жүруде. Жоба құны 100 миллион теңге деп есептелінген. Қазіргі таңда цехқа қажетті құралдар алынған. Өндіріс осы жылы іске қосылмақ. Жылына 1056 тонна балық ұнын өндіреді деп жоспарлануда. Ең бастысы, цех жұмысы басталғанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 сәуір 2021 ж. 1 705 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930