Облыс әкімі «Ақмешіт-Сырдария» мешітіне автокөлік сыйлады
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Ораза айт» мерекесіне орай орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітіне барды. Өңір басшысы мешіттің жұмыс тәртібімен, «Діни кеңес беру орталығы» және «Шебер әйел қолөнер орталығының» жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды «Ораза айт» мерекесімен құттықтап, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Абуовке қызметтік автокөлік сыйлады.
«Рамазан айында жасаған ізгі амалдарыңыз қабыл болсын және бүгінгі Ораза айт мерекесі құтты болсын. Ораза айт мерекесі – барша мұсылман қауымын бейбітшілік пен бірлікке, мейірімділік пен адамгершілік құндылықтарға үндейтін мейрам. Рамазан айында Сыр еліндегі ерікті азаматтардың жасаған қайырымдылық шараларына куә болдық. Бұл ислам дінінің – жамандықтан қайтарып, жақсылыққа бастайтынын көрсетіп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Абуов Болатбекке қызметтік автокөліктің кілтін табыстауға рұқсат етіңіздер. Мерекеге орай тарту етілген темір тұлпар игі істеріңізге жарасын! », - деді өңір басшысы.
Өз кезегінде аймақтың Бас имамамы облыс әкіміне Рамазан айында көрсетілген ізгі амалына алғыс білдірді.
Айта кетейік, биыл карантин режиміне сәйкес айт намазы мешітте оқылмайды. Мүфтият қазақстандықтарды бұл мерекені үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.
Қызылорда Облысының Әкімдігі